Жарнама
Қоғам

Бас мүфти референдум туралы пікір білдірді

Алла қаласа, алдағы 5 маусым күні елімізде аса маңызды іс-шара өтеді. Бұл күні Конституциямызға өзгерістер енгізуге арналған жалпыхалықтық референдум болады.

Бұл жолғы референдум Мемлекет басшысы айтқандай, Қазақстандағы өте маңызды әрі тарихи іс-шара болмақ. Әрбір елдің тарихында шешуші бір кезеңдер, маңызды қадамдар болады. Біздің тәуелсіздігіміздің 30 жылдық белесінде осындай кезең туып тұр. Референдумға қатысуымыз – бұл болашаққа жасалған дұрыс таңдау, келешек ұрпақтың игілігі жолындағы іргелі іс деп білемін. 

Бұл жайында Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақ халқы өз тарихындағы шешуші кезеңге келді деп айтсақ артық болмайды. Жаңа Қазақстан, яғни Екінші Республика – шын мәніндегі демократиялық қоғам деген сөз. Президенттік жүйе сақталғанымен, Парламенттің рөлі және ықпалы едәуір күшейтіледі. Халқымыздың үні және пікірі анық естілетін болады.

Мен Президент ретінде осы құқықтық реформадан ешқандай артықшылыққа я жеңілдікке ие болмаймын. Мақсатым – бүкіл қоғамда оң өзгерістер жасау, халқымызға жарқын болашақтың жолын ашып беру», – деген болатын. Олай болса, жалпыхалықтық референдум бізді демократиялық қоғамға бастайтын жаңа жол деп білеміз.

Құран Кәрімнің «Рағыд» сүресінің 11-аятында:

إِنَّ اللَّـهَ لَا يُغَيِّرُ مَا بِقَوْمٍ حَتَّىٰ يُغَيِّرُوا مَا بِأَنفُسِهِمْۗ

«Қайсыбір қауым өзін-өзі өзгертпейінше, Алла оны өзгертпейді», – делінген. Конституциямызға жасалып жатқан оң өзгерістер – жаңа бетбұрыстың бастауы. Президентіміз қоғамда оң өзгерістер жасау, халқымызға жарқын болашақ сыйлау жолында бар күш-жігерін сарп етіп келеді. Енді міне, жұртшылықтың талабын орындап, халық үніне құлақ асатын «еститін мемлекет» қалыптастырып жатыр. Елдің болашағына, келешек тағдырына қатысты өзгерістер осылай, яғни халықтың тікелей қатысуы арқылы шешіледі. Мемлекет басшысының халықтың пікіріне құлақ асып, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін референдум жариялауын дер кезінде қолға алынған қажетті бастама деп түсінеміз.

5 маусым күні өтетін жалпыхалықтық референдум кезінде еліміздің негізгі заңы – Конституциямызға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Жаңа конституциялық реформа бүкілхалықтық дауысқа салынады. Бұл дегеніміз – біздің қоғам болып үнімізді айтуға берілген мүмкіндік. Ендеше жаңа Қазақстанды қалыптастыру жолындағы Сіздің де бастамаларыңыз референдумда көтерілуі тиіс. Бұл ретте ел халқының белсенді болуы маңызды.

Жаңа конституциялық реформада Президенттің өкілеттіктерін кезең-кезеңмен қысқарту, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдерінің кандидаттарын келісу, әкім қызметіне кандидаттарды облыстық мәслихаттар депутаттарының қарауына ұсыну, аралас пропорционалды-мажоритарлық сайлау жүйесін енгізу, суперпрезиденттік басқару формасынан түпкілікті көшу т.б мәселелер қарастырылады.

Мұндай өзгерістердің бәрі де биліктің бұқараның пікірін ескеруі, халықпен бірлескен жұмыс тәсіліне көшуі нәтижесінде іске асқалы тұр. Билік пен халық бір-бірін толықтырып, ықпалдасып жұмыс істеген кезде ғана ісіміз алға басады.

«Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей, халықтың қатысуымен, бұқараның бастауымен шешілетін референдум аясында жасалатын тың реформалар еліміздің әрбір азаматына оң әсерін тигізеді деп сенеміз. Тарихи сәтте таңдауымызды жасап, шешуші кезеңде көппен бірге болуға шақырамын.

НАУРЫЗБАЙ ҚАЖЫ ТАҒАНҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button