Жарнама
Қоғам

Бас редактор бағанасы: Біз Сізбен біргеміз!..

Қазақша жыл қайыру – бір мүшел бойынша бесінші жылдан шығып, алтыншы – Жылан жылына қадам бастық. Бірақ бұл – тек бюджеттік есеп жүйесімен ғана. Әйтпесе жылдың басын атам қазақ 14 наурыздан бастағанын ешкім жоққа шығармайды. Былтыр кейбір сәуегейлер «Ұлу суда жүретін болғандықтан, бұл жылы құрғақшылық болмайды. Жыл тыныштықпен, береке-молшылықпен өткен. Түркі жұрты, оның ішінде қазақтар да ұлу жылы астық, шөп мол болады деп жорамалдаған», — деп еді. Періште мақұлдады ма, сәуір болмай жатып, Қазақстанның басым бөлігінде өзендер тасып, елді мекендер суға кетті, шаруашылықтар су астында қалды. Әйтеуір арты тыныш. салқын түспей халық жаңа қонысқа кіріп үлгерді. Бұ да бір жайлылықтың белгісі деп ойладық іштей.

Ендігісі – алдағы жылдың көктемін күту. Ал наурызда келетін Жылан жылы бұрын адамға жайлы, молшылығымен жарылқап тастайтын. Бұл жолы да солай болуын тілейміз!

Өз саламызға ауыссақ, масс-медиа – елді жаңғырту ісіне ерекше ықпал ететін сала. Оның үстіне билік пен бұқара арасындағы пәрменді байланыстың құралы. Былтыр 19 тамызда «Масс-медиа туралы» Қазақстан Республикасының Заңы күшіне енді. Жаңа Заңда бірқатар тың ереже қарастырылып, бұқаралық ақпарат құралдарымен қатар, интернет-ресурстарды да қамтитын «масс-медиа» деген жаңа әрі анағұрлым кең ұғым енгізілді. Нормативтік-құқықтық актіде мемлекеттік ақпараттық саясат жүзеге асырылатын Бірыңғай медиа платформа құру да көзделген. Оның ішінде мемлекеттік емес бұқаралық ақпарат құралдарына гранттар беру, аккредиттеудің оңайлатылған тәртібі арқылы (аккредитация карталарын берудің автоматтандырылған процесі) журналистерді мемлекеттік органдар мен мекемелерге тіркеу, басқа да міндеттер қарастырылған. Әрине журналистер үшін қосымша құқықтық кепілдіктер де Заңда белгіленіп, «Журналистің ерекше мәртебесі» деген ұғым енгізілді. БАҚ-тың өз қызметін өзі реттеу мақсатында Заңда қоғамдық-кәсіптік кеңестер құру көзделген. Кеңестер республикалық және өңірлік деңгейлерде құрылуы мүмкін. Бұл кеңестердің негізгі қызметі – Журналистердің әдеп кодексін әзірлеу.

Егер осы тұрғыдан қарасақ, кейбіреуіміз әлі күнге түсіне алмай жүрген креативті индустрияны жаңа деңгейге көтеруіміз керек. Өйткені қазір медиа саласы, кино және сериал, мультфильм, спорт және музыка шоулары, компьютер ойындары мен кітаптар – бәрі бірігіп, біртұтас жүйеге айналды. Егер әрқайсысымыз өзімізге тартып күнелтіс қылсақ, озық құндылықтар мен қасиеттерді қалыптастыру тұрмақ, басымыз да құралмасы анық. Демек біздің бұл саладағы әлеуетіміз орасан зор. Оны толыққанды жүзеге асыру үшін нақты шаралар қабылдау қажет.

Осы тұрғыдан алғанда облыстық «Атырау» газеті редакциясының ұжымы биыл оқырман қолынан кәдуілгі газет пен смартфонды қатар көргісі келеді. Сол үшін жаңа мақсатқа қол созып, газет сайты мен әлеуметтік желілердегі парақшаларын одан әрі дамытуды межелеп отыр. Мемлекет басшысы айтпақшы, «ақпарат құралдарында түрлі көзқарастар тоғысады. Оны қоғам тынысының барометрі деуге болады. Осы саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін ақпарат саясатын түбегейлі қайта қарау қажет».

Қазір батыс елдерінде «анти-инфлюенсер» деген қозғалыс бірте-бірте қалыптасып жатыр. Ондағы негізгі мақсат – дәстүрлі құндылықтарды дәріптеу, ең алдымен, бұл әдебиеттегі, ақпарат саласындағы дәстүрді сақтау. Сондықтан біз де әлемде болып жатқан осы жаңа үрдіске назар аударғанымыз жөн. Өйткені «заман өзгерді, оқырман сен де өзгер» деген ұстаным әр адамның шырағын жағуы тиіс. Атырау журналистикасындағы өзіндік орыны бар тәуелсіз «Ақ Жайық» газетінің 2024 жылдың 25 желтоқсанында қағаз нұсқада соңғы рет басылып шығып, сосын толықтай сандық нұсқаға көшкенін де ескерген жөн.

Әлбетте біздің өңірдің ақпарат айдынында негізгі көшбасшыдай болып келе жатқан «Атыраудың» әрқашан айы оңынан туары сөзсіз. Себебі кескін-келбеті айшықты басылымның таралымы да дәл қазіргі күннің талабымен қарағанда, бел ортада. Оған қоса, Facebook желісінде 5000, Instagram әлеуметтік желісінде 9600-ден астам, Telegramдағы парақшасында 230-дай тұрақты оқырманы бар. Мұндай көрсеткішке соңғы тоғыз айда ғана жеткенімізді оқырман қаперіне бере кеткен артық болмас. Демек «өзім дегенде өгіз қара күшім бар» деген сөз айна-қатесіз рас екен.

Шығармашылық тұрғыда биыл аталып өтетін Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына және Қазақстан Конституциясының қабылданғанына 30 жыл, басқа да мерейтойлар мен арнайы даталарды оқырманға заман ағымына сай насихаттау және аға буынның өнегелі ісін өскелең ұрпақтың санасына сіңіруді жалғастыру – біздің басты парызымыз.

Одан басқа да бізге артылған жүк жеңіл емес. Бірақ соның барлығын оқырманмен бірлесіп іске асырсақ қана ортақ мүдде жолындағы бағыт-бағдарымыз бір болғаны. Егер әл-Фараби бабамыздың «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзінің әлі күнге дейін мәнін жоймағанын ескерсек, елдің дамуы да сол жерде істелген істің қалың бұқараға түсінікті тілмен жетуіне байланысты. Өйткені даму тек зәулім-зәулім үй салып, тақтайдай жол тартып, текшелеп өнім шығарудан тұрмайды.

Рухани байлық, Отанды сүйіп, санаға саңылау түсіру үшін мықты насихат керек. Ол заман үдесіндегі басылым мен ақпарат ресурсының қабілетіне қарай жасалады. Мұны Президенттің жыл басындағы «Ana tili» газетіне берген сұхбаты да растай түскендей. Ендеше газет әлі «өле» қойған жоқ, редакцияның қолында тегеурінді күш бар екенін түсінбейтіндер көбейгенін ескерген жөн.

Біз Сізбен біргеміз, құрметті оқырман!

Назарбек ҚОСШИЕВ,

Бас редактор

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button