ЕЛ МЕН ЕРДІҢ ТАҒДЫРЫ БІР

Елбасының журналист Сауытбек Абдрахмановпен сұхбатынан тұратын «Өмір өткелдері» кітабының рухани шыңдалуға көмектесетіні сөзсіз. Оны оқыған әр адам Президенттің өмір жолынан үлгі алып, өзі де соған еліктеуге тырысары кәміл. Өйткені, Алатау баурайындағы шағын ауылдан шыққан бозбала алдына үлкен мақсат қойып, арман шыңына беттейді. Осы жерде Елбасының ата-анасы берген тәрбиенің де үлкен рөл атқаратынын сезіндік. Себебі, балаға отбасында берілген мейірім мен жылуға дүниеде ешнәрсе де жетпейді. Сондықтан, «Өмір өткелдері» кітабын баласының болашағын ойлаған әрбір әке мен шеше оқуға тиісті. Кітап ешбір жалықтырмайды, қайта журналистің берген сұрақтары оқырманды қызықтыра жетелеп отырады.

 

Елбасының балалық шақтағы әр оқиғаны ұмытпай, көңіл күнделігінде сараптап, жүрек түкпірінде сақтап келгенінің өзі қандай! Осыдан-ақ сезімтал, ақынжанды, өзіне-өзі жоғары талап биігінен қарайтын, қиындыққа мойымай алға ұмтылатын қасиеттері танылады. Ата-анаға, туған бауырға, достарға деген Нұрсұлтан Назарбаевтың сүйіспеншілік сезімі жастарды да осы бір жылдар өткен сайын адамзат баласының бойынан жоғалып бара жатырған сезімдерді қастерлеуге баулиды.

 Елбасы туралы кітаптар көп болғанымен, «Өмір өткелдері» кітабының алатын орны ерекше. Бұл – жан дүниесі үйлескен екі адамның сырласуы, ой бөлісуі, рухани бірігуі. Осы арқылы Елбасының ұлтын болашаққа бастайтын ұлылығы, елінің ертеңі туралы толғаныстары көрініс тауып, жастарды мақсатшыл болуға үндейді. Туған жерінің әр белесі, өзені мен көлі, тауы мен жазық даласы Елбасына сарқылмас рух беріп, ата-бабаларымыз мыңдаған жылдар арман еткен тәуелсіздіктің тұғырын берік ету жолында еңбектенуі үшін мойымас жігер берген тәрізді. Әр адам өзі туған жерді Президентіміз сияқты қастерлеп, кіндік кесіп, кір жуған атажұртына деген махаббатын жайып салып отырса, әлем экологиялық зардаптарды бастан кешпес еді деп еріксіз ойлайтынымыз рас. Елі мен жұртын ардақтаған Нұрсұлтан Назарбаев перзент ретінде туған халқын тарихтың бетінде жарқын ізбен қалдыру мақсатында еңбектеніп, бар ғұмырын арнап жүргенін көріп отырмыз. Содан да болар, Кеңестер одағы ыдырап, еліміз егемендік алған тұстағы өтпелі қиыншылықтарды жойып, бүгінгідей дәулетті де, сәулетті мемлекет қалыптастыру үшін қаншама түнін сарп еткенін, қаншама күнін оймен өткізгенін жан жүрегімізбен түсінеміз. «Өмір өткелдері» Елбасының өмір жолы ғана емес, қазақ халқының да тарихтың өткелдерінен өту жолы деп санағанымыз жөн. Өйткені, ел мен ердің тағдыры қашан да бір болған. Сол бір тұста халықты көсем болып алға бастаған оны кейбір адамдардың түсінбегені, қарсы шыққаны да рас. Бірақ, тарих олардың қателескенін, Елбасы жолының дұрыс екенін бір емес, бірнеше мәрте дәлелдеді.

 Нұрсұлтан Назарбаевтың елді болашаққа бастайтын «Қазақстан 2030» стратегиялық жобасының дұрыстығы дәлелденді. Енді «Қазақстан –2050» стратегиялық бағдарламасы ел алдына жаңа міндеттер жүктеді. Қарапайым жұмысшы ортасынан шыққандықтан, Елбасы қарапайым еңбек адамының мұқтажын түсінеді. Өзі де ауылда өскендіктен, ауыл адамдарынан көмегін аямайды. Ата-анасы ауыл еңбеккерлері, көп балалы отбасы болғандықтан, көп балалы отбасыларды аялап, жетім мен жесірді қолтығынан демейді. «Өмір өткелдерінен» ұққанымыз – осы.

 Сонау 1991 жылы Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті болып, халық қалап сайланған Елбасы сол кезде биліктің Мәскеуде екеніне қарамастан, елдің болашақ бағытын айқындайтын жобаларға батыл түрде қол қойды. Соның бірі – Семей полигонының жабылуы, дүние жүзіне ядролық қарудан бас тарту жөніндегі мәлімдемені жасауы. Осыдан-ақ оның адамгершіл саясат ұстанғаны айқын болды. Олжас Сүлейменов бастаған «Невада-Семей» қозғалысын қолдауы да – әлемде бейбітшілік орнату жолында тағы бір саясаткердің әлемдік аренаға шыққанының дәлелі.

 Ешқандай өндіріс орны жоқ елдің тұңғыш Президенті болып, оған инвесторлар тарту, өндіріс ошақтарын тұрғызу жолында жұмыстану, әрине, оңай емес. Сонымен қатар, Сарыарқа төсіне Қазақ елінің астанасының негізін қалауы да көрегендіктің белгісі. Кітапта бұл туралы да жақсы айтылған.

Бір сөзбен айтқанда, жас ұрпақты тәрбиелеудің нағыз құралы, таптырмайтын рухани нәр – «Өмір өткелдері». Оны 1-қыркүйектен бастап, мектептерде жүйелі түрде жоспарлап, оқу кестесіне қосып, жылдың аяғына дейін пән ретінде оқытса, әр бала Президентке еліктеп өсер еді. Асқақ арманға қол созар еді. Көп адамға үлкен сабақ беретін бұл кітапты әр мекемеде де оқытып, талдау керек дер едім. Сонда, қоғамға пайдалы адам саны көбейе түсер еді.

Анар ЖАҚСЫМАНОВА, Атырау қалалық провациялық қызмет бөлімінің инспекторы, әділет аға лейтенанты.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз