«Өз балаңа үлгі бол!»

z bala a lgi bol Білім

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасына орай министрлік өкілі, Еуразия ұлттық университетінің доценті, психология ғылымдарының кандидаты Әлия Мәмбеталинаның қатысуымен облыс мектептерінде республикалық ата-аналар конференциясы өтті.

«Өз балаңа үлгі бол!»

«ХХІ ғасырдағы қазақстандық ата-ана: өз балаңа үлгі бол!» атты бүкілқазақстандық шара Атырау қаласындағы №33 және №18 мектепте өткізілді. Бұл – оқушылардың отбасыларымен жұмыстың инновациялық формасы. Мемлекет балалардың денсаулығын қамтамасыз етуге, олардың тәрбиесі мен білім алуына орасан зор күштер мен құралдарды жұмсап, отбасы проблемаларын жіті назарда ұстап отыр. Өскелең ұрпақтардың еңбек және зияткерлік әлеуетін дамыту міндеті – еліміздің мемлекеттік саясатының ең маңызды міндеттерінің бірі. Әлия Сақтағанқызы өз сөзінде осыған тоқтала отырып, ата-аналар тарапынан жіберілетін кемшіліктерді де саралап өтті.

Қазақстан Республикасының Президенті үнемі қазақстандық өскелең ұрпақтардың жасампаз дүниетанымы қалыптасқан, берік адамгершілік қағидаларды ұстанатын, жауапкершілік сезімі бар, саналы таңдау жасай алатын және Отанымыздың игілігіне бағытталған дербес шешімдер қабылдай алатын жан-жақты тұлға болып тәрбиеленуі тиіс екенін айтудан жалыққан емес.

 Ал, ата-ананың міндеті неде? Қазіргі заманғы ата-аналар әрқайсысы өз отбасында бала дамуы мен тәрбиесі үшін оңтайлы жағдайлар жасап қана қоймай, сонымен қатар, мұғалімдермен және мектеп әкімшілігімен тұрақты түрде өзара әрекет етуі тиіс. Бала мүддесіне немқұрайлылық атмосферасы орнаған отбасыларда, ата-ана балаларын белсенді, жауапкершілікпен тәрбиелеуден қашқақтайтын отбасыларда балалардың оқуда, мұғалімдерімен және құрдастарымен қарым-қатынаста қиналатынын бәріміз білеміз. Ата-ана немқұрайлылығы немесе ата-ана озбырлығының қысымында болатын бала екіжүзді және оның қарсылығы мейірімсізденуден ызаға ұласады. Сонымен бір мезгілде оның өзіндік «мені» жоғалады.

Жасөспірімдік жаста бұндай атмосфера мінез-құлықтың көптеген формаларына әкеп соғады – жасөспірімдер шылым шеге бастайды, бейпіл ауыз болады, өз міндеттерін елемейді, кейде тіпті алкоголь мен есірткі тұтынады немесе шынайы өмірден компьютерлік ойындардың, әлеуметтік желідегі қарым-қатынастардың виртуалды әлеміне кетеді. Отбасында қолдау мен түсіністік болмағандықтан, жасөспірімдер «теле» және «интернет» тәуелділік, нашақорлық, ойынқұмарлық, дүниеқоңыздық секілді қазіргі әлемнің көптеген жағымсыз жақтарына оңай еріп кетеді, эмоционалдық тұрғыда салқын болады.

Ал, егер отбасы сүйіспеншілікте, сыйластықта және өзара түсіністікте, мейірімділікте және тілектестікте өмір сүрсе, онда балада өзін-өзі дұрыс бағалау қалыптасады, ол өзіне сенімді, оның жақсы оқуға деген ынтасы бар, ол сыныптастарымен достасқысы келеді және дос болады, педагогтарға сыйластықпен қарайды. Есейгенде ол алдына жоғары мақсаттар қояды және мақсатты түрде оларға қол жеткізеді.

Қазіргі қиын жағдайларда ата-аналар мектеп тарапынан білікті көмекке мұқтаж. Ата-ананың педагогикалық біліксіздігінің зардабы тым ауыр болуы мүмкін. Ата-ана ретіндегі өз қателерін түзетіп, баланы қайта тәрбиелеу, басынан бастап баланы теріс әрекеттер жасамай, теріс сөздер айтпай дұрыс тәрбиелегеннен әлдеқайда қиын екені баршаға аян. Сондықтан, ата-ананың педагогикалық мәдениетін арттыру – әрбір жекелеген отбасының да, жалпы бүкіл қоғамның да міндеті. Оқу – бұл қиын да жауапты жол. Балаға қалай көмектесу керек? Оның жолында кездесуі мүмкін қауіптерден оны қалай қорғауға болады? Конференция жұмысында осы жағына мән берілді.

Шараға «Нұр Отан» партиясының өкілдері, депутаттар, ҮЕҰ өкілдері қатысты. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің Төрағасы Нұрбек Оршыбековтің үндеу хаты тыңдалды.

Конференция жұмысының қорытындысында Әлия Мәмбеталина жақсы қатысқан мектептерді мадақтады.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз