Блокадада болған ЖАУЫНГЕР

pvavpav Қоғам

КӨПТІ КӨРГЕН ҚАРИЯЛАР ӨЗАРА БАС ҚОСҚАНДА, «АСПАНЫМЫЗ АШЫҚ БОЛСЫН, БІЗ КӨРГЕНДІ БАЛАЛАР КӨРМЕСІН» ДЕП ОТЫРАТЫН. ОНДАЙДА «ОЛ НЕ ДЕГЕНІ, ОЛАР ДА БІЗ СИЯҚТЫ АДАМ ЕМЕС ПЕ?!» ДЕП ОЙЛАУШЫ ЕДІК. БҮГІНДЕ СОЛ ҚАРИЯЛАРДЫҢ ӨМІР СҮРГЕН ДӘУІРІНДЕГІ НЕБІР СҰРАПЫЛ КҮНДЕР, ТАУҚЫМЕТ ПЕН БЕЙНЕТКЕ ТОЛЫ АУЫР ЕҢБЕК ЖӨНІНДЕ АШЫҚ ДЕРЕККӨЗДЕРДЕН ОҚЫП БІЛГЕН СОҢ АНЫҚ КӨЗ ЖЕТКІЗЕ БАСТАДЫҚ.

Сол заманның куәгері болған жанның бірі – менің атам Сабыр Маңғыстауов 1911 жылы сол кездегі Гурьев уезіне қарасты Қараөткел жерінде дүниеге келіпті. Талқайраң мен Бесіктінің аралығындағы осы елді мекен бір кезде «Тасқайраң» ұжымшары деп аталған. Ал, тарихта Қараөткел аты үлкен сауда жәрмеңкесімен танымал. Осы жердегі екі басқышты орыс-қазақ мектебінен 4 сынып бітірген Сабыр атам кейін түрлі жұмыстар жасап, шаруашылық ұйымдастыру істеріне белсене араласады. Ақыры, Есбол ауданының Кулагино ауылында аудандық жер бөлімінде қызмет істеп, ұжымшарға есепші, кейін бас есепші болып ауысады. Ол кездегі шаруашылықтар аса үлкен болмаса да негізінен мал өсірумен шұғылданыпты. Есбол ауданының ұжымшарлары Жайық бойынан гөрі Нарын құмына сұғына еніп, жыл он екі ай төрт түлікті жайып бағуға бейімделген. Қаншама ауыр болса да, түгелдей қолмен атқарылатын шаруашылық ісінде еңбекшілердің халық шаруашылығын жақсарту жұмысына ынтасы мен белсенділігін арттыру мақсатында түрлі жарыстар ұйымдастырылып, жұмысшылардың құлшынысын арттыру дәстүрі әлі де өзінің маңызын жоймаған игі қадам ғой. Бұл бағытта да атамыздың жұлдызы жоғары болған сияқты, 1940 жылы КСРО Ауыл шаруашылығы Халық Комиссариатының «Социалистік жарыстың жүлдегері» белгісімен марапатталған.

Көп ұзамай, неміс фашистері Кеңес Одағына тұтқиылдан шабуыл жасап басып кіргенде, елдегі еркек кіндіктінің барлығы дерлік майданға лек-легімен аттанып жатады екен. 1942 жылдың күзіне таман кезек менің атама да жетеді, қыркүйек айында Гурьев облысының Есбол аудандық әскери комиссариаты арқылы әскер қатарына шақырылған Сабыр Маңғыстауов 1942 жылдың 15 қарашасына дейін карантинде болып, сақылдаған сары аяз басталғанда Ленинград облысының Волхов қаласына жіберілген. Бұл Ленинградқа қауіп төніп, көсем атындағы қаланы қорғауға Бас қолбасшы И.Сталиннің барлық күшті төгіп жатқан шағы болатын. 1941-1944 жылдар аралығында 872 күн бойы блокада жасалып, қаламен қарым-қатынас мүлдем үзілген. Дәл осы кезде қаланың миллионға жақын тұрғыны опат болыпты. Бет қарыған аязды күндері тек мұз үстімен ғана жасырын жолдар болса керек. Қалған уақытта қала халқы және фашистермен соғысып жатқан Кеңес Армиясының ержүрек жауынгерлерін азық-түлікпен қамтамасыз етуге де біршама қажыр-қайрат пен күш-жігер қажет еді.

Менің атам құрамында болған 180-дербес қоржынды от шашу батальонының 96-далалық армиялық базасы да Ленинград қаласына аттандырылып, әуелі әскери азық-түлік қоймасына, кейіннен қорғаныс отрядына қосылған. Өйткені, жан-жақтан жау қоршаған қалада бір үзім нан табу да аса қиын, барлық тамақ түрі тек грамдап беріледі. Тамақ дегенде де қара нан мен қант табылса, жауынгерлер мен қала халқы қой сойғандай мәз болады екен. Міне, осындай қиын шақтағы өзге қаруластарымен бірге атамыздың да ерен еңбегі ескеріліп, ол КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1942 жылдың 22 желтоқсанындағы Жарлығымен «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен марапатталады. Алайда, қанқұйлы жаудан қорғана жүріп, Ленинград тұрғындарын нәрем аларлықтай ғана азық-түлікпен қамтамасыз етіп, құрсаудан аман алып шығу үшін жанталасқан 180-дербес қоржынды от шашу батальоны 96-далалық армиялық базасының сарбаздарында оны ескерер жағдай да жоқ, тіпті марапатқа ие болғанын да білмесе керек. Медаль мен №340599 куәлік 1943 жылдың 19 тамызында тапсырылған.

Сабыр ата жабдықтаушы құрамда болғанмен, Ленинградты азат ету жолындағы жанкешті әрекет кезінде 1943 жылдың 15 қыркүйегінде ауыр жарақат алып, онкологиялық институттың әскери госпиталінде емделеді. Ақыры, сол жылдың 16 желтоқсанындағы әскери дәрігерлік комиссияның шешімімен «әскер қатарына жарамсыз» деген қорытынды бойынша елге қайтарылыпты. Елге 1944 жылдың басында оралған атам Сабыр Маңғыстауұлы ұжымдық шаруашылықтарда (колхоз), кейін «Теңдік» кеңшарын қалыптастырып, қаржы-шаруашылық қызметінің дамуына зор еңбек сіңіреді.

Алпысыншы жылдардың бас кезінде Гурьев гидрогеологиялық мекемесінің шаруашылық бөлімінде қызмет атқарған ол «соғыс мүгедегі» ретінде ескеріліп, бірқатар мемлекеттік наградаларға ие болды. Ұрыс даласындағы қиян-кескі соғыста көрсеткен ерлігі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1945 жылдың 9 мамырындағы Жарлығымен «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», сол жылғы 6 маусымдағы Жарлықтың негізінде «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы қажырлы және жанкешті еңбегі үшін» медалдарымен марапатталған. Одан кейін де атамның жауынгерлік ерлігі ұмытылмай, қажырлы еңбегі «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 20 жыл», «КСРО Қарулы Күштеріне 60 жыл», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 40 жыл», «КСРО Қарулы Күштеріне 70 жыл» мерекелік медалдарымен аталып өтті. Мұндайда атақты ақын Ілияс Жансүгіровтың «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, Ел, тегі, қайдан алсын кемеңгерді?!» деген жыр шумақтары оралады. 1948 жылы әжеміз Ағибаш Аманжоловамен жұбы жарасып отау көтерген Сабыр атамыз өкіметтің тапсырмасымен Түркіменстан Республикасына аттанып, ондағы Чарджоу облысы Динау ауданының Чомбо-базар елді мекенінде есепші болып еңбек етеді. Ата-анасы азан шақырып қойған есімі сол жылдарда түркімен тілінің ықпалымен өзгеріп, сол елде дүниеге келген менің әкем, бүгінде елге танымал су шаруашылығы маманы Едігенің тегі құжатқа «Сабуров» болып жазылыпты. Көкеміз Есеттің кіндігі де 1954 жылдың маусым айында сол топырақта кесілгенмен, оның туу туралы куәлігі Қайыршақтыға оралған соң толтырылған. Ал, одан кейінгі ұл-қыздары Қосбатыр аға мен Қарлығаш, Қарлыға, Марфуға, Дариға апалар Қайыршақтыда туған. Тағдырға шара бар ма, Қарлыға апа он алты, Дариға апа он сегіз жасында дүние салыпты. Пенде пешенеге жазылғанды көруге жаралған ғой, атам мен әжем талшыбықтай бұралып өскен қыздарының қазасына қанша қайғырса да төзуіне тура келеді. Ақыры, атам Сабыр Маңғыстауұлы 1993 жылдың 14 наурызында сексен екі жасқа шыққанда демі үзіліпті. Одан бері де Есет, Қосбатыр ағалар бақилыққа аттанды.

Соғыс және еңбек ардагері Сабыр Маңғыстауовтың өзгеге ұқсамайтын өзгеше тағдыры оның ұрпақтарына ғана емес, бүкіл елге үлгі. Себебі, ол Жайық бойынан барып, Нева жағалауындағы қаланы қорғауға атсалысты. Блокадада болудың қандай боларын көзбен көрді, жанымен түсінді. Көрер жарығы бар екен, елге келіп, ұрпақ сүйді, бақуат ғұмыр кешті. Бүгінде оның бес перзентінен сүйген 20-дан астам немересінің де өз ұрпағы бар. Демек, жапырағы жайылған үлкен әулет.

Міне, менің атам сияқты осындай өнегелі өмір иелері ешқашан ұрпақ жадынан өшпеуі тиіс. Бүгінгі бейбіт өмір, жайлы тұрмыс, ашық аспанымыз Сабыр Маңғыстауов сынды жанкешті ерлердің арқасы. Оларды тек ұрпақтары емес, күллі ел ұлығылауы шарт. Өйткені, өткен күнді ешкім де қайта жасай алмайды.

Нұргүл САБУРОВА, немересі

Томарлы ауылы

image 2
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз