«Әскердегі бір күн»

1462264281 1 Жаңалықтар

«Қазақстан әскерінде бір күн» республикалық акциясы мұнайлы өңірде де жалғасын тапты. Жас ұрпақты әскери патриоттық тәрбиеге баулуды мақсат еткен шара аясында ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметіне қарасты 2016 әскери бөлімінде «Мен әскерге шақырылушымын» ашық есік күні ұйымдастырылды. Оған үш жүзден астам облыс орталығындағы орта мектеп, лицей, гимназия, колледж оқушылары қатысты.

1462264281_1

Бұған дейін қару-жарақ атаулыны тек теледидар мен ғаламтор беттерінен көрген оқушылардың таңданысында шек болмады. Тәуелсіз еліміздің территориясын  қорғап, көздің қарашығындай сақтаған шекарашылар әскери өмірдің қыр-сырын түсіндірді. Жастар да өздерін қызықтырған сауалдарын қойды. Мәселен, алғашқы медициналық көмек қобдишасы, сарбаздардың арнайы формасы мен қажетті құралдары, мылтықтың сан түрі, газдан қорғағыштар және тағы басқалары жайында акция қатысушылары толық мағлұмат алды.

ҚР ҰҚК Шекара қызметіне қарасты 2016 әскери бөлім бастығының орынбасары, подполковник Радик Османовтың айтуынша, осыдан он алты жыл бұрын құрылған бөлім Ресей Федерациясымен бірге шекарамызды күзетіп келеді. «Бүгінгі ұрпақ ел ертеңін қорғайтын әскери қызметкер десек, мұндай шаралардың маңызы зор. Себебі, олар сарбаздардың тұрмыс-тіршілігі, қандай арнайы жабдықтармен жабдықталатынынан хабардар болады. Қоян қолтық ұрыстардан түрлі көріністер көрсетіледі», – деді Радик Наманжанұлы.

Ал, облыстық қорғаныс істері жөніндегі басқарма әскерден тыс даярлау бөлімі бастығының көмекшісі, аға сержант Мұрат Сатыбаев осындай бірлескен шаралар тұрақты өтіп және алдағы уақытта да көптеп ұйымдастырылатынын алға тартты. «Шын мәнінде, жастарды әскери қызметке дайындау қазіргі кездегі көкейкесті мәселе екені белгілі. Себебі, болашақ тізгінін ұстайтын жас патриоттарымыз бәрін білгені дұрыс», – деді ол.

Облыстық техникалық гимназияның 10 сынып оқушысы Әнуар Жұмабеков әскерилердің қызметін көріп, қызығушылық білдіргенін жасырмады.

– Бұрын шекарашылардың қолданатын түрлі қарулар мен арнайы приборларын тек кинодан ғана көретінмін. Енді соларды өзім алғаш рет көріп, таңданып отырмын. Өзімнің де әскерге шақырылушы қатарында екенімді сезініп, бойымды мақтаныш сезімі кернегендей. Мен де елімді қорғауға әзірмін, – деді ол.

Айбөпе САБЫРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз