ТАТУЛЫҚТЫ ТУ ЕТІП…

«Бірлігі жарасқан ел озады» деген тақырыппен облыстық «Атырау» газеті ұжымы ұйымдастырған «Дөңгелек үстел» материалын (№18, 17 ақпан, 2015 жыл.) оқи отырып, терең ойға қалдым. Шындығы сол, қарапайым тұрғындар Ассамблеяның қандай құрылым екендігін біледі, бірақ, оның біздің қоғамға қаншалықты қажеттілігін, оның атқаратын рөлін терең түсіне бермейді. 

«Дөңгелек үстел» басына жиналғандар Қазақстан халқы Ассамблеясының мән-маңызын талдап, талқылап, оны оқырманға жеткізе білген. Бұрын көпшілік этномәдени бірлестіктерді тек мәдени шаралармен ғана шектеледі деп ойлайтын. Өткен әңгіме алаңында бірлестіктер атқарып жатқан істер, қоғамның көп мәселенің ұйытқысы екендігі жайында жан-жақты айтылады.

Басқосу барысында Атырау мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы Өмірбек Бекежанның қазақстандық қоғамның көп ұлтты сипаты жайында, көп жағдайда оқу орындарында оқымайтын жастардың тәрбиелік жұмыстардан тыс қалатыны туралы айтқанын мен де қолдаймын. Расында да, Ассамблеяның мәні, рөлі жайында жоғары оқу орындарында, колледждерде ғана айтылады да, басқа жастар бұдан бейхабар болады. Бейбітшілігіміздің ұйтқысына айналған Ассамблеяның атқаратын рөлін ел арасында насихаттау бірлікті нығайта түсумен қатар, оның маңызын одан әрі арттыра түседі деген ойдамын.

Сондай-ақ, «Дөңгелек үстел» басында мемлекеттік тіл мәселесі де орынды көтерілген. Қазақстандық патриотизмді қалыптастыру үшін ең алдымен, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру қажет деп санаймын. Тілді білу арқылы адам сол елді таниды, тарихына көз жеткізеді. Сол арқылы елге деген құрметі артады, оның ежелден келе жатқан салт-дәстүрін, рухани құндылықтарын бағалайды. Еліміз азаматтарына тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мемлекеттік тілді меңгеруді міндет етпесе де, өзге ұлттар қазақ жеріне құрметпен қарады, жергілікті халықтың бауырмалдық қасиеттерін жоғары бағалап, тілін де меңгеріп, қазақтың жанына ұйысуға тырысты. Соның нәтижесінде түрі басқа болса да тіл табыса білген қазақстандықтар өзге елдер қызыға қарайтындай тату-тәтті елге айналды.             

Қазақбай БЕКМҰРАТОВ,

«Еділ-Жайық» қарақалпақ этномәдени бірлестігінің  төрағасы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз