МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР – ПАТРИОТТЫҚ ТӘРБИЕНІҢ БАСТАУЫ

Әнұранды жатқа біліп, еліміздің Мемлекеттік рәміздерін құрметтеу – барша азаматтың міндеті. Ол әр жастың бойына патриоттық рух ұялататын бірден-бір күш екені белгілі. Осыған орай, жуырда «Мұнайшы» спорт кешенінде жастарды, соның ішінде спортшыларды патриоттыққа, Отанды сүюге, ел рәміздерін құрметтеуге тәрбиелеу мақсатында семинар өткізілді.

– Республикалық, облыстық деңгейдегі барлық жарыстар Мемлекеттік Әнұранмен басталады, – деді семинарды ұйымдастырушы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұржан Ермұханов. – Сондай-ақ, халықаралық, әлемдік додаларда да құралайды көзге атар мергендік көрсетіп, топ жарып, бас жүлде еншілеп жүрген қандастарымыз жыл сайын көбейіп келеді. Спортшы жеңіске жетуі үшін соншалық маңдай терін төгіп, жанын салады. Көк Туымыз биікке көтерілгенде, адам рухы бірге көтеріледі. Сол кезде оң қолымызды жүрегіміздің тұсына қойып, Әнұранды бірге шырқап тұрсақ, қандай керемет! Бұл елге, Отанға деген құрметімізді білдіреді. Қазіргі таңда дін жолына бет бұрған спортшылар қатары да бар.

Семинарға қатысқан облыстық «Иманғали» мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров спорт, ең алдымен, әр адамның өзінің денсаулығы үшін керектігін айтты.

 – Дін адам баласының рухани дүниесін тәрбиелейді. Соңғы кезде дінді үлкен проблемаға айналдырып жібердік. Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) өзі туған жерін құрмет тұтқан. Ол Меккеден Мәдинаға көшіп бара жатқанда жол ортасына келгенде, артына қарап: «Уа, Мекке, сен менің туып-өскен жерім, не деген ардақты едің» деп, кейін Мәдинаға келгенде де дұға жасайды. Міне, Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) өзі адамзат баласын туып-өскен жерін, Отанын ардақтауға шақырады. Мемлекеттік рәмізге құрмет көрсету – Отанды құрметтеу деген сөз. Қазақстан – салт-дәстүрге, мәдениетке бай ел. Қазақта ертеден келе жатқан наным-сенімдердің көбі имандылықтан туындаған. Бұлар тіпті хадистерде де келтірілген. Сондықтан, Мемлекеттік рәміздерді, ұлттар мен ұлыстарды құрметтеу – әр пенденің парызы, – деді ол.

Бапкерлер, спортшылар, төрешілер бас қосқан шара барысында облыстық Дін істері басқармасының қызметкері Мұрат Құрманбеков те бірігіп жұмыс жасауға шақырып, «Ақпараттық талдау орталығынан» шығарылған кітапшалар мен дискілерді таратты.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Суретті түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз