Депутаттар халықпен бірге тасқынға қарсы дайындықта жүр

img 20240412 wa0303 Қоғам

ҚР Мәжіліс депутаттары Әділ Жұбанов пен Еділ Жаңбыршин Атырау облысындағы су тасқынына дайындық жұмыстарымен танысып, қолдау көрсетуде.

Халық қалаулылары облыстық штаб құрамымен бірге, Жайық өзенінің арнасынан тасу қаупіне қарсы жасақталған тиісті жоспарларды нақтылауда. ҚР Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин Ресейден бастауы алатын Жайық өзенінің Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарына келетін көлемі мен деңгейіне алаңдаушылық білдіріп, уақыт барда тиісті дайындық жұмыстарын күшейтуге назар аударды.

Депутат Әділ Жұбанов облыста төтенше жағдай режимі жарияланғаннан бастап атыраулықтардың көрші облыстарға өз еріктерімен кетіп жатқанын айтты. Соған байланысты ҚР Көлік министрі Марат Қарабаевқа хабарласып, Атырау-Астана, Атырау-Алматы, Атырау-Ақтау және де басқа да өңірлерге әуе, теміржол бағытында қосымша вагондар мен рейстер қосу қажеттілігін мәселе етіп көтерді. Аталған бағыттарда қосымша рейстер шығарылуда. Сонымен қатар ол әуе, теміржол билеттерінің құнын қарапайым халыққа қолжетімді, арзан бағада ұсыну бойынша тиісті мекемелерге ұсыныс беріп, министрліктің қатаң бақылауына алуды да басшылыққа алатынын хабарлады.

Атырау облысындағы төтенше жағдай тұрақталғанға дейін депутаттар халықпен бірге болып, мәселені бақылауға алмақ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз