ОТАН ҚОРҒАУ – ҚАСИЕТТІ ПАРЫЗ

Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында Атырау облысының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің ұйымдастыруымен әскерге жаңадан шақырылған ұландарымызды шығарып салу рәсімі өтті. Бұл жолы мұнайлы өлкеден азаматтық парызын өтеуге 33 жас аттанғалы отыр. Олардың 15-і – «Ұлан» республикалық гвардиясына, 18-і төтенше жағдай жүйесінде қызмет етуге іріктелген. Осының өзі сарбаздардың денсаулық жағдайы, біліктілігі жоғары деңгейде бағаланғанын көрсетеді.

Салтанатты шарада Отан қорғауға жол тартқан жастарды облыстық әкімдіктің мемлекеттік құқықтық бөлімінің жетекшісі Марат Қойшыбаев «Қарулы Күштер қатарында әскери қызмет атқару – әрбір азаматтың абыройлы борышы. Елбасымыз – Еліміздің бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев осы бағытта ұстанып отырған сындарлы саясатының бір айғағы – Отан қорғаушылар күнінің мемлекеттік мереке болып жариялануы деуге болады» десе, қалалық қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқарма бастығы, полковник Сейіткерім Арапбаев жыл сайын әскер қатарына сегіз жүз мыңға тарта жастарды жіберетіндерін айта отырып, қазір республикада әскер сапында қызмет ету үшін барлық материалдық-техникалық және әлеуметтік жағдайдың жасалып отырғанын жеткізді.
Жастарға Атырау ардагерлер кеңесі филиалының төрағасы Тілекқабыл Жазбаев, «Иманғали» мешітінің наиб-имамы Жасұлан Қағазғалиев, «Нұр Отан» партиясының қалалық филиалы әскери-техникалық мектебі бастауыш партия ұйымының төрағасы Марат Рахманов, ата-аналар атынан Гүлшара Тілегенова ақжарылқап тілектерін айтып, сәтті сапар тіледі. Әскерге шақырылған топтың атынан Ерқанат Амангелдиев сөз алды. Шара соңында республикалық гвардияның тыныс-тіршілігі жөнінде бейнефильм көрсетіліп, сарбаздарға ескерткіш сыйлықтар табысталды.
-Мен жергілікті университетте заңгер мамандығы бойынша білім алып жатқан ұлым Дарын Мерекеұлын әскер қатарына шығарып салып отырмын. Айта кетейін, бұл оның өзінің жүрек қалауы болды. Бұған дейін әкесі де, ағалары да Отан алдындағы борышын өтеген. Ұлтжанды болып өсіп келе жатқан ұлымызға сүйсіне отырып, оның осындай маңызды өмірлік қадамы үшін қуанамыз,-дейді қала тұрғыны Шынар Калахова.

Құралай ҚУАТОВА,
Суреттерді түсірген
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз