«ҚАЙСАРЛЫҚ ЛИРИКАСЫ»

Ақын Қойшығұл Жылқышиевпен кездесу кеші осылай аталды
Бүгінде өңірімізде әдеби кештердің жиі және жаңаша форматта өтуі үрдіске айналып келеді.
Күні кеше «Бір ел – бір кітап» атты республикалық акция аясында өткізілген алаштың аяулы ақын қызы, поэзия падишасы Фариза Оңғарсыноваға арналған кештің де куәсі болған едік. Міне, сол игіліктің жалғасындай ақын Қойшығұл Жылқышиевтың оқырмандармен кездесу кеші ұйымдастырылды. Бұл жолы №1 қалалық орталық кітапхана ұжымы Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында оқырмандарға әдемі рухани мереке сыйлады.

 

ҚАЛАМДАСТАР-ҚАНАТТАСТАР

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Махамбет Өтемісұлы және А.Байтұрсынов атындағы сыйлықтардың иегері, Индер ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиевтың 65 жасқа толуына арналған «Қайсарлық лирикасы» атты кездесу кешіне оқырмандар көп жиналды.
Шара ақын Әбдіхан Есенғалиевтың Қойшығұл Өмірұлын мерейлі жасымен құттықтаған арнауынан басталды. Кейін аталған кітапхана директоры Гүлнар Шайхашева сөз алып, мерейтой иесіне шығармашылық жетістіктер тіледі. Сондай-ақ, Қойшығұл ақынның шығармашылығы мен өмірінен бейнекөрініс көрсетілді.
Кездесуді белгілі өлкетанушы-журналист Өтепберген Әлімгереевтің әзілмен астарлап, емен-жарқын жүргізуінің өзі де шараны тартымды ете түсті.
Филология ғылымдарының докторы, профессор Қадыр Жүсіп ақынның өлеңдеріне талдау жасаған «Қайсарлық лирикасы» атты кітабын жұртшылыққа таныстырды.
– Қойшығұлдың балалық шағы соғыстан кейінгі уақытпен тұстас. Жарсуат ауылының сол зұлмат соғыс біткеннен кейінгі қиын-қыстау, таршылық көрген шағы еді бұл. Осы таршылық, тұрмыс тауқыметі дегендерді Қойшығұл жастай көріп, өмірді түсінуі осыдан басталған. Оны өз өлеңдерінен аңғаруға болады.
Әнге, күйшілік өнерге деген ерекше ықыласы да жастайынан қалыптасады. Кейінгі өмірі Махамбет ауданындағы Сарайшықта өтеді. Мәдениет саласында, аудандық газеттерде де қызмет атқарған. Шығармаларын оқи отырып, өнердің пұшпағынан ұстап қанаттанғанын, өзі өмір сүрген қоғамға қашанда көңілі толмағанын көресің, – дей келіп Қадыр Өтегенұлы ақынның Махамбет баба есімінің жаңғыртылып, кезінде бас сүйегін елге қайта оралтуға көп еңбек сіңіргеніне тоқталды.
Кезінде Қазақ телевизиясында құбылыс болған «Тамаша» ойын-сауық театрының негізін салушылардың бірі Қойшығұл Өмірұлы республикалық Махамбет оқуларының дәстүрлі түрде өткізілуін де алғаш қолға алған болатын. Махамбет оқуларының жүлдегерлері кеште дулығалы ақынның өлеңдерін нақышына келтіріп оқыды.

КЕЙІНГІ ТОЛҚЫН-ІНІЛЕР…

Қалам ұстаған жастардың елге танылуына қол ұшын созып, олардың қатарының көбеюіне еңбек сіңірген, ақылшы ағасына айналған Қойшығұл Жылқышиевтың шәкірттері де біраз. Солардың бірі – Қытайдан атамекеніне оралған қандасымыз Мағиза Құныпияқызы. Ол кеште рухани ағасына арнаған өлеңін оқып берді. Осыдан бес-алты жыл бұрын атағы шырқап шыққан «Армантау» жас ақындар клубы да Қойшығұл Өмірұлының бастамасымен құрылған еді. Аталған клуб талай жастардың «өз қолын өз ауызына» жеткізген, жұртшылыққа танытқан орталық еді. Бүгінде сол ортадан өнеге алған жастардың жеткен жетістіктерін ауыз толтырып айтуға болатындай бір-бір тұлғаға айналды. Алды халықаралық байқаулардың жүлдегері атанса, соңы облыстық мүшәйралардың алдын бермей, топ жарып жүр. Солардың бірегейі Бақытгүл Бабаш, Артур Яһуда, Асан Темір қамқоршы ағайына тілегін білдіріп, өз өлеңдерін оқып, жұртшылықты сүйсіндірді.
Көпшілік Қойшығұл Жылқышиевты өңіріміздегі айтыс өнерінің ұйымдастырушысы ретінде де жақсы таниды. Бұған дейінгі «Атырауда айтыс жоқ» деген қаңқу сөзді теріске шығарып, Бала Ораз бен Мұраттардың ұрпақтары бар екенін дәлелдеп, республикалық жарыстарда жүлде алған айтыскерлердің көрінуіне бірден-бір мүмкіндік жасаған. Саадат Нұрманов, Сырымбек Сәрсембаев, Жәнібек Садыров, Шалқарбай Ізбасаровтардың елге танылуына ықпал етті. Кеште Жәнібек Садыров пен Серікбол Панабердиев те айтыстан үлгі көрсетіп, ұстаздарына арнап жырдан шашу шашса, айтыскер ақын Жәниба Қарасаева сахна төріне көтеріліп, мерейтой иесіне арнаған өлеңін оқып, жыр кітабын сыйға тартты.

«ҚОЙШЫҒҰЛ» КҮЙІ КҮМБІРЛЕП…

Ақынның досы, минералогия-геология ғылымдарының кандидаты Нәсіпқали Сейітов Алматыдан арнайы бейнесәлем жолдап, көкейдің сырын, көңілдің жігін ағытты. Сондай-ақ, шараға шақырылған қаламгерлер Өмірзақ Қажымғалиев, Таңатар Дәрелов, Қуандық Батыров, Сансызбай Базарбаев, ақын Гүлзада Ниетқалиева, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры Серік Мұхамбетов, Ғ.Сланов атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Гүлжан Қалиева және ақынның бір топ жерлесі де сахнаға көтеріліп, кеш көрігін қыздырды.
Кешті өткізуге Атырау медициналық колледжі, Атырау бизнес және құқық колледжі, сондай-ақ, аграрлы-техникалық колледжінің студенттері де атсалысып, ақынның туған жерге арнаған өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Көрнекті күйші Шәміл Әбілтаевтың Қойшығұл Өмірұлына арнаған «Қойшығұл» күйін республикалық конкурстардың лауреаты Жанұзақ Исабаев орындады.
«Қойшығұл» күйі залдағы көпшіліктің көңіл тереңін қозғағандай, сілтідей тындырып, ұзақ қол соқтырды. Домбыраның күмбірі ме, күйдің кереметтілігі ме, әйтеуір, осынау сәтте зал тебіреніп кеткендей әсер етті. Күй күмбірі ақын жүрегін де шарпып өтсе керек, микрофон алған Қойшығұл Өмірұлы ғұмырындағы қиын-қыстау кезеңін айтып берді.
– Тағдыр жазуынан кім қашып құтылған?! Мен де бір кезде басыма іс түсіп, шілтерлі терезенің арғы жағында алты жыл уақытымды жоғалттым. Міне, сол уақытта артымнан іздеп келген – жалғыз ғана осы Шәміл Әбілтаев еді. Сол бір қиямет-қайым түрмедегі өмірімді сезінсе керек, маған арнап күй шығарыпты. Күй – менің сондағы көңіл-күйімді бейнелеп тұрғандай…
Осылай ағынан жарылған ақын «соңымнан іздеп келген күйші досымнан бөлек, жаладан ақтап алуға атсалысқан бірден-бір адам Фариза апайым еді» деп тебіренді.
Оқырмандармен кездесу кешінің соңында Қойшығұл Жылқышиев шараның осындай ерекше түрін ұйымдастырған кітапхана ұжымына ризашылығын білдіріп, жаңа өлеңдерін оқып берді. Сондай-ақ, алдағы уақытта облыста жыраулар поэзиясын дамытып, жыршылар жарысы мен жас қаламгерлер арасында үздік ертегі байқауын өткізу жайлы жоспарларымен бөлісті.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛ.
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз