Жарнама
Қоғам

ДІН ДЕ РУХАНИ ДҮНИЕНІ ҚАЛЫПТАСТЫРАДЫ

 

Қазақ қауымы осы кезеңге дейін қалыптасып үлгерген өзінің рухани қазыналарын түгендеп, бір жүйеге салып, оның шынайы құндылығын анықтап,зерделеуде. Кеңестік идеологияның көлеңкесінде қалып қойған қазақ халқының іргелі дүниелерінің ішіндегі діни болмысымызға жаңаша мән беріп, оның біртұтас жүйесін жасап шығару үлкен қоғамдық-ғылыми жетістік болар еді. Дін  рухани мәдениеттің тарихи формаларының бірі екендігі белгілі. Дінді рухани өмірден бөле қарау немесе оны сол руханилықтың негізі, алғышарты ретінде қабылдау діннің рухани өндірісіне ешқандай қатысы жоқ  деген жалған түсінік туғызады. Ал, бұлай ойлау жалпы рухани мәдениетті мешеулетумен бірдей. Мысалы, орта ғасырларда дін үстем идеологияға айналып, тек көзқарастық қана емес, сонымен бірге, өмір салттық та роль атқарды. Бұл дәуірде діннің бақылауынсыз ешқандай рухани туынды өмірден орын таба алмады.

Әрбір дін, соның ішінде ислам да, өзі тараған жерлерде өзіндік діни қағидаларды, тәртіптерді өзіне тәуелді етіп отырды. Осы орайда профессор Қ.Шүлембаев: «Халықтың рухани тарихын зерттеуде мәдениет пен діннің қатар келе жатқаны байқалады. Мәдениеттің көркемдік,сезімдік, танымдық мүмкіндіктерін дін әрдайым өз қажеттеріне пайдаланып отырады. Өз кезегінде діннің үстем қоғамдық сана болуға тырысуы сол мәдениет жетістіктерінің халықтың рухани қорларды кеңінен пайдалануына себепкер болды. Аталған дәнекерлікті түсінбеу олардың ара-қатынасын тек тәуелділік ретінде қарастыруды туғызды», — деп орынды пікір айтады.

Кез-келген дін ешқашан да өзгеріссіз сол күйі қалған емес, тарих тегершігінің айналуымен тұрақты түрде өзгеріске ұшырап отырды. Жаңа жағдайға бейімделе отырып, діни сенім жаңа әлеуметтік құрылымға білгірлікпен қызмет етті, сөйтіп осы арқылы адамдарға деген ықпалын сақтап қалды. ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап ислам идеологтарының арасындағы реформашылдыққа, жаңартуға ұмтылу сипаты белең алды. Олардың көпшілігі мұсылман елдеріне еуропалық цивилизацияның, ғылымның, техниканың және мәдениеттің  жетістіктері енуін, буржуазиялық қатынастардың дамуын көрді. Бұл ағым  Шығыс елдерінде феодалдық қатынастардың бұзылуына, таптық күрестің ушығуына, сондай-ақ, қоғамдық сананың формасы ретіндегі исламның модернизациялануына себепші болды. Бұл сөзімізге ХІХ ғасырдың аяғындағы – ХХ ғасырдың бас кезіндегі мұсылман дінінің ғалымдары: Сайид Ахмад ханның (1817-1898), Жамал ад-Дин әл-Ауғанидің (1839-1909), Мұхаммед Әбдінің (1834-1905) және Мұхаммед Икбалдың (1873-1938) көзқарастары бойынша, өнеркәсіпке күрделі қаржы жұмсауға, әйелдерге ерік беруге, нақты  ғылымдарды дамытуға, шариғат заңдарын жетілдіруге жол беруге болатыны туралы ілімі дәлел бола алады. Зерттеуші М.Әбдінің пікірінше, «ислам ескі  жамылғыларын сыпырып тастап, ғылым мен прогрестің талаптарына толық сәйкес келе алады. Ол үшін дінді зерттеушілердің, ғалымдардың біраз күш-жігер жұмсауы қажет». Осынау ислам модернистерінің ой-пікірлері Қазақстан мұсылмандарының көзқарастарымен үндесіп жатыр.

Халқымызда «Ғылым мен дін – егіз» деген қағида бар. Бұл біздің дінімізге еш қайшы келмейді, ғылым адам игілігін алға бастырса, дін рухани дүниені қалыптастырады. Кез-келген дін сияқты, ислам діні де адам қоғамына тән адамгершілік-имандылық негіздеріне сүйенген. Оған қоса ислам діні өзі дүниеге келген ортаның сұранымымен үндесіп жатады. Ол тек қана наным-сенім аясымен шектелмей, сол діндегі елдердің өмір-салтына, адамгершілік негіздеріне, дәстүріне айналып отыр. Сондықтан, біз бүгінгі таңда жер бетінде миллиардтан аса адамның зейінін өзіне тартқан ислам дінін ең алдымен рухани құбылыс ретінде құрмет тұтамыз.

Ал, қазақ халқының тарихында ислам дінінің толық дами алмағанына көшпенділік тұрмыстың салты мен санасы,әдеті мен ғұрпы кедергі болса керек. Егер халқымыздың өмір-салтын ғылыми зерделейтін болсақ,  қазақ халқының тарихи-әлеуметтік болмысында ислам дінінен гөрі,  тәңірлік діннің әлдеқайда басым екеніне көзіміз жетер еді. Тәңірлік дін әлі түбегейлі зерттеліп, адам қоғамындағы орны жете анықталған жоқ. Біздегі «бақсылық» деп аталған шамандық та,  түптеп келгенде, тәңірлік діннің бір тармағы іспеттес. Ислам діні қазір қазақ жерінде екі бағыттағы қызметімен көрініс табуда. Біріншісі – мәдени-ағартушылық, екіншісі – саяси-әлеуметтік. Бірінші бағыт: халықты жалпы мұсылмандыққа насихаттау, халық дәстүрлерімен ұштасқан исламның рухани мәнін түсіндіру. Дін дүниесіне байланысты шығармалар қазақ даласында сонау Әбу Насыр әл-Фараби кезеңінен қалыптасып, біртұтас рухани ілімдер, орныққан көзқарастар жүйесі үзіліссіз жалғасып келеді.

Туған топырақтан алған тәлімін араб, парсы мәдениетінің, ислам өркениетінің ақыл-ой қазынасымен ұштастырған энциклопедист ғалым «иләhи хикмет», «тәңірлік даналық» ілімінің негізін салды. Бұл ілім өз кезегінде әл-Фарабидің даңқты отандасы – Жүсіп Баласағұн шығармашылығында «Құтты білік» деген атпен жалғасын тапты. Қос ғұламаның жерлес ізбасары Қожа Ахмет Яссауи бұл ілімді «хикмет ілім» деген атпен дамытты. Бұл ілімнің негізгі қағидалары Яссауидің «Диуани хикмет», «Пақырнама» еңбектерінде көрініс тапты.

Яссауи танымдық мектебінің барлық өкілдері мен Алтын Орда дәуірінде өмір сүрген барлық қаламгерлер (ақындар мен шежірешілер) туындыларынан олардың діни және дүниетанымдық мәселелерде әбден қалыптасқан, жүйеленген, орныққан біртұтас көзқарастарға ие екені аңғарылды. Бұл көзқарастардың негізін ең алдымен ұлттық құндылықтар мен отаншылдық қағидаларды қорғау, екіншіден, ислам шариғатына құрметпен қарай отырып, әрі  қарай дамыту қағидаттары тұрды.

Екінші бағыт: саясаттанған ислам, бұл дінінің тарихи тұрғыдан қалыптасқандығын және өзінің болашақ даму жолдарын іздестіре отырып, бүгінгі күні де сан алуан идеялар мен пікірлер күресі аясында өмір сүруде екенін атап айтқан жөн. Елімізде орын алып отырған үдерістердің өтпелі сипаты Қазақстандағы исламдық кеңістіктің қалыптасуын күрделендіре түсті. Біз бұрынғы кеңес кеңістігіндегі ел мұсылмандарының бір бөлігінің шеттен келіп жатқан радикалды сипаттағы діни идеялар мен ой-пікірлерді белсенді түрде қабылдауына ықпал еткен «жаңа исламдандыру» толқынымен бетпе-бет келіп отырмыз. Діни экстремизм сипатындағы бұл құбылыс ХХІ ғасырда кең етек ала бастады. Қазіргі күні оның ықпал ету аймағы ұлғайып, экстремистердің іс-қимыл аумағы өзгеріп отыр. Мұның өзі Тәуелсіз Қазақстан Мемлекетіне, оның сыртқы, ішкі саяси ахуалына салқындығын тигізуі мүмкін. Сондықтан да, біздер өскелең жас ұрпақтың мұндай діни бағыттардан ада болып, егемен еліміздің мықты патриоттары, өз ісіне адал, ұлтжанды мамандары етіп тәрбиелеуіміз керек.

Біз тарихи тағылымға, дәстүрлі өнегеге бай  Қазақ еліміз. Кемеңгер бабаларымыз бізге ұлан-байтақ даланы ғана емес, баға жетпес рухани мұраны да мирас етті. Сан ғасырлар бойы елдік пен ерлікке, адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеп келген сол рухани мұраны лайықты түрде игере алсақ, келер ұрпақ үшін де мың жылға жетерлік рухани азық болары даусыз. Міне, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Ұлытау төріндегі толғаныстан туындаған ой-пікірлері өз жалғасын табады деген сенімдеміз.

Болат НЫҒМЕТОВ,

Атырау мұнай және газ институты «Автоматтандыру,

басқару және экономика» факультетінің деканы,

тарих ғылымдарының кандидаты.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button