Жарнама
Қоғам

«БІЗ ҚАЗАҚҚА МӘҢГІЛІК ҚАРЫЗДАРМЫЗ»

Ендеше, біздің бүгінгі түйінін тарқатар әңгімеміз де осы бір қандай қиындыққа да мойымайтын, еңбек десе ерінбейтін, ренжіп, не қуанса да қабағынан еш кірбің білінбейтін, жылы сөз айтсаң балаша мәз болып күлімдейтін, қазақтармен екі үйдің біріндей, егіздің сыңарындай араласып кеткен елгезек халық – корейлер хақында өрбімек.
Бейбарыс ауылының байырғы тұрғыны, еңбек ардагері Роза Пен де солардың бірі. Ұзақ жылдар бойына осындағы «Бірінші мамыр» кеңшарында (қазірде жауапкершілігі шектеулі серіктестік) егіншілік саласында табан аудармастан еңбек еткен ол осы ұжымнан зейнеткерлікке шықты. Ата-бабалары 1937 жылы сонау Қиыр Шығыстан депортацияланған.
— Біздің бақилық болған әкелеріміз: «Алыстан арып-ашып жеткенде барын аузымызға тосқан бауырмал қазақ халқына мәңгілік қарыздармыз» деп үнемі айтып отырушы еді. Енді міне, сол өсиет әңгімені кейінгі ұрпаққа өзіміздің айтуымызға тура келіп отыр, — дейді бір сәт терең ой тұңғиығына бойлаған Роза Максимқызы: – Себебі, ешқандай таршылық көрмей, қиыншылықты сезінбей, мемлекет қамқорлығына кенеліп, аялы алақан жылуына бөленіп жетілген өскелең ұрпақтың дені өткен тарихымыздан бейхабар екендігін жасырудың жөні жоқ.
Қазақстанға, соның ішінде өңірімізге келіп пана тапқан корейлер кездескен қиындықтан қаймықпай, қайрат-жігерлерін ауырлыққа қарсы тосты. Қол қусырып қарап отырмай, өздеріне нәпақа тауып, елге пайда келтіруді де ойлады. Сөйтіп, 1938 жылдың көктемінде егін шаруашылығымен шұғылдану үшін оларға жергілікті басшылықтың ұйғарымымен жер телімі бөлініп, қолдарына қажетті құрал-саймандары берілді, сумен қамтамасыз етілді.
Көп кешікпей, мұнда «Авангард» және «Павлов» деп аталған екі бірдей ұжымдық шаруашылық (ол кезде колхоз) құрылды. Сөйтіп, көкөніс-бақшадан бастап, жүгері, беде, соя сияқты мал азықтық дәнді дақылдардың түр-түрін өсіруге машықтанған егіншілер (негізінен корейлер) әрі-беріден соң бұл іске әбден маманданып та алды. Көкөністен көп өнім жиып, азық-түлік молшылығын жасауға үлес қосты, «елдегі бардың ерінге тиетінін» дәлелдеп, халықтың ризашылығы мен алғысына кенелді. Ал, жуа өсіріп, өндіруден бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіштерді еншіледі. Бірер жылда корейлер мен қазақтар бірімен-бірі тіл табысып, тонның ішкі бауындай боп, етене араласып та кетті.
Қатар құрылған қос колхоздың да табысы молайып, тасы өрге домалады. Ауылдың экономикасы өркендеп, әлеуметтік ахуалы да жақсара бастады. Науқандық жұмыстардан қолдары қалт етіп, босаған сәттерінде тумысынан еріну дегенді білмейтін кәрістер бастапқыда баспана ретінде тұрып келген, қабырғасы салқын, асты сыз баспаналарын (бұрынғы казарма) кейіннен өз күштерімен салып алған тоқал тамдармен алмастырды. Біртіндеп балалар білім алатын бастауыш мектеп үйі, басқа да әлеуметтік нысандар бой көтеріп, көптің игілігіне жарады. Сәл кейіндеу Сорочинко (қазіргі Аққайың) ауылындағы қызыл қыштан тұрғызылған шіркеу ғимараты да бұзылып, оның тасынан тоғыз жылдық мектеп үйі салынды. Жергілікті тұрғындар да жаңалықты жатсынбай, еңбекқор корейлерден егіншіліктің құпиясын меңгеріп, қыр-сырын игерді.
Әлгінде айтқанымыздай, осы ұжымда отыз жылдан астам уақыт еңбек етіп, құрметті демалысқа қалған ол отағасы Роман Пенмен бірге шаңырақта үш ұл мен бір қызды дүниеге келтіріп, тәрбиелеп, өсірді. Балаларының бәрін де аяқтандырып, бал қылықты немерелерінің қызықтарына кенелген бақытты ата мен әже атанып отырған жайлары бар. Ұлдарының үлкені Вячеслав Светлана есімді орыс қызымен көңіл жарастырса, қыздары Бэлла қазақ жігіті Аслан Қағазғалиевпен отасты. Басқа балалары да өмірдегі өз жолдары мен орындарын тапты.
— Екеуміз екі ұлттың өкілі болсақ та, арамызда айырмашылық байқалған емес. Қазақтардың арасында өскендіктен шығар, жұбайым Бэлла да халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын бір кісідей-ақ біледі. Әрдайым да дастарханға қазақтың ұлттық тағамдарымен бірге, түрлі дәмдеуіштермен уытталған корей салаттарын қатар қояды. Ал, жұма күні басына орамал байлап, жеті нан мен бауырсақ пісіруді де естен шығарған емес. Бұйыртса, көп кешікпей бөпеміз де болады. Қыста ата-аналарымыз – қазақ, кәріс құдалар бір-бірін қазақы дәстүрмен соғымға шақыруды да ұмытпайды, — дейді осы тұста әңгімеге араласып, ағынан жарылған корейдің күйеу баласы, қазақ жігіті Аслан бауырымыз.
Бір кездері осындағы Чкалов орта мектебінен дәріс алып, бүгіндері облысымыздың, қала берді еліміздің әр түкпірінде жүрген корейлер жыл сайын болмағанымен, ара-тұра түлеп ұшқан ауылдары мен білім нәрімен сусындатқан алтын ұяларында бас қосып, сыныптастарымен, ұстаздарымен қауышып тұруды да дәстүрге айналдырған. Және де құр қол келмей, демеушілік көмектерін көрсетіп, мектеп мұражайын жасақтауға да қолғабыстарын тигізіпті.
Сол мұражайда сақталған академик А.Ю.Хегайдың естелігінде былай деп жазылған: «Біздерге, 1937 жылы тарихи Отанынан жер аударылып келген кәрістерге, осы елдің, қазақ халқының азаматтары, әрбір қазақ шаңырағы қамқорлық жасап, жылы қарсы алмағанда, өздеріне де жетіп-жетпей қалатын тамақтарынан жырып, жәрдемдеспегенде, төріне шығарып, қамқорламағанда, бұл өмірде, бәлкім, болмас па едік, кім білсін?! Бізді жатсынбай, бауырына тартқан қазақ халқына шексіз ризамыз, ғұмыр бойы қарыздармыз. Бұл – бұлтартпас шындық, айна-қатесіз ақиқат».
Корейлердің арасында ауыл шаруашылығымен ғана шектелмей, түрлі білім алып, мамандықты меңгеріп, әр салада еңбекке араласып, ел игілігі жолында абыройлы қызмет қылып, көптің құрметіне бөленіп, алғысын алып жүргендерінің де аз еместігін айтқанымыз ләзім. Солардың санатында сарытоғайлық Любовь Нигайдың есімі аталады.
Адам жанының арашашысы болуды армандап, мейірбике мамандығын таңдаған Любовь Федосейқызы ұзақ уақыт өз ауылында орналасқан аудандық өкпе аурулары ауруханасында жұмыс істеді. Халық денсаулығы күзетінде қырағылықпен еңбектеніп, антына адал, сертіне берік, алғыс арқалаған Люба танылды. Ғұмырының саналы бөлшегін осы салаға арнап, аға буын ардагерлер сапына қосылды. Оған қоса ісмерлікті де өмірлік серігіне айналдырған жан.
Дәулетқали АРУЕВ.
Махамбет ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button