Ие мен кие

Елбасының жерді пайдалануға, өңдеуге беруге байланысты идеясы өте дұрыс. Енді оны іске асыру механизмі жетіспей  жатыр.

Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, жерді түпкілікті жекеге меншіктегеннен гөрі, оны белгілі бір мерзімге жалға берген әлдеқайда тиімді. Біріншіден, жер – халықтыкі. Және ол ел игілігіне қызмет етуі тиіс.

Енді «жерді неге жекеге беруге болмайды»  дегенге түсінік берейін. Бір поселкеде 100 адам тұрады және олардың оны жерді жеке меншікке сатып алды делік. Сөйтеді де, олар әлгі жерді қоршап алады. Арада уақыт өткеннен кейін жері жоқ 90 адам малын жаятын жер таба алмай, оның соңы дау-дамайға, түсініспестікке алып келеді. Мысалы, Махамбет ауданында осындай проблема бар. Сондықтан, Жер кодексінде осындай жайлар ескерілуі және оны шешудің нақты механизмдері көрсетілуі керек.

Бізге сонымен бірге, мынаны да түсініп алу керек. Қазақ даласында бос жатқан жер жоқ. Жердің қай бөлігін алып қарасаңыз да, онда біріміздің жылқымыз, түйе, сиыр, қойымыз жайылып  жүр. Егер  жер шетелдікке  жалға  берілетін болса, оның қоршауын менің не сіздің малыңыз бұзуы мүмкін. Сол кезде шетелдік заңды негізге алып, қоршауды бұзған малды қуып тастауы, иә тіпті бермей қалуы мүмкін.

Қазірдің өзінде Қазақстанның шекарадан өтіп кеткен малын кері қайтарып алу проблема болып отыр. Жерге байланысты Түркиядағы күрдтердің дауы, Израиль мен Палестина арасындағы қырғиқабақ жағдай бізге сабақ болуы тиіс. Президент мораторий жариялау арқылы жауапты министрліктерге осы мәселе бойынша да ойлануға мүмкіндік беріп отыр деп есептеймін.

Және бір ескерерлігі, жер міндетті түрде  жалға берілуі керек. Онда да жерді жалға алған адам оны ауыл шаруашылығы мақсатында ғана пайдалануға заңмен міндеттелуі керек деп ойлаймын. Жер иесі оның киесінен қорыққаны жөн.

 

Бекет  КЕНЖЕҒҰЛОВ,

техника ғылымдарының докторы,

профессор, облыс әкімі жанындағы қоғамдық кеңес мүшесі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз