Еркеназ ҚАЛИЖАН: «КӨЗІМДЕ МӨЛДІР МОНШАҚТАР…»
Анашым
Тағы да тұрсың кейпіңмен нәзік ойымда,
Анашым, сенің бір мін жоқ тұла бойыңда.
Бар қайғы-мұңым ұмыт боп, ана, кетеді-ау,
Құмармен иіскеп, құлап бір жатсам қойныңда.
Шықса да шектен, еркелігімді көтердің,
Сырқат боп қалсам, қосыла бірге жөтелдің.
Басыңа небір тауқымет күндер түссе де,
Кетпедің мені қолына тастап бөтеннің.
Үйретіп білім, ақыл да құйдың санаға,
Анашым, сенің көңілің әркез балада.
Өзіңсіз, ана, тұрса да күнім жарқырап,
Жүректің сенсіз шуағы лаулап жана ма?
Табаның асты саналар кілті жұмақтың,
Орнын да басар өзіңсің кәусар бұлақтың.
Анашым, сенің ибалы нәзік көркіңмен,
Жүрекке жылы сөзіңді шексіз ұнаттым.
Отыр ма екенсің қазір де мені сағынып,
Көзіңе мөлдір жас моншақтарын тағынып.
Бір қолмен бесік, бір қолмен әлем тербеген,
Анашым, саған өтермін мәңгі табынып…
Жұмекен ақынға
Жиірек алып есіме жазған сөзіңді,
Жұбатып қоям өлеңмен кейде өзімді.
Тағдырдан бір сәт түңіліп кеткен кезімде,
Сағынамын, ата, өзіңді.
Өлшеусіз, шексіз, теңдессіз, ата, еңбегің,
Қазағың үшін барыңды салдың, ерледің.
Жырыңның жауһар түймесін біраз ағытып,
Тың тақырыптарға тынбастан қалам сермедің.
Атыңыз қалды ұрпаққа болып тірі аңыз,
Көкейден ешбір өшпейді ғазиз мұраңыз.
Кетсеңіз-дағы өлшеулі жалған өмірден,
Біз үшін биік шырқау шың болып тұрасыз.
Елімнің өзің дара боп туған нар ұлы,
Мақтаныш тұтар жырлардың нағыз алыбы.
Бір өзің жазған Әнұранменен айшықты,
Қазақстанымды бар халық, әлем таныды.
Данышпан жан ең, халқыңа бүгін дарасың,
Жүректе мәңгі алау боп лаулап жанасың.
Өлмес өлеңнің алтын қазығын байлаған,
Өзіңмен, ата, бақытты мына алашың!
Өнегелі өмір
(Журналист Рахмет Иманғалиұлына)
Сауалдар көп-ақ өмірде тосын сұралар,
Өзіңдей елдің жағдайын кімдер ұға алар?!
Атыңыз мәңгі өшпейді, ата, өйткені
Артыңда қалды өлмейтін ғазиз мұралар.
Тарихын аштың тылсымды туған өлкенің,
Сырларын шештің, ағытып сансыз өрмегін.
Қалдырып құнды мұралар менен деректер
Өшпестей болып салдыңыз өмір өрнегін.
Сусамыр қалам сиқырлап сөздің бейнесін,
Ағытып біраз тың туындылардың түймесін.
Сөз өнерге жарты ғасыр ғұмырды
Арнаған сізді еліңіз қалай сүймесін?!
Қадірлі болсын сексенге толған жасыңыз,
Ауырмай ешбір аман-сау болсын басыңыз.
Жемісін көріп өлшеусіз еткен еңбектің
Әлі де талай асудан – асу асыңыз!
Атыңды мәшһүр етіп жүр қазір талай жер,
Мол мұраңызбен астасып әркез жасайды ел.
Өнегелі өмір — ұрпаққа үлгі боп тұрған
Иманғалиұлы Рахмет атам, жасай бер!
Атамұрам — айтысым
Сөздері менен ұйқасы тапқан үйлесім,
Шындықтың әркез ағытатұғын түймесін.
Жүрекке жылу, жаныңа шабыт сыйлайтын
Халқымыз дана айтысты қалай сүймесін?!
Бірінен бірі асатын жүйрік шын мықты,
Қаймықпай айтар ел мұңы менен шындықты.
Сүйетін жырды, өлеңге құмар жас буын
Күн өткен сайын айтысқа, шіркін, ынтықты.
Асыл сөз маржан айтылар әсте тозбайтын,
Мұндайда, сірә, арқа жоқ шығар қозбайтын.
Балғынбек, Сара, Жандарбек сынды ақындар
Көңілде жатқан түйткілді терең қозғайтын.
Айтысым – елдің қастерлі, құнды тірегі,
Болсыншы қабыл айтылған көптің тілегі.
Атадан қалған мұраны халқым ардақтап,
Соқсыншы әркез айтыс деп қазақ жүрегі!
Жүректі тербеп, жарасын жанның жазатын,
Қиналған сәтте көңілдің шерін басатын.
Өнері ұлттың, мақтаны елдің бетке ұстар
Айтысым мәңгі, айтысым мәңгі жасасын!