Жарнама
Қоғам

ЕРЛІК ЕШҚАШАН ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

Онда «Мен, Елеусов Жәнібек Ахатұлы, 1925 жылы 20 шілдеде Алтай өңірінің Таулы автономиялық облысының Усть-Кан ауданындағы Турат ауылында дүниеге келгенмін. Әкем Елеусов Ахат кедей, шаруа отбасында дүниеге келген. Колхозда жұмыс істеп, «Стахановшы» мақтау қағаздарымен марапатталған. Анам Елеусова Қансұлу үй шаруасында. Ата-анам 1963 жылдары қайтыс болды. Өз еркіммен майданға арыз жазып, 1943 жылдың 9 ақпанында Қызыл Армия қатарына қабылданып, осы жылдың 15 ақпанында Барнаулға келіп, 30 ақпанында әскери мектепке емтихан тапсырып, сол мектептің 1 батальон, 13 ротасы, 2 взводына қабылдандым» деген өз Отанын опасыз жаудан қорғау үшін майданға аттанғандығы туралы жазылған естелігінде.

1943 жылы Москва түбіндегі 25 полк, 4 взвод, 4 ротасының 2 батальонның пулеметшілер бөлімінің командирі болып соғыста ерлік көрсетіп, Десна, Днепр, Припять өзендері үшін болған ұрыстардағы шайқасқа қатысты. 

1943 жылы 22 қыркүйекте Днепрден өту үшін болған шайқаста Кеңес Одағы Жоғарғы Президиумының 1943 жылғы 16 қазандағы Жарлығымен оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Майданда 1944 жылға дейін болып, Дубно қаласының маңында қатты жараланған Елеусов емделіп шыққаннан кейін тағы да майданға аттанады. Кейінірек майданнан шақыртылып, Қазан қаласына оқуға жіберілді. Сол жерден Житомир әскери училищесін аяқтап, 1946 жылдан бастап бөлім командирі және мұғалім қызметін атқарды. Кейін сырқаттануына байланысты Кеңес армиясы қатарынан шығуына тура келді. 1946 жылдың 1 қыркүйегінде еліне оралып, 1948 жылға дейін Усть-Кан ауданында Жоғары Бело-Ануй ауылындағы мектепте мектеп директоры қызметін атқарады.1948 жылы еңбекші депутаттары ауылдық кеңесінің төрағасына сайланады. 1951-1956 жылдар аралығында жеті жылдық Қырлық мектебінің директоры болады. 1956 жылы денсаулығына байланысты Қазақстанға келіп, 1959 жылға дейін Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданындағы Ленин атындағы мектепте директор болып жұмыс жасайды. 1960 жылы денсаулығына байланысты жұмыстан босатылып, Алматы қаласына келеді. 1963 жылы Алматы қаласында академик Салық Зимановтың қарындасы Дина Зиманқызымен отау құрады. Сол жылдары Гурьев (Атырау) қаласына көшіп келеді.

1964 жылдан бастап 1972 жылға дейін облыстық ДОСААФ қоғамының спорттық атқыштар клубының бастығы және Ы.Алтынсарин атындағы №11 орта мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінен дәріс беріп, оқушыларды әскери істің қыр-сырына үйретеді. Тағдыр талқысымен Атырау жеріне келіп қызмет еткен жылдарындағы аз ғана уақыттың ішінде көптеген қызметтер атқарғандығы туралы айғақтайтын құжаттар Атырау облыстық өлкетану мұражайының қорынан табылады. Кеңес Одағының Батыры Қ.Смағұловпен және мектеп оқушыларымен ерлік сабақтарын өткізген тарихи ескі суреттері, жеке фотосуреті, «За отвагу» медалімен марапатталғандығы, майдандастарынан келген құттықтау қағаздары және 1943 жылы Кеңес Одағының Батыры атағын алғандығы туралы куәлігінің көшірмесі, т.б жәдігерлер мұражай қорында сақталған. Осы уақытқа дейін батырдың ерлігі туралы дұрыс насихатталып келген жоқ. Газет  беттеріне  шыққан аз  ғана  мақалалары, болмаса, оны ешкім тани бермейді.

Оның көзін көрген, бірге қызметтес болған ардагерлер батыр жайлы жиі еске алып, «Артық сөзі жоқ, барынша қарапайым болатын» дейді. Міне, алдағы уақытта батырдың құжаттары Атырау облыстық өлкетану мұражайының «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы» залындағы тоғыз Кеңес Одағының Батыры туралы экспозицияның жанынан табылып, бүгінгі ұрпаққа кеңінен насихатталуда. Батырдың ерлігі ұлықталып,ерлік сабақтары өткізіліп, бүктеме дайындалып, мұражай жанынан шығарылатын кітапшаларға енеді. Күні бүгін Атырау қаласындағы бір көшеге оның есімі беріліп, халық жадына мәңгілік оралды. «Ер есімі өлмейді» деген – осы.

Жанат  ЖЕТПІСБАЕВА,

  облыстық тарихи-өлкетану

мұражайының аға ғылыми қызметкері.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button