Жарнама
Қоғам

ЕЛДІҢ АҚЫН АНАСЫ

Айналайын, Ақ  Жайық кімдердің мақтаны болмады дейсіз. Міне, сондай Жайық  десе жанын салып төгіле жөнелетін, соған жырларын арнаған Ақұштап ақын «Жайықтың ақ шағаласы» деп тегін аталмаса керек. Жүрегі жарыла дарқан көңілі шалқыған ол былай деп өзі сүйген сұлу өзенге арнауын жолдаумен келеді:

Мендік сезім көлі де шайқалмады,

Саған келсем көбейер ой толғағы.

Айтшы, Ақ Жайық, өзіңмен маңызды ма,

Шалқып жатқан Каспийдің ортаймауы?

Сырлассайшы менімен, зиялы арна,

Жетелеген қызыңмын қиялы алға.

Ұқсасам деп өзіңе армандап ем,

Қайдан, сенше теңізге құя алам ба?!

Осы екі шумақ өлеңде шалқыған ой, мән-мағына жатқанын аңғару қиын емес.

Ақұштап Жайыққа жиырма шақты өлең арнапты. Олардың бәрін оқып отырып, ақынның мөлдір өзенге деген махаббатын сезінесің.

Жайық бойында туған ешбір ақын дәл Ақұштапша толғанған жоқ. Жайықты тірілтіп алып, өзінің бір керемет сырласындай сөйлесуі, жыр кестесіне өрнектеуі, қандай ғажап! Ақын өлеңдерінде Ақ Жайықтың айқын бейнесі көрінеді.

Академик аға Зейнолла Қабдолов былай деген екен: «Мен Оралды үш қызы арқылы жақсы танимын. Біріншісі – аңызға айналған – қыз Жібек, екіншісі – батырға айналған ер Мәншүк, үшіншісі –  өзіндік мінезі мен өз үні бар – Ақұштап. Ендеше, мен бұл елдің қыздары мықты-ау деп ұғынамын».

Кемеңгер ағамыз бүкіл қазақ халқының көмейіндегі ойды сөз иіріміне түсірген.

Енді осыған қосымша біз де былай дер едік – қыз Жібектің де, Мәншүктің де, Ақұштаптың да бойларында аңыздық та, батырлық та, ақындық та қасиеттер бар. Және бәріне ортақ табиғат сыйлаған  қасиет – сұлулық. Үшеуі де ел көзінде ғасырлар бойына жарқырап  тұруға жаратылған, ұмытпауға, қасиеттеуге бас июге жаратылған тұлғалар.

Ақұштап – араб сөзі,  ақ жібек мата осылай аталса керек. Ертеде қазақ халқы ақ түсті жақсы көрген және әйелдің сәні – ақұштап мата деп көбінесе алыс қалаларға барған қалашыларға жәрмеңкелерден осы ақұштап матаны алдырған көрінеді.

«Ақұштап» – тамаша ат қой! Ата-анасы дәл тауып қойған. Адам аттары кейде адамның бүкіл болмысына өте сәйкес келіп, адамның жан дүниесін ашып тұратындығы болады. Бұл есім ақынның барлық қасиеттерін айқын ашып көрсетеді.

Ақұштап – Атыраудың келіні. Нарында туып-өскен нар жігітіміздің табиғаттары табыстырған аппақ сұлу жар қосағы. Ол Атырау жерін өзінің туған топырағынан кем санамайды, құрметтейді, бас иеді. «Мен сіздердің келіндеріңмін ғой», — деп жаңа туған айдай жарқылдап, халық алдына шығып, сәлем етіп, өзінің жүрекжарды жырларын оқып, елмен жарқын жүздескенде, көңілімізде бір марқаю мен мақтаныш пайда болатыны рас. Өзінің жан жүрегінің тереңінен туындаған жібектей әсем  жырларымен мерейімізді өсіріп, ақындық ғажап фантазиясына бөлеп, әлдилегенде, кім-кімнің де арманы қанаттанады. Ол өлең оқып тұрғанда, я сөйлеп тұрғанда сөйлей берсе екен, өлеңдерін оқи берсе екен дейміз, себебі оның төгілген, нәзік жаратылған өлеңдері мен керемет майда даусы оның жан дүниесін алға тартып, гармониялық сәйкестік теңізінде шалқытқандай.

Ақұштаптың поэтикалық болмысы – бір шалқар дүние. Оның «Ақ шағала» атты алып кітабы мен өлең жинақтарының бәрін саралап оқып отырып, бір мөлдір поэзияның кәусар толқынында рахаттана қалқып жүргендей боласыз.

Ақынның туған жерге деген мөлдір сүйіспеншілігі, періштедей санаған әкесі мен шешесіне деген ақындық махаббаты басқа ешкім мұндай сүйіспеншілік пен махаббатты бастан кешірмегендей етіп дүниеге әкелген өлеңдерінің әрбіреуі, осы үріп ауызға салғандай. Бұл өлеңдердің әрбір тармағына, әрбір сөзіне, ырғағына, ұйқасына ақын өзінің сезімін орап ұсынғандай. Ақынның өзіндей аппақ өлеңдерді оқи бергің келеді, қайталап оқып, жаттап алғың келеді. Осындай пәк сәбидей ақуыз өлеңдерді қалай жазғанына таңғаласың және осындай өлеңдерді халық назарына сыйлау үшін Ақұштапты табиғат әдейі жаратқандай сезінесің.

Ауылына арнаған өлеңі жап-жас қыздың аузынан өзі секіріп түсіп, қағазға жазылған ба, құдай-ау?!

Құстарың ерке көлдегі,

Тербейді желің құрақты.

Құйын да тентек, сендегі

Балалық шағым сияқты.

 

Іздерім қайда құмдағы,

Су алып қайтқан құдықтан.

Алқызыл гүлдер қырдағы,

Бантигім шығар ұмытқан.

Мына өлеңді оқыған әрбір қыз «мынау менің өлеңім» деп жармасып, жаттап алғандай емес пе? Бұл шығарманың идеялық мазмұнын айтпай-ақ, туған жерге деген  сүйіспеншілік туын желбіретіп тұрғандай.

Ал, енді «Әкеме» деген өлең әкенің асыл арманына бөккен, әкенің асыл арманына бөлеген өлең. Жан әкесінің асыл арманын, өкінішке қарай, болдыра алмаған жап-жас сүйкімді қыз көзімізге елестеп, көзге жас үйіретінін-ай!

Болса да нәзік гүл өңім,

Өсірдің еркек баладай.

Қыз деуді, әке, білемін,

Көңілің жүрді қаламай.

 

Қалмадым елі қасыңнан,

Мен болдым қызың, ұлың да.

Үйір қып қойдың жасымнан

Қамшыға, асау құлынға.

… Тұлпарды жексең шанаға

Делбесін қақтым елеңдеп.

Сен жүрдің, ертең балама

Келіншек алып берем деп.

Әкенің ғажайып арманы – қызын ұлдай мәпелегені. Оның көкірегінде қайнаған қыжыл – болашақ ұлды болу – тек арман ғана болып қалғаны, өшпестей мұң ұялатқанын ақын тамаша поэтикалық бояумен әспеттеген.

Жинамай асық қалтаға

Ерекше сенің өсті «ұлың».

Бір күні менің арқама

Төгіліп түсті қос бұрым.

Бұл сәт – әкенің қабағын түйілтіп, үнсіздік әкеледі. Қызының мәңгілік бірге жүре алмайтындығы, табиғат жазуына қарсы шыға алмайтындығы, тіршіліктің жазылмаған заңы әкенің көз алдына кесе-көлденең тұра қалғаны-ай, шіркін! Осы мөлдір сезімді қиылыстыра қисындырған ақын қаламының кереметі демеске амалың жоқ.

Алғашқы өлеңдерінің ішінде анасына арнаған екі хаты да әкесінің «баласы» болған қыздың ерке қылықтарын нағыз табиғи түрде, еш қоспасыз, сол болған күйінде өз туған анасымен араларындағы қарым-қатынастары көрсетіледі.

«Әжем «келін» дегенге, мен  де жүрдім келін деп»,

«Құрдасыңдай мен сенің атыңды да атадым»,

«Он екі жыл жүріп ең өз қызыңды сүйе алмай»,

«Таяқ жедім бір сенен мәңгі есімнен кетпестей»,

«Ұрдың мені анам деп айтпағаным үшін де»,

«Осы күні сағынам сенің шапалағыңды»,

«Сенен жеген таяқ та тәтті болады екен ғой».

Өлеңдегі шынайы детальдар қазақтың ұлттық болмысының, әдет-ғұрпының айна-қатесіз суреттелуі. Айналайын қазағымның ешкім кінә таға алмай, ешкім ғайбаттай алмайтын осындай «әкесінің баласы» дегендей ғұрпы жүрекке жақсы ұялайды. Бірақ, әрине, баланың іштей сезімі де көзге көрінбейтін тін болып, туған анасымен жалғастырып тұратыны белгілі ғой.

Енді ақынның бір өкініші – «сөйткен» анасына рахат көрсете алмағандығы. Оқырман жүрегіндегі бір нәзік қылды «дың» еткізетіні осы-ау деймін.

Қалмадым бірге жаныңда,

Болмадым сенің ермегің,

Шаршап бір жүрген шағыңда,

Дайындап сусын бермедім.

 

Атырып көп күн қиналдың,

Қасыңда тағы болмадым.

Алыстан қатты сыйладым,

Алыстан хаттар жолдадым.

Адам өмірі, өмір заңы өз дегенін істейді. Оны бұрып, қайыстыруға, июге болмайды. Өмір заңы болаттай берік, күшпен қайыстырса, «морт» сынып кететіні бар. Қайтерсіз!

Өмірім сенен мүлде өзге,

Жолдарды тану көп керек.

Қинама мені бұл кезде,

Қинама «алыс кетпе» деп.

 

Биіктік болса қаларым,

Төменді маған ұсынба.

Құстар да балапандарын

Баулиды биік ұшуға.

Ия, адам тағдыры – құстың тағдыры сияқты, бұта түбінде бұйығып қалмай, биікке, арман асқарына құлаш ұрады. Ана қаншама өз перзентінің қасында болуын қалағанмен, оның талап-тілегіне бөгет болмауды борыш деп біледі. Ана болу – кемеңгер болу! Ана қателеспейді,  жүрегінің бөлшегінің шарықтағанын қалады. Оның қалауы – бүгінгі күні Қазақ елінің мақтанышына айналатынын болжағандығы. Ақұштап қазақ халқының жалауындай желбіретер мақтанышы болғаны – халықтың поэтикалық бақыты. Ақындардың жата қалып, шөбіне аунап, аспанға шалқасынан жата қарап рахатқа батыратын, бір тал қияғын аузына салып, дәмін алатын, топырағын уыстап қарап, иіскеп, Жер-ананың мейірімін сезінгендей болады. Бүйтетін тек ақын ба, туған жерін сүйетін бар иманжүректі адамдардың бәрінің әрекеті – осы. Ал, ақын сол адамдардың туған жерге деген сүйіспеншілігін өлеңге айналдырушы. Солардың өздерінің сөзі етуі. Ақұштаптың туған жерге арналған алғашқы өлеңдерінің бірінде ақынның сүттей жұпар көңілі есіп тұр.

Сен жайлы ақ бесікте күй тыңдадым,

Тыңдадым сандуғаштың сүйкімді әнін.

Мен сенде сұлулыққа ғашық болып,

Гүліңе саусақ жайып ұмтылғанмын.

 

Мен де бір гүлің едім қырқада өскен,

Өзің деп арманым жоқ шырқап өтсем.

Көркіңе көктемдерде сән қосатын

Қырыңа өз қолыммен бір тал ексем,

 

О, менің ардақты әкем, асыл анам,

Қызыңмын пәк үмітпен асыраған.

Өзің деп қобалжыған жүрегімнің

Дүрсілін сенен қалай жасыра алам?!

Бұл шағын өлеңді әдейі толық келтірдік, себебі мұнда ақынның туған жерге деген махаббаты балдай тәтті.

Өзінің туған жерін соншама шалқыма сезіммен сүйген ақын оның табиғатын да аялай білген, ерекше сезіммен қараған.

Кейде маған жалғыз гүлің, ой салып,

Ұзақ таңды кірпік ілмей атырам.

Қараңыз! Әркім гүлді қызықтап қана өтеді. Ал, Ақұштап оның тағдыры туралы толғанады.

Жайқалмайды қаңтардағы ақ боран,

Өр толқын да сәтке толас  таппаған.

Сапар шықсам бұрылыспен, өткелмен,

Қорқытпайды иірімдер қаптаған.

… Дүлейіңді сүйемін-ау, табиғат,

Ал жасқаншақ адамыңнан қорқамын.

Табиғаттың талай дүлейі, толқыны, бораны оған қанат бітіргендей, жылдың төрт мезгілінде алапат қопарылыстар ақынның қуатына – қуат, жігеріне – жігер бергендей, ерлікке құштар қылғандай.

Ата-анасын, туған жерін шексіз сүйе білген ақынның, осындай ұлыларға төгіле тебіренген ақынның махаббатты жырлауға келгенде, шалқымауы мүмкін емес.

Мәні болмас өмірдің,

Бір сағыныш өртемей.

Бұл жерде ақын махаббат сағынышын айтып отырғаны белгілі.

Қарсы алмаса керемет,

Аңсап күткен бір адам.

Ішкі тебіреніс, жүрек аңсауы болмаған адамды пенде деу қиын шығар. Өзінің ғашықтығы арқылы ақын басқаларды да іңкәр сезімді қасиеттей білуге үйреткендей.

Жырларым жүрсе аузында армансызбын,

Бір-бірін сүйе білген ғашықтардың.

… оқиды жүрегінде оты барлар

Сезімі  бір-біріне сөнбегендер.

Әрине, жүректері лапылдап жанғандардың ақын өлеңдері өз аузымен айтатын сөздеріне айналып жатса, ақынның бақыты сол емес пе? Ақын дәл айтқан:

… мен білем жырым жүретінін

Жатталып он сегіздер жүрегінде.

Қайран онсегіздердің, шынында да, Ақұштаптың жырларын жаттай алатындарына сенеміз.

Автор өмірдегі біз білмейтін бір тылсымдарына жүгіндіреді де, кідіртіп тастайды, ойландырады, белгілі тұжырым жасауға жетелейді. Міне, бұл мықты қасиеттердің бірі деп білеміз. «Жүрек ауыстыру» деген өлеңді қарайық. Жүрегі науқас адамның өз жүрегінің орнына басқа адамның жүрегін ауыстырмақшы екен. Ол жас баланың жүрегі ме немесе «талай әлсіздерді қаралаған» адамның жүрегі ме, «бір адамды да сүйіп көрмеген» адамның жүрегі ме, ол қандай жүрек? Міне, ақын «жүрек ауыстыру» мәселесін  айта келіп, мынадай ой тастайды:

Ғасыр – ғажап, туғызған нелер дарын,

Білем, сенем дамыған өнер барын.

Ауыстыру жүректі деген сөзге,

Мен, әйтеуір, әлі күн көне алмадым.

Ақын «Сіз қалай ойлайсыз?» деп оқырманға сұрақты лебіз білдіреді. Солайша әр өлеңінде проблемалы мәселені шешуге шақырып, оқырманды шығармашылыққа тартады. «Тамада» атты өлеңде ақын болған жайды жай баяндаған да қойған. Үлкен қонақтықтағы бір отырыста «лауазымы бар адам» тамада (асаба) боп дастарқанды өзі басқарып, сөйлеушілерге өзі сөз беріп отырады. Әр сөйлеген адам сол адамды мақтайды:

«Жүргеніміз дүниеде жер басып,

Сіздің арқа» деген сөз де айтылды.

Себебі ол мөр басатын қағаздар тағдырын шешетін адам еді. Қонақтықта ақынға да сөз беріледі. Ақын өлеңді былайша қорытындылаған:

Сау болсын деп дені кербез жеңгенің,

Өзгелердің сөзін қайта жөндедім.

Мен де отырдым осы кеште амалсыз

Бірі болып екіжүзді пенденің.

Бар болғаны осы ғана. Ал ойланыңыз. «Сіздің бағаңыз қандай?» деген сауал тастайды. Ақынның «Жолдағы ой», «Ақынның зары», «Ене келін», «Айдынды көлдің арызы», «Көршілер», «Анау көрші сөз ұқпас қиқар адам», «Самолетте», «Машина сату» т.б. осындай оқырман алдына мәселе қоятын өлеңдер.

А.Бақтыгерееваның шығармашылығында достық-жолдастық, табиғат, туған жер, махаббат, ақындық, бала-перзент, көңіл-күй лирикаларымен қатар, әдемі арнаулардың барлығын айту ләзім.

Әсіресе, ана тақырыбы ақынды ерекше тебіреністерге бөлеген. Өзінің туған анасына деген шексіз махаббаты әрбір өлеңінің астарынан саф алтындай жарқырап көрінгеніне оқырман ғажап сезіммен қызыға оқитындығын білеміз. Бір кездегі аппақ қыз Ақұштап өзі ана болғанда аналық болмыстың құпия сырларына өте тереңдеп барып, аналардың көп мән бере қоймайтын тылсым жайларын өлеңнен ұқтыртады, өздерінің ұлылығын естеріне салғандай, ананың аты Алладан кейін ғана биік бағаланатынын сездіртуді мақсат етеді. Осындай өлеңдерді атай бастасақ, дәптердің жарты бетін толтыратыны анық, сондықтан олардың саны көп екенін айтумен қатар, кейбіреулері туралы пікір білдірмекпіз.

«Ана сыры» атты өлең ана, бала,  келін араларында болатын типті мәселені алдымызға тартады. Жалғыз ұлының үйленіп, келін әкелгеніне қуанған ананың қабағына шаттықтан гөрі кірбің ұялана беретіндігі баяндалады.

Бірақ ана ұлының үйленген соң,

Алыс тарта түсерін  білген бе еді? —

деген жолдар осыны меңзейді.

 

Амал қанша, көнді енді, алшақтады,

Керек ұлдың үй болып, жар сақтауы.

Ана есінде ұлының еркелеп кеп,

Омырауын сипаған саусақтары.

Бір кездегі анасына деп емешегі үзіліп  қасынан кетпей тұратын бала бүгін жоқ. Өмір заңы осы емес пе?

Ойламапты бірақ та,  баласына

Үйленген соң басқа өмір басталарын.

Өзінің бауырында еркелеген бала өмірінің жаңаша ғұмыр беттері ашылғанына ой тоқтатпастан:

Жек көрмейді-ау келінді, бірақ ана

Жалғыз ұлын еріксіз қызғанады.

Баласын келіннен қызғану – орынсыздық. Осындай сезімнің салдарынан келінге салқын көзқарас байқалады. Ал келін: «Мені жақсы көрмейді екен», — дейді.

Ақын осы өлеңімен ұлға деген «асқан махаббат» сезімінің «бейнетке» айналарын әр ана білуі керек деген ұлағатты ой айтады. Адам бір қалыпта тұрмайды, есейеді, осыған байланысты, өзгеше сезім пайда болады, бұрынғы қатынастарда өзгеріс болады. Бұл – өмір заңы. Ал өмір заңына бағыну, бас ию – адамгершілік парыз.

Ананың балаға деген махаббаты – мәңгілік. Бұл махаббаттың құдіреті – бала жолында жанын пида етуге дейін бару. Сонда ақын «бала – ана» бір организм іспетті деген ой айтады. Ана баласын ажалдан алып қалу жолында айдаһардың аузына, машинаның астына түсуге дайын. Бала – ананың қия алмайтын жүрегінің бір бөлшегі. Міне, ақын философиясы қайда. Бұл ойлары «Ана жүрегі» және «Ана махаббаты» деген өлеңдерінде айтылмаған гимндей әр оқырман жүрегінде сайрайды.

Ақынның «Ана жүрегі» деген балладасын қазір бүкіл Қазақ елінің әрбір тұрғынының санасында ұмытылмастай орын тапқаны шындық. Мұнда ел аузындағы белгілі аңызды ақынның сонша шебер кестелеп өрнектеуі, әсемдеп өруі таңғаларлық. Оны  оқығаныңда  аңыз  бұрынғысынан жаңарып, жаңа сипат алғандай. Ананың әлпештеген жалғыз ұлы сұлу қызға өлердей ғашық болады, ғашықтық дертіне шалдығады. Ұйықтаса, анасын аласұрып, айқай салып шақыратын болады. Күннен-күнге жүдеп, құр сүлдері қалады. Бірақ анасына айта алмайтын бір жай бар еді. Ол – жігіттің алдына қойған қыздың бір шарты болатын: «Мені шын сүйген болсаң, анаңның жүрегін суырып әкеліп беруіңмен дәлелде» деген … Анасын қимаған жігіттің жүдеуі содан болатын. Есі ауған жігіт ақыры қыздың тілегін орындауға бел байлайды. Ұйқыда жатқан анасының жүрегін жұлып алып, қызға қарай жүгіре жөнеледі. Бірақ сүрініп кетіп, ана жүрегі қолынан ұшып барып, жерге түседі. Жігіт жүректі алуға ұмтыла бергенде, «Құлыным, байқасаңшы» депті дейді ана жүрегі.

Ақын осыны баяндағаннан кейін былай деп толғанады:

Осындай аңыз қалған халық ішінде,

Кім білсін, махаббаттың даңқы үшін бе?

Болмаса жоқ нәрсені болғыз дейтін

Қыз кездің тәкаппарлық салты үшін бе?

Осы аңыз естігенге қатал-ақ тым,

Дәстүрге қарсы анадан бата алатын.

Кім білсін, дәлелдеуге шығарды ма,

Ананың айтылмайтын махаббатын?

Міне, баллада қорытындысы біздің әрқайсымызды ана туралы ойға қалдырып, толғантады.

«Ана махаббаты» атты балладаны да халық сүйсініп оқитыны хақ. Бір үйдің тату абысындары біреуінің тапқан жалғыз баласына екеуі  де ана боп, бала екеуін де ана деп  тел емген.

Бала ержетіп, аң аулауға шыққанда хан баласын ажалдан құтқарыпты. Риза болған хан батырдың анасына ғажайып сәнді сарай салып бермекші болады. Батыр баланың анасы  кім екенін білгісі келіп, уәзіріне тапсырма  беріпті. Бала: «екеуі де менің туған анам» депті. Бірақ хан жігіт жауабына келіспепті. Жігіттің өзі екі әйелдің қайсысы анасы екенін білмейді екен. Жігіт ханның сыйлығынан бас тартады. Сонда хан алдына жігіттің қол-аяғын байлап, екі анасын шақырады да, шындарын айтпаған әйелдерге: «Мен екі сарай салғызам да, ұлдарыңды екіге бөліп берем, — дейді де, айбалта алдыртады. Бірінші әйел: «Жігіттің жартысын алам, — деп келісім береді. Ал, екінші әйел: «Мен үшін бөле көрме, жер бетінде құлыным аман жүрсе болды маған», — деп жылапты. Қол-аяғын босатқан кезде анасының қайсысы екенін білген жігіт келіп, анасына құшағын жая жармасыпты. Осылайша хан қулыққа салып, ұлдың шын анасын анықтапты.

Шынымен хан бөліске салады деп,

Үрейден қалған екен бала жүдеп.

Өлшеусіз мейірім мен махаббатың,

Өзгеден бөлексің-ау, ана-жүрек! —

деп тәмамдалған балладаның идеясы осы шумақпен айқын ашылып тұр. Аңызға сүйеніп жазылған осы екі балладаның терең мәні әр оқырманды ғажап шыншылдығымен, терең махаббатпен баурап алады. Жүрек туындыларының қай-қайсысы да Ақұштаптың өзін нағыз ана, патриот ана, мейірімді ана, ақжүрек ана, перзент тіршілігі үшін жанын суырып бере алатын жаужүрек батыр ана екендігін көрсетеді.

Ақұштаптың барлық жырлары лиризмге құрылған деп айтып едік-ау. Ал, нәзік лиризммен жазылған өлеңдердің астарын ашып қарасаңыз, бәрінен де ыстық мейірім төгіліп тұрады. Ақын бейне бір дүниені жырларымен аялап тұрғандай, тербетіп тұрғандай. «Ана бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» деген керемет сөз бар ғой. Осы сөз Ақұштапқа лайықты сөз. «Әлемді қалай тербетеді?» деп сұрақ қоямыз да, оған дереу өзіміз жауап береміз: «Ол әлемді жүрегін жарып шыққан өлеңімен тербетеді!»

Оның жырларын оқи отырып, бүкіл тіршілік атаулыны, адамгершілік пен арды, батырлық пен батылдықты, сүйіспеншілік пен махаббатты, үлбіреген нәзіктік пен таза дүниесімен үзілген мейірімділікті жырлайтындығын, бар болмысымен аялайтындығын сеземіз.

Осындай поэтикалық ағыл-тегіл мінезімен Ақұштап алтын әріппен жазылуға лайықты Ана, Ақын-Ана, Ел Анасы деуіміз керек. Себебі,  әр  оқырман ана мейірімі мен тіршілігін іздесе, Ақұштап жырларын оқып, мейірімге сусындауы, мерейін  қандыруы керек.

Ақұштап халық жүрегіндегі пернені дәл басады, әр оқырманның көңілін сайратып, жанын жайнатады.

Ақында нәзіктік те, асқақтық та, арман да, мұң да, ержүректілік те – бәрі-бәрі бар. Қай-қай өлеңі де Сізге бір жаңалық ашып береді, құпия сырға бөлейді. Поэзия мәні деген осы болса керек. Ақын өлеңдерін аса әуезді ән тыңдағандай, күй тыңдағандай түйсікпен қабылдайсыз. Сізді бақытқа бөлейді.

Поэзиядағы Нағыз  Ана – Ақұштап, поэзиялық туындыларымен елді тербеткен Ана – Ақұштап,  Ақұштап – Ел Анасы!

Қадыр Жүсіп,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау  мемлекеттік университетінің профессоры,

филология ғылымдарының докторы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button