БАЛДӘУРЕН БАҚЫТТЫ БОЛСЫН ДЕП…

Атырау cервис колледжінде   «Зорлық-зомбылықтың алдын алу – отбасының, мектептің, қоғамның проблемасы»  тақырыбында «дөңгелек үстел»  өтті. Оған қала, аудандардағы  орта мектептердің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, психологтар,  мұғалімдер, ата-аналар мен бұқаралық  ақпарат құралдарының  өкілдері қатысты.

 

Ең алдымен сөз алған облыстық ата-аналар кеңесінің төрайымы, заңгер Ұлмекен Сапарова ұйымдастырылған ақпараттық науқанның маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында 2009 жылы елімізде арнайы заң қабылданды. Алайда, бұл заң бүгінгі өмірімізде қазір өз деңгейінде жүзеге асып отыр деу қиын. Өңірімізде жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар баршылық. Сондай-ақ, көптеген ата-аналардың бала тәрбиесіне салғырт қарауы, қатыгездік таныту жайттары жиі кездеседі. Зорлық-зомбылық жағдайында зәбір көруші жасөспірімдер нашақорлыққа салынып, не өз-өзіне қол жұмсауына  душар етеді. Бұл жағдай қоғамымыздағы көкейкесті проблеманың біріне айналуда.

«Дөңгелек үстел» басына жиналғандар әңгіме арқауына айналып отырған мәселе төңірегінде сөз қозғады.  Махамбет ауданының  Қ.Қарашаұлы атындағы Сарайшық орта мектебінің психологы Нұрсұлу  Тауова облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмек көрсету бөлімшесінің маманы Ағзияш Дюсенғалиева, Құрманғазы ауданының Ақкөл орта мектебінің психологы Айгүл Абдрахманова,  облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының психологы Оразбике Қамиевалар өз ойларын ортаға салды.

«Дөңгелек үстел» басында  облыстық білім беру басқармасы әдістемелік кабинетінің бөлім басшысы З.Ізтелеуова, басқа да сөйлеушілер  кәмелеттік жасқа толмаған балалардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында жұмыс жүргізу қажеттігіне назар аударды.

Сондай-ақ, «Зорлық-зомбылықсыз  балалық шақ» акциясы аясында қаладағы №2 орта мектебінде «Анам, әкем және мен – біз саламатты жанұя!» атты спорттық марафон өткізілді. Онда қала мектептерінен 14 команда қатысып, спорттың бірнеше түрінен сайысқа түсті.

Сайыста №№20, 22, 30, Бесікті, басқа да  орта мектептердің командалары  жеңіс тұғырынан көрінді. Жеңімпаздарды қалалық білім бөлімінің әдіскері Айнагүл Бөлекова мен аймақтық дене тәрбиесі және спортты дамыту орталығының бас маманы Ұмсындық Нұрекешева арнайы дипломдар, медальдармен марапаттады.

Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз