Қоғам

БІЛІМНІҢ ҚАЙНАР БҰЛАҒЫ

Биыл  Астананың туған күніне орай есігін айқара ашқан бұл ғимарат бұған дейінгі Елбасының есімімен аталған ірі орындар қатарын толықтыра түсті. Тұңғыш Президент күні қарсаңында біз ұлттың игілігіне айналған кітапхананың мәні мен маңызын саралап көруді жөн көрдік…

Қазақстанның қалыптасу және даму тарихын зерттеу, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының идеялары мен бастамаларын ел ішінде және шетелдерде ғылыми-талдамалық және ақпараттық-имидждік ілгерілету мақсатында құрылған кітапхана жарты жылға жуық уақыттың ішінде әлемдік қонақтардың да көзайымына айналып үлгерді.                

Астананың төріндегі «Назарбаев орталығы» мекемесі жанынан құрылған тоғыз қабатты кітапханада «Мәңгілік ел», «Тұңғыш Президенттік қызмет хроникасы» сериялы кітап көрмесі, Президент экспозициясы, мобильді кітапхана орналасқан. Есілдің сол жақ бетінде бой көтерген жаңа зәулім шар іспеттес ғимарат сызбасының авторы – аты әлемге танымал әйгілі британдық сәулетші Норман Фостер. Зер салып қарасақ, ауданы 30 мың шаршы метр бұл бірегей туындының сыртқы пішінімен қатар, ішкі сәулеті де ерекше. Мұнда Мемлекет басшысының бастамалары мен ойларынан жинақталған 500-ден аса жәдігер қойылған. Ұлт көшбасшысының мұрағатын бір жүйеге келтіріп жинақтау – әлемдік тәжірибеде бар үрдіс. Мәселен, АҚШ, Франция, Түркия елдерінде Президенттер аты берілген осындай орталықтар мен кітапханалар бар.

Астананың туған күніне орай ашылған нысанда болған Нұрсұлтан Назарбаев оның әр залын аралап, аталған ғимараттың ұлттың игілігіне қызмет ететін мәдени ошақ боларына сенім білдірген. «Бұл ғимарат бас қаланың көркін одан әрі ажарландыра түсетін болады. Келешекте халықтың игілігіне жұмыс істейтін орын болады деп ойлаймын» деді, — Елбасы.

 «Тұңғыш Президент кітапханасы» деп аталғанымен, бұл орынды қазақ ұлтының игілігіне ғана жұмыс істейтін мәдениет орталығы ретінде қабылдау керек. Тұңғыш Президент кітапханасының басшысы Махмуд Қасымбековтың интернет сайттарындағы мәліметіне сүйенсек, кітапхананы Валдай, Рим клубтары сияқты дүниеге әйгілі орынға айналдыру – алға қойып отырған үлкен бір мақсат. Бұл жерге әлемге әйгілі саясаткерлер, саясат зерттеуші ғалымдар, басқа да экономика мен саясатқа араласып жүрген тұлғалардың қатысуымен «дөңгелек үстел», дискуссиялық жиындар өткізіп тұру міндеті де алға қойылған.

Кітапханада өзінің мазмұны бойынша сирек кездесетін «Елбасының мобильді кітапханасы» жобасы іске асырылды. Онда Н.Назарбаевтың 28 кітабы жинақталған. Жүргізілген зерттеулер мұндай кітапхана әлемнің бірқатар көшбасшысында жоқ екендігін аңғартады. Елбасы кітапханасының есігі жалпақ жұртқа қашан да ашық. Алдағы  уақытта көк аспанмен таласқан бұл сәулетті ғимарат әртүрлі мәдени, саяси шаралардың куәсі болары анық.         

Мәліметтерге сүйенсек, Тұңғыш Президент кітапханасы кәсіпкерлік – отандық экономиканың қозғаушы күшіне айналған жаңа заманда оны дамытуға өзіндік үлес болып қосылатын құнды еңбектермен толығуда. Кітапхананы тамашалауға келген әр шетелдік мейман Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы жазған құнды еңбектерін немесе ел дамуына қатысты басқа да кітаптарды сыйға тартады екен.

Мұнда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке коллекциясынан жинақталған экспонаттармен қатар, 20 мыңдай кітап қоры бар. Оның әрқайсысы ел дамуы жолындағы Елбасының жемісті еңбегін саралайды. Елбасының кітапханасын аралаған адам Мемлекет басшысымен тікелей жүздеспегенмен, бір табан жақын жүргендей әсерде болады. Бұл жөнінде біз тілдескен Ғ.Сланов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Гүлжанай Қалиева өз ойын былайша сабақтады: «Мен Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасының ашылу салтанатына қатыстым. Кітапхана соңғы үлгідегі технологиямен жабдықталған. 3D принтерлер, сканерлер, тіпті АҚШ-тан алдырылған құрылғылар да келушілер үшін шексіз қызмет етеді. Кітапхананың ерекше жобасы «Бұлтты қор мұрағаты» деп аталады.

Г.Қалиева «Астананың  төрінен орын тепкен Елбасы кітапханасы ендігі уақытта республиканың әр түкпірінен бой көтерсе» деген ұсынысын айтты. «Ол үшін аймақтағы Елбасымен кездескен азаматтардың Мемлекет басшысы туралы мәліметтері қазірден-ақ жинақталуы тиіс. Бүгін Елбасының кітапханасына қызығушылық білдірген әр азамат www.presidentlibrary.kz арнайы сайтына кіріп, электронды кітапхананың жүйесін пайдалануға болады. Дейтұрғанмен, сайттан оқып, білгеннен гөрі әр аймақта Президент кітапханасының қызметін ұдайы пайдалана алатындай мүмкіндік туғызылса, үлкен абырой, өңір халқына зор бедел болар еді» дейді ол.

Оның айтуынша, Ғ.Сланов атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасының саяси-қоғамдық әдебиеттер бөлімінде Президенттің кітаптары орын тепкен. Кітапхана қорында Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың 85 туындысы бар. Ал, бірінші қабатта «Елі сүйген, елін сүйген – Елбасы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылған. Оның сөрелерінде Елбасының кітаптары мен бүгінге дейінгі атқарған жұмыстарын көрсететін өзге де авторлардың еңбектері қойылған.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button