Қазақстандықтар өз уақытын қалай пайдаланады?

Ua yit bas aru Қоғам

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті қазақстандықтардың өз уақытын қайда жұмсайтындарын анықтады.

business time concept

«Зерттеу нәтижесіне сәйкес, қазақстандықтар тәуліктің 53,6% немесе 12 сағат 50 минутын жеке күтімге жұмсайды (ұйқы – 9 сағат 13 минут, тамақ жеу, сусын ішу – 2 сағат 4 минут, жеке гигиена мен күтім – 1 сағат 27 минут және т.б.). Жұмысқа (жұмыспен қамтуға) – 2 сағат 59 минут (12,4%), үй шаруашылығын жүргізуге – 2 сағат 57 минут (12,3%), оқып-үйренуге – 52 минут (3,5%), тұтыну тауарларын алуға – 18 минут (1,2%) және қалған 4 сағат 4 минут (17,0%) бос уақыт ретінде саналады», – делінген хабарламада.

15 және одан жоғары жастағы ер адамдар бір күнде орта есеппен жұмысқа 5 сағат 29 минут уақытын жұмсайды, әйелдер үшін бұл көрсеткіш 4 сағат 34 минутты құрайды. Алайда әйелдер үй шаруашылығымен айналысуға (4 сағат 14 минут) ер адамдарға қарағанда (1 сағат 28 минут) көбірек уақыт жұмсайды. Ерлердің бос уақыты (4 сағат 6 минут) әйелдерге қарағанда (2 сағат 45 минут) шамамен 2 есеге артық.

Жұмыс күні жұмыспен қамтылған ерлер жұмысқа орта есеппен 9 сағат 1 минут жұмсайды, әйелдер – 7 сағат 53 минут, тиісінше бос уақытқа 2 сағат 35 минут және 1 сағат 44 минут қалады.

Айта кетейік, 2018 жылдың 2-10 сәуірі аралығында ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті «Қазақстан Республикасы халқының уақыт бюджетін пайдалануы» модульдік зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бұл зерттеу 5 жыл сайын ұйымдастырылады. Зерттеу жұмыстарына 10 жастан жоғары 32 301 респондент қатысқан.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз