Жарнама
Қоғам

ДЕПУТАТ БЕЛСЕНДІЛІГІ ҚАНДАЙ?

Күн тәртібінде көрініс тапқан екінші мәселе — «Нұр Отан» партиясы Атырау қалалық филиалы жанындағы жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелерінің құрамын өзгерту. 
— Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев партияның ХV съезінде «Саяси көшбасшылықта – біздің ымырасыз принципті мәселеміз жемқорлық стратегиясы болып табылатындығын» атап өтті. Партия мүшелері жемқорлықты әшкерелеп, бірінші болып дабыл қағуы керек. Мемлекеттік қазынаның бір теңгесі болса да қараусыз қалмауы қажет. Сол кезде ғана қазынаға қол сұғушылармен күресу нәтижелі болады, — деген қала әкімі, «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының төрағасы Серік Айдарбеков, сондықтан да, қалалық партия филиалы жанындағы жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңес өзінің жұмысын жандандыру және сапасын арттыруы керектігін айтты. Осы орайда, жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңестің ережесіне сәйкес, қалалық мәслихат депутаттарымен, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен толықтыру мақсатында және қоғамдық кеңес мүшелері арасындағы партия мүшелерінің мемлекеттік қызметке ауысуына байланысты, олардың орны толықтырылды. Мәселен, Жемқорлықпен күрес жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы лауазымына ұзақ жыл прокуратура саласында қызмет еткен Алмаз Шеркешбаев тағайындалды.
Басқосуда айтылған екі мәселе бойынша сөз алған қалалық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қанат Әзмұханов фракция мүшелері арасында қоғамдық жұмыстарға араласпайтын депутаттардың барына да тоқталды.
— Себебі, кейбір депутаттардың қоғамдық қабылдауларды жүргізуі өте төменгі деңгейде. Қоғамдық қабылдаудың аз болу себебі — азаматтардың қабылдауға келмеуі. Яғни, олар осы күнге дейін мәселелерді шешуде депутаттардың көмегі немесе ықпалы тиетініне толық сенбейді. Олай болуының себебі — депутаттардың округтеріне барып, өз сайлаушыларымен кездесулерді мүлде өткізбейтіндігі.
Партия жанынан құрылған партиялық бақылау бекеттерінде, депутаттардың өздеріне белгіленген нысандарды бақылауы әлі төменгі дәрежеде. Бекет басына бармайтын фракция мүшелері де бар болып шықты. Тексеру кезінде бір бекеттен басқа бекеттерде баннерлердің жоқтығы және кейбір бекет жетекшілерінің мүлде келмейтіндіктері анықталды. «Мәселен, Ерниязова 18 үйдің құрылысына мердігер «ВостЗапИншат» ЖШС директоры Габиб Аллахвердиевтің айтуынша, жетекші болып табылатындығына қарамастан, Майра Смаилова бекет ашылғаннан бері мұнда бір рет те төбе көрсетпеген, яғни ешқандай жұмыс атқарылмаған. Сондықтан, алдағы уақытта әр депутат белгіленген бекетке барып, ондағы мәселелерді қарап, мәліметті қалалық партия филиалына ай сайын тапсырып отыруы қажет», — деді партияның қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.
Енді әр фракция мүшесіне жеке іс папкалары ашылып, атқарылған жұмыстарымен қатар, кемшіліктері тіркеліп отырылуы тиіс. Сол жинақталған жұмыстары бойынша жыл соңында өз жұмысын орындамаған депутаттардың партия жарғысына сай, саяси кеңесі бюросында партиялық жауапкершіліктері қаралмақ.

Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button