ТАТУЛЫҚ СИМВОЛЫНДАЙ ТАЙҚАЗАН

Атыраудан  Орал  өңіріне  жол  тартты

Бір кездері ұлттар достығының лабораториясы атанған қасиетті Қазақ елі бүгінде қоғамдық келісім мен бірліктің киелі мекеніне айналды. Ал, «Ассамблея – 20 ізгі іс» акциясы аясында ел аралап жүрген көнеден қалған жәдігер – Тайқазан ұлтаралық қатынастарды одан әрі нығайтуға қызмет етуде. Сондықтан, киелі Тайқазанның Атырау өңіріне келуі өз алдына үлкен жаңалық болды деуге толық негіз бар.

Елдегі бірлік пен қонақжайлылықтың символы болып табылатын киелі Тайқазан сенбі күні көршілес Батыс Қазақстан облысына бар салтанатымен табысталды. Облыс орталығындағы Құрманғазы мәдениет үйінде өткен мазмұнды шараға жергілікті билік өкілдері, Ассамблея мүшелері, көршілес өңірден келген арнайы делегациямен бірге,  талантымен әлемді таңырқатып жүрген мүмкіндігі шектеулі жандар да қатысты.

Осынау салтанатты сәтте Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан «Ассамблея – 20 ізгі іс» эстафетасының елдегі ынтымақты тірліктің көрсеткіші екендігін айтты. «Тайқазан – береке мен бірліктің символы. Бұл эстафетаға Тайқазанның себепкер болуы – бүгініміз бен өткен тарихымыздың арасында үлкен байланыс бар екендігін көрсетеді. Осы акция аясында облысымызда 56 ізгі іс атқарылды» деген ол Қазақ елінің күллі әлем үшін бірлік пен тұтастықтың үлгісіне айналғандығын атап өтті. «Қазақстан халқы Ассамблеясы кейде желім өндіретін зауытты еске түсіреді. Өйткені, Ассамблея аясында атқарылып жатқан әр игі іс барлық қазақстандықтарды нәсіліне, мәдениетіне қарамастан, одан әрі біріктіре, тұтастыра түседі» деді облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан.

 Одан әрі сахнаға қазақтың қос батыры көтеріліп, қасиетті Тайқазанды төрге әкеліп қойды. Осы сәтте халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты Александра Киселева «Балбырауын» күйін орындады. Одан әрі өнерпаздар көрермен қауымға инструменталды композицияны сыйға тартты. Дағарада ойнаушылар да, қимыл әнін орындағандар да болды. Ерекше айта кетерлігі сол, жоғары деңгейде өткен концерттік бағдарламаға «Шектеусіз таланттар» мектебінің шәкірттері, яғни,  мүмкіндігі шектеулі мүгедек жандар да қатысты. Малик Цой, Асылай Ақбергенова сынды халықаралық дәрежеде ел намысын қорғап жүрген таланттар өнер көрсетті. Осылайша, бұл концерт мүмкіндігі шектеулі жандардың үлкен әлеуеттің, зор таланттың иесі екендігін дәлелдеді.

Екі сағатқа жуық созылған концерттік бағдарламадан соң, Атырау эстафетаны Батыс Қазақстан облысына салтанатты жағдайда табыстады. Тайқазанды Орал делегациясына табыстап тұрып, облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан жағымды жаңалықпен бөлісті. Ірі кәсіпорын, мекемелердің қолдауымен Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне, майдангер жесірлеріне коммуналдық төлем үшін ай сайын он бес мың теңге бөлініп отырғанын айтқан Шыңғыс Жұмабекұлы ардагерлердің тегін дәрімен де қамтылып отырғандығын, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін би мектебінің ашылғандығын атап өтті. «Подари детям радость» акциясы, көп балалы және жалғызбасты аналарға қамқорлық таныту, әлеуметтік әлсіз топтарды азық-түлік себетімен қамтамасыз ету сынды шаралар аясында 6 миллион 935 мың теңге көлемінде көмек көрсетілді. Бұл игі істер жалғасын табатын болады» деді облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан. Өз сөзінде ол Тайқазанның ет асып жейтін қазан деңгейінен әлдеқашан жоғарылап, береке мен бірліктің символына айналып кеткендігін атап өтті. «Қазақ елі татулық пен бірліктің, ынтымақты тірліктің насихатшысына айналды» деді ол.

Тайқазанды қабыл алған Орал өңірінен келген делегацияның басшысы, «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекеме басшысы Александр Әжіғалиев акция аясында Атырауда көптеген жақсылықтар жасалғандығының куәсі болғанын айтты. «Әсіресе, концерт керемет әсер қалдырды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға деген үлкен қамқорлық пен мейірім лебін көрдік» деген ол көрші облыс атынан атыраулықтарға ескерткіш сыйлық табыс етті.

Сәуірдің төрті күні киелі қазанды оралдықтар Ақтөбе облысына табыстайды. Оралдық делегация басшысының айтуынша, Ассамблея жылы аясында көршілес өңірдегі корей этномәдени бірлестігі мүмкіндігі шектеулі жандарды массаж курсы бойынша оқытып, дайындайтын арнайы мектеп ашқан. «Еврей этномәдени бірлестігі мұқтаж отбасыларға азық-түлік, киім-кешек апарып отырады. Оралда Балалар ауылы деген бар. Негізгі көмек сол ауылға көрсетіліп келеді. Сол секілді, шешен-ингуш этномәдени бірлестігі орталық мешіт маңына мұқтаж жандарды жинап, оларға күн сайын елу бөлке  нан таратып отырады» деген ол ізгі істердің жалғасын табатындығын айтты.

Жақсылықтың жаршысы болған Тайқазанды көрші өңірге табыстау аясында қолөнер, қылқалам шеберлерінің тамаша көрмесі де ұйымдастырылды. Келушілерге ерекше әсер еткені, мүмкіндігі шектеулі Берекет Ақжігіттің қаламынан шыққан тамаша туындылар болды. Табиғат аясындағы көрініс, бақыт  құс, жолбарыс, құмыра ұстаған ару бейнелерін шебер суреттеген Берекет көрмеге сегіз картинасын әкелген екен. «Әр картинаның салыну тарихы әр түрлі. Ең ұзақ салған картинам төрт ай уақытты қажет етті. Уақытымды тектен тек өткізе алмаймын. Міндетті түрде жаттығу жасаймын, міндетті түрде сурет саламын. Әсіресе, сурет салған уақытта өзім беймәлім әлемге енгендей боламын» дейді ол.

Көрмеге этномәдени бірлестіктердің шеберлері жасаған түрлі бұйымдар да қойылды. Соның ішінде бізге «Татулық» этномәдени бірлестігі жасақтаған көрме ерекше әсер етті. Негізінен татар ертегілеріндегі, ауыз әдебиетіндегі кейіпкерлер бейнесі қойылған бұл бұйымдарды, аталмыш орталықтың «Достық үйінде» ашқан мектебінің шәкірттері жасапты. Бес жастан жоғары балаларды қабылдайтын мектеп келушілерді татар тіліне үйретеді, қолданбалы өнер түрлеріне баулиды. Ең бастысы, бұл мектепке келушілердің жасына шектеу қойылмаған екен.

Р.S. Басталғанына бір ай болған «Ассамблея – 20 ізгі іс» акциясы аясында еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі игіліктер жасалып, мұқтаж жандарға дер кезінде көмек көрсетілуде. Ерекше айтарлығы сол, акция волонтерлар атқаратын шеңберден кеңейіп, жақсылықты біріге жүріп жасайтын жалпыхалықтық сипатқа ие болды.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз