Бесіктіден шыққан командир
Бүгінгі бейбіт күнді жақындатуға үлес қосып, Отан үшін от кешкен жауынгер ардагерлердің ерлігі тарихта мәңгі сақталуы тиіс.
Ұлы Отан соғысының ардагері Қойшығали Досқалиев 1925 жылы 1 шілдеде Атырау қаласы Қайыршақты ауылдық округі Бесікті ауылында дүниеге келген.
Ол 1943 жылы 13 ақпанда әскер қатарына шақырылып, соғыс даласына жіберіледі. Әскери міндетін атқару барысында Уфа қаласындағы оқу-жаттығу жиынына қатысады. Кейін командир атанып, қарамағындағы он шақты жауынгермен майдан даласына табан тірейді. Содан Венгрия жеріне келген кезде жүгері егістігінен 25-тей неміс әскерін байқап қалып, оларды қоршауға алып, сол жерді немістерден азат етуге кіріседі. Кескілескен соғыстың кезінде 1944 жылдың қаңтарында Венгрия жерінде жараланып, госпитальға түседі. Емделіп шыққаннан соң қайтадан соғысқа аттанады. Қыркүйек айында Будапешт қаласының маңына жақындаған кезде қол-аяғынан жарақат алып, госпитальға жатуға мәжбүр болады. Сол жарақатынан кейін ауылға қайтып, келген соң бухгалтерлік курста оқып тәмамдайды. Содан соң Тасқайраң, Сталин, Заурал ұжымшарларында (колхоз) есепші болып еңбек жолын бастаған. Ал 1957-1987 жыл аралығында, зейнеткерлік жасына дейін «Теңдік» кеңшарында (совхоз) бас есепші болып қызмет атқарған.
Нағашы атам көзі тірісінде III дәрежелі Даңқ ордені, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 30 жыл», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы жеңіске 40 жыл», «КСРО Қарулы Күштеріне 50 жыл», «КСРО Қарулы Күштеріне 60 жыл», «Украинаның фашистік басқыншылардан азат етілгеніне 60 жыл» мерейтойлық медальдарымен марапатталды.
Әжеміз Рабиға Мұқанова екеуі 1947 жылы отбасын құрып, 4 ұл, 5 қыз тәрбиеледі. Олардан 22 немере, 34 шөбере көрген ардақты атамыз 2016 жылы 21 желтоқсанда дүниеден озды. Мен атамның ерлік істерін мақтанышпен айтып жүремін.
Аида МҰРАТОВА,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті,
журналистика бөлімінің IV курс студенті