Елдігімізді таныту – ерекше міндет
Биылғы көктемнің жылдағыдан гөрі ерекшелігі бар. Осы қыста Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында, Ресейдің көршілес аймақтарында қалың қар жауды. Ақпанның соңы, наурыз айында жауын-шашын көп болды. Соның салдарынан өр суының келуі де өзгешелеу, күрделілеу болып жатыр.
Баршамызға белгілі, Жайық өзенінің суы Ресейдің Челябі облысының, қалаберді Башқұртстан Республикасының жерінде су қоймаларында жинақталады. Сонда еріген қар мен жауған жаңбыр суы сол аумақтағы шағын өзендерге құйып, соңынан Жайыққа келіп қосылады. Соңғы бірнеше жылдан бері трансшекаралық өзен саналатын Жайықтың суы тартылып, арнасы тарылып, су тапшылығын сезініп келдік. Биыл енді судың мол келетіні байқалады.
Сәл шегініс жасасам, 1993-1994 жылдары бізде Жайықтың суы қатты тасып, арнасынан асып кетті. Биыл да сондай жағдайдың қайталануы мүмкін. Рас, сол уақытта су тасқынына қарсы көптеген жұмыстар жасалынды. Жағалауда орналасқан елді мекендердің тұсынан бөгеттер салынып, дамбылар соғылды. Әйткенмен, содан бергі мезгілде сол дамбылардың дені шөгіп, отырып кетті, аласарып қалды. Орынбордағы су жайлап бері қарай жақындап жатыр. Қазірдің өзінде Оралға жетіп қалды. Бізге келгенше, шамамен 10-15 күн өтеді, сонда әрі дегенде сәуір айының 20-сына дейін жетіп те қалуы ғажап емес. Соған дейін бөгеттерімізді бекемдеп, жоспарланған іс-шараларды жүзеге асырып үлгеріп, үлкен суды күтіп алуға әзірленіп, топан судың бетін тойтаруға сақадай-сай дайын болуымыз қажет.
Сонымен қатар тек «Қазгидрометтің» берген мәліметтерімен шектеліп қалмай, ресейлік әріптестермен де тығыз байланыс орнатқанымыз дұрыс. Қажеттілігіне қарай Оралға, Орынборға барып, нақты жағдайды көзбен көріп, бақылап қайтса да артық болмайды деп есептеймін. Міндет – қайткенде де қауіптің алдын алып, елді тасқын судың зардабынан аман алып қалу.
Бисен ҚУАНОВ, «Құрмет» орденінің иегері, Махамбет ауданының Құрметті азаматы