БАТЫР БАРЛАУШЫ
Бейбіт өмірдің шырқын бұзып, ел басына күн туып, қанды соғыс басталғанда Ғатау 19 жастағы арманы асқақ жас жігіт еді. 1942 жылдың 6 қаңтарында әкесі Қаби, немере ағалары Бақтыгерей, Әділгерей, Жағыпар әскер қатарына шақырылады. Ғатау да туғандарымен бірге майданға аттанды.
33-ші атқыштар дивизиясының құрамында алғаш рет соғысқа кірген Ғатау ұрыс тәсілдерін тез үйреніп, ептілігімен, батылдығымен көзге түседі. Сөйтіп, жас жауынгер барлаушылар бөлімшесіне қабылданады. Бірде шұғыл тапсырма алып барлауға шыққан төрт жауынгер немістердің тосқауылына тап болып, қиян-кескі соғысқа кіріседі. Бақылау тобының командирі оққа ұшып, бір жауынгер ауыр жараланады. Қалғандары жау блиндажын талқандап, унтер офицерін тұтқындап алып келеді. Полк командирінің берген тапсырмасын орындағаны үшін Ғатекең «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады.
Елі мен туған жері үшін жауға қарсы ұмтылған Ғатау Қабиев Украина, Белоруссия, Прибалтика республикаларын жаудан азат етуге қатысты. Тарихта қалған әйгілі Курск доғасы үшін болған шайқаста 21-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының құрамында барлаушылар бөлімшесінің командирі болған ол ұрыстарда көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз», ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерімен марапатталады. Рига қаласын жаудан азат етудегі белсенді әрекеттері мен ерлігі үшін Жоғары Бас Қолбасшы И.Сталиннің Алғыс хатына ие болады.
Алапат шайқастардың бірінде жау оғынан жарақат алған жауынгер 1945 жылдың қазанында ІІ топтағы мүгедек болып туған елге оралады. Бейбіт өмірге келгесін де жаны тыным таппаған Ғатау соғыстан кейінгі бүлінген шаруашылықты қалпына келтіру жұмыстарына бел шеше кірісіп кетеді. 1947-1948 жылдары бір жылдық Сорочинск ауыл шаруашылығы мектебінде оқыды. Ал, 1951-1952 жылдары Орал облысындағы Батыс Қазақстан Ауыл шаруашылығы механизациясы мектебін трактор бригадасының бригадирі мамандығы бойынша оқып бітіреді. 1951 жылдан 1957 жылға дейін МЖС, МТС-та, кейін «Новобогат» совхозында тракторшы болып қызмет етеді. 1984 жылға дейін облыстық, аудандық мекемелерде абыройлы жұмыс жасайды.
Төккен тер зая кетпеді. Ғатекеңнің тынымсыз еңбегі елеусіз қалған жоқ. Бірнеше рет мақтау грамоталарымен, Алғыс хаттармен, бағалы сыйлықтармен марапатталып, «Еңбек ардагері» медаліне ие болды. 1951 жылы Саримова Махуза екеуі шаңырақ көтеріп, берекелі отбасын құрады. Дүниеге бес перзент әкелді. Ұлы Парух Х.Ерғалиев ауылындағы Ғ.Мәсалімов атындағы орта мектепте табысты еңбек етуде.
Соғыстан кейінгі жылдары ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, Украина, Белоруссия жерлерін неміс басқыншыларынан азат етудің 60 жылдық медальдарымен, Астананың 10 жылдығына орай мерейтойлық медалін омырауына тағып, Белоруссия Республикасының Президенті А.Лукашенкодан екі мәрте арнайы «Құттықтау хат» алған Х.Ерғалиев селосындағы зұлмат соғыстың соңғы ардагері Ғатау Қабиұлы ағамыз 2001 жылдың шілдесінде дүниеден озды.
«Ешкім де еш уақытта ұмытылмайды» деген, жанкешті соғыста ерлік көрсеткен жауынгерлердің жасаған ерліктері еш уақытта ұмытылмақ емес. Сол себепті де, соғыс және еңбек ардагері Ғатау Қабиев ағамыздың есімін кейінгі ұрпақ жадында мәңгілік қалдыру үшін Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне орай Х.Ерғалиев селосындағы өзі тұрған бір көшеге есімін берсек, еш артықтығы болмас.
Сергей НЫҒМЕТЖАНОВ,
Қамысқала селолық ардагерлер
кеңесінің төрағасы, ардагер ұстаз.
Исатай ауданы.