«Береке» тұрғындарының айтар шағымы бар
Облыс әкімі Серік Шәпкенов тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдап, азаматтардың арыз-шағымдарын тыңдады.
Қабылдауға келген тұрғындар баспанамен қамту, жер телімін бөлу, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту, автомобиль жолдарын жөндеу және т.б әлеуметтік мәселелерді көтерді.
Олардың арасында Береке ықшамауданының тұрғындары Лиза Қабдиева, Гүлсара Сүндетова және Самал Иманалиева бар. Олар облыс әкімінен Береке ықшамауданындағы Ақсарай көшесінің орталық жолдарын жөндеуге, №42 мектепке дейін жаяу жүргіншілер жолын және жол белгілерін орнатуға, орталық кәріз жүйесіне қосуға, трансформатор орнатуға ықпал етуді сұрады.
— Біз бұл ауылда 20 жылдан бері тұрамыз. Бізде кәріз жүйесінің жоқтағынан үйіміздің қабырғасы құлап жатыр. Жеріміз нашар, үйімізге жылда жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Ол қалтаға соғады. Септикпен сорғызамыз, оған да аз ақша кетпейді. Оған қоса аулаға тал да еге алмаймыз, өйткені жеріміз тұзды. Келесі мәселе — электр қуаты аз болғандықтан үйде жарық жиі сөнеді. Қыста жарықсыз отырдық. Бұл мәселелерді шешуге көмектесуіңізді сұраймыз, — деді Л.Қабдиева.
Тұрғындардың бұл сауалына қала әкімі Мейірім Қалауи жауап берді.
— Береке ықшамауданының тұрғындарымен кездескенімде бұл мәселелерді шешуге уәде еттім. Қазір жұмыстар басталды. Электр жүйесін реттеу үшін трансформатор қойылады. Биыл тендерге түсіп, ұтып, керекті құрал-жабдықтарды сатып алдық. Қаланың 38 жеріне трансформатор орнатамыз, оның ішінде сіздің де көше бар. Сонымен қатар Геологтағы тас жолдың бойына жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары үшін тендерден өттік. Жұмыстар осы жылы басталады. Ал Береке ықшамауданын орталық кәріз жүйесіне қосудың жобасы биыл жасақталады, — деді М.Қалауи.
Кездесуге жауапты басқарма басшылары, «Отбасы банк» АҚ Атырау облыстық филиалының өкілі қатысты. Олар тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, қажетті кеңес берді.
Аймақ басшысы жеке қабылдауға келген азаматтардың мәселесін сала мамандарымен бірге қарап, заң аясында әрекет ету туралы нақты тапсырмалар берді. Сұрақтар жан-жақты қаралып, заң аясында шешіледі.
Жеке қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігі негізінен тұрғын үймен қамтамасыз етуді сұрайды. Оларға баспана Заң аясында кезек ретімен берілетіні түсіндірілді.
Облыс әкімі бүгінге дейін 34 қабылдау өткізіп, 500-ден астам тұрғынның мәселесін тыңдады. Сондай-ақ, аудандарға жұмыс сапары барысында 220 тұрғынды жеке қабылдады.
Облыс әкімінің жеке қабылдауына жазылуды Атырау облысы әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөлімі жүргізеді.
Байланыс нөмірі: 8 (7122) 31-99-82