ДІН ТАҚЫРЫБЫ ЖӘНЕ БАҚ
Бұқаралық ақпарат құралдарындағы дін тақырыбы, діни негіздегі лаңкестік көріністерін жария етудегі кездесетін кемшіліктер туралы кеңінен сөз қозғаған «Дін саласындағы мемлекеттік саясатты жариялаудағы БАҚ ролі» тақырыбында таяуда Ақтөбе қаласында өткен семинарға республиканың әр қиырынан журналистерді жинады.
Алқалы шараға Қазақстан Республикасы Дін істері агенттігі ұйытқы болса, «Ұлағат» мәдениет және даму қоры қолдау білдірді.
ҚР Дін істері Агенттігі төрағасының орынбасары Ғалым Шойкинның төрағалығымен өткен басқосу барысында аталмыш тақырыпты жазу, жариялау барысындағы негізгі кездесетін кедергілер, жалпы БАҚ-ның елдегі діни ахуалға ықпалы турасында терең әңгіме қозғалды.
Модератор Ғалым Нұрмағамбетұлының «Дін – нәзік те терең тақырып. Оны терең түсініп жазу журналистерге үлкен жауапкершілік жүктейді» деген пікіріне қолдау білдірген Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі Амангелді Айталы «Ең алдымен, тақырып туралы жазып отырған журналист осы мәселе жайлы егжей-тегжейлі түсініп алғаны жөн» деп атап өтті.
Ал, «Дін және дәстүр сұхбаты заманауи сын-тегеуріндер арасында» тақырыбындағы баяндамасымен мінберге көтерілген ҚР Дін істері агенттігі төрағасының кеңесшісі Айнұр Әбдірәсілқызы мағыналы да мәнді әңгіме өрбітті. Өз кезегінде саланы терең зерттеп жүрген Л.Гумилев атындағы Еуразия мемлекеттік Университетінің философия кафедрасының доценті, Астана қаласы әкімдігінің «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» мекемесі директорының орынбасары Есбосын Смағұловтың да баяндамасы журналистер үшін біраз өзекті мәселені қозғады. Сол секілді жиын барысында интернеттегі материалдарды пайдалану, діни қауіпсіздік жайлы да әңгіме қозғалды. Шара соңында журналистерге көмекші құрал ретінде «Діни терминдер мен ұғымдардың анықтамалығы», «Діни экстремизм мен терроризм көріністеріне байланысты оқиғаларды жариялау жөніндегі әдістемелік ұсыныстар» кітапшалары тарту етілді.
Гүлжан ӘМІРОВА.