Ақын Аманқос Ершуовтың «Кие» атты жаңа кітабы жарыққа шықты (ФОТО)

22384213 1481017731982844 4041443387553612981 o Жаңалықтар

Жақында есімі жырсүйер қауымға кеңінен таныс атыраулық ақын, «Халық ағарту ісінің үздік қызметкері», «Құрмет белгісі» орденінің иегері, Жылыой ауданының Құрметті азаматы Аманқос Ершуовтың жаңа жыр кітабы оқырманымен қауышты. «Атырау-Ақпарат» ЖШС-нің баспасөз клубында «Ағатай» баспасынан жарық көрген туындының таныстырылымы өтті.

22384213_1481017731982844_4041443387553612981_o

Шараның шымылдығын ашқан ақынның қызы Маржан Ершудың айтуынша, бұл кітапқа Аманқос Назарұлын тұңғыш елге танытқан атақты «Ақ бұлттардан» бастап, әр кезде қаламынан туындаған сезімге толы лирикалық шығармалары, «Кие», «Бейбарыс», «Аруақ» тәрізді поэмалары енген.

22366314_1481019968649287_29295374699344958_n

1943 жылдың тамыз айында қасиетті Кең Жылыойдың төріндегі Ақкиізтоғай ауылында кіндік қаны тамған оның ақындық өнері де, ұстаздық жолы да осы жерде өтіп келеді. Содан да шығар, Аманқос Ершуовтың өлеңдері негізінен туған жерге, Отанға деген сүйіспеншілік, махаббат, досқа адалдық, сыйластық, киелі жерлер мен есімдері елінің жадында сақталып қалған тарихи тұлғаға арналып келеді.

22383963_1481019451982672_2363618252354554713_o

Туынды авторының замандасы, Қазақстанның Құрметті журналисі  Төлеген Жаңабаев Аманқос ақынның шығармалары хақында өрнекті ойларымен бөлісті. «Мен Әбекеңмен студент шағымнан таныспын. Оның «Ала бұлттар…» өлеңі оқырман жүрегін жаулап, шығармашылығы сол кездің өзінде лайықты бағаланғанын білемін. Әбекеңнің балаларға арнап жазған өлеңдерін энциклопедия ретінде бағалауға болады. Оларды мектептерде оқытылып жүрген «Өзін-өзі тану» пәнінен өткізілетін сабақтарда қолданса да артық емес.  «Кие» атты кітабы оның жылдар бойына жиған-тергенінің  жиынтығы, көзі қарақты, көкірегі ояу оқырман алдындағы есебі іспетті. Әлі де жазғанынан жазары, бергенінен берері көп болғай деген тілегіміз бар»,-деді ол.

22405847_1481016145316336_299785574880775675_n

«Аманқос екеуіміз де Жылыой өңіріненбіз. Ол – Ақкиізтоғайдан, өзім – Шоқпартоғайданмын. Екеуіміз бір-бірімізді бала күнімізден білеміз. Бұған дейін де ел аузында айтылып жүрген «Ақкиізтоғай – ақындар ауылы» деген сөзге толығымен қосыламын. Өйткені, осы жерден Қабиболла Сыдиықов сынды зерттеуші-ғалым, тамаша публицист, танымал жазушы, талайларды тамсандырған талантты ақын Меңдекеш Сатыбалдиев, т.с.с. тұлғалар шыққан. Содан да шығар, Аманқос атының да алысқа жетуі заңды құбылыс еді. Сараптап қарағанда, оның әрбір туындысы өз алдына бір бөлек дүние, өзінше бір әлем»,-деді терең тебіреніс, толғаныспен ардагер журналист Қаржаубай Сұлтанғалиев.

22426522_1481019031982714_416321584949262694_o

Осы мазмұндас жылы лебіздерімен, оралымды ойларымен облыстық «Атырау» газеті бас редакторының орынбасары Нұрлан Қабылов, бөлім меңгерушісі Меңдібай Сүмесінов, «Атырау-Ақпарат» ЖШС директорының орынбасары Қуат Әуесбай, жарнама бөлімінің басшысы Ағиба Қатешова және басқалары да бөлісті.

Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз