ЕҢСЕ КӨТЕРГЕН ЕСКЕРТКІШ ТАҚТА
Ескерткіш тақтаны ашу рәсімінде кіріспе сөз сөйлеген аудан басшысы Мақсым Ізбасов кеңестік жүйенің «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» ұранымен қазақ халқының жартысын қырған ашаршылық нәубеті – нағыз геноцид кезеңінен деректер келтірді.
Бұдан кейін өңір басшысы М.Ізбасов пен репрессияның жан төзгісіз зардабын тартқан ардагер А.Әбдірахманов жазықсыз жапа шеккендерге арналған ескерткіш тақтаның пердесін түсіру рәсімін жасап, гүл толы себетті етегіне қойды.
Жиында сөйлеген қуғын-сүргін құрбаны Абдулла Әбдірахманов отыз жетінші жылы аудан басшылығынан жиырма жеті адам ұсталғанда, оның ішінде әкесі де кеткенін, кейін өзі де Магаданда азап шегіп, осы нәубет елу үшінші жылға дейін созылғанын, жазықсыз жапа шеккеннің ұрпағы Сабыр Ғабдолкәримов молда әулетінен шыққан әкесі Ғабдолкәрим Қарабалин нақақ жаланың құрбаны болғанын айтты. Одан қалған төрт бала «халық жауының ұрпағы» деген сүйектен өтетін сөзді естіп өскенін, әйтеуір, Кең Жылыойдың киесі мен жомарт жұртындай иесі құшағына тартып, баршасын адам етіп, қатарға қосқанын тебірене әңгімеледі.
Бүгінгі жас ұрпақтың өкілі, ұстаз Гүлнұр Мұқанова өз кезегінде ата буын мен аға ұрпақ дәстүріне адал болу ардақ парыздары екенін айтып, сөзін қолдан жасалған қырғын, «қазаққа жасалған геноцид ешқашан ұмытылмақ емес, өйткені, бұл – біздің ортақ тарихымыз, ортақ тағдырымыз, ортақ қасіретіміз», деп түйіндеді.
Соңынан аудан мешітінің бас имамы Арман Исаев саяси қуғын-сүргін құрбандарының рухына бағыштап дұға оқыды.
Қаржау ОРАЗБАЕВ,
меншікті тілшіміз,
Жылыой ауданы.