РЕФОРМА – ІЛГЕРІЛЕУ КЕПІЛІ

Ермекқали ЮСУПОВ, Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы облыстық филиалының төрағасы, Атырау қалалық мәслихатының депутаты.

Елбасын ұлықтау рәсімінде Мемлекет басшысы Н.Назарбаев бес институттық реформаны жүзеге асыратын тетікті атап көрсеткен болатын. Бұл ел мүддесімен ұштасқан, нақты істерге бағытталған жоба деп білемін. Бес ауқымды ішкі міндет еліміздің экономикалық дамуына жаңа жол ашып отыр. Жаңа экономикалық саясат әлемдік экономикадағы келеңсіз үдерістердің үдеуіне жол бермеуге ғана емес, сонымен бірге, таяу он-онбесжылдықта елімізді кешенді дамытуға да бағытталған.

 

Бес бағытта көрініс тапқан маңызды мәселелердің барлығы да орта және шағын бизнесті дамытуға, қызмет сапасын арттыруға оңтайлы жағдай тудырады.

Бұдан бұрын да Елбасының бастамасымен көтерілген индустрияландыру бағдарламасы іске асқанының арқасында біздің облысымыздағы шағын және орта бизнес дами түсті, өндіріс орындары ашылып, жаңа жұмыс орындары пайда болды.

Реформаның арқасында алдағы уақытта жұмысымыз жанданып, елдегі экспорттың әлеуеті артары сөзсіз, соның нәтижесінде өндіруші сектордың аясы кеңіп, жаңа экспорттық өнімдерді шығару ісі жолға қойылмақ.

Елбасының Үкіметке беріп отырған тапсырмалары үздіксіз әрі жедел түрде орындалуы тиіс міндеттер. Мұндағы тағы бір тоқталар ой, елдегі жұмыссыздықты азайта түсу үшін шағын және орта бизнесті ынталандыра беру қажет. Отандық тауар өндірушілерді қолдау, олардың қызметіне лайықты жағдай жасау, отандық кәсіпорындардың бәсекелестігін арттыру мемлекет дамуына жол ашатыны сөзсіз.

Біздің партияның мақсаты осы мәселелерді жүзеге асыруда бақылау мен жауапкершілікті арттыру болып табылады. Бұл біздің кәсіпкерлер партиясы ретінде ерекше назарымызда болмақ.

Жұмыссыздықпен күрес – біздің партияластарымыздың басты нысанасы. Бұл жерде азаматтарымыздың масылдық психологиядан арылуы үшін көп жұмыстануға тура келеді. Өйткені, олардың көпшілігі «ауылда жұмыс жоқ», «Үкімет өлтірмейді» деген ескі көзқарастан арылатын уақыт жетті. Жұмыссыздар ең болмаса, үкіметтің алты пайызбен ауыл шаруашылығына беріп отырған қаржысын алып, кәсіпкерлікпен айналысуы керек. Мұндай тәжірибе өңірімізде жетерлік. Тек ұмтылыс қажет. Елбасының халықты жұмыспен қамту үшін жасап отырған қамқорлығы ұшан-теңіз. Оны әр отбасы тиімді пайдаланса деймін.    

Ұлт Көшбасшысы ұсынған институционалдық бес реформа даму қарқынын сақтап, мемлекеттік басқаруды жетілдіруге, қазақстандық қоғамды бұдан былай да нығайтуға бағытталып отыр.  Айтылған тапсырмаларды орындауға әрбір азамат, қоғамдық ұйымдар нақты үлес қосса, экономикалық әлеуетіміз көтерілері даусыз. Жалпы бұл бес реформа Елбасының таяу жылдарға арналған еліміздің ішкі және сыртқы саясатындағы негізгі бағыттарын белгілеп берген тарихи құжат деп түсінген жөн. Онда қазіргі кезеңдегі  экономикалық реформаларды тереңдетуге серпін беру қажеттігіне ерекше назар аударылған. Уақыт сынынан мүдірмей өту біздің баршамыздың қажыр-қайратымыз бен ақыл-ойымызды талап етеді. Бұл орайда ақжолдықтар да алғы шептен көрініп, белсенділік танытатынына сенімдімін.

Реформаны жүзеге асыру барысында «Ақ жол» ҚДП-сының мүшелері оның негізгі қағидаларына сүйене отырып, Елбасы алға қойған мақсат-мүдделерді орындауға бір кісідей жұмылуда.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз