«Тағдырлас жандардың жағдайын түсінемін»

dsc03554 СарапTime

ОСЫДАН БІРНЕШЕ ЖЫЛ БҰРЫН ИНСУЛЬТ АЛҒАН АТЫРАУЛЫҚ НИНА ПЕТРОВА ЕРЕКШЕ БІЛІМ БЕРУ ҚАЖЕТТІЛІКТЕРІ БАР БАЛАЛАРДЫ ОҢАЛТУ ЖӘНЕ ДАМЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІМЕН АЙНАЛЫСАТЫН «ZLATARU ШЕБЕРХАНАСЫ» ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫН АШСА, БИЫЛ ОЛ ИНСУЛЬТ АЛҒАН ЖӘНЕ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУДІ ҚАЖЕТ ЕТЕТІН АДАМДАР ҮШІН ҚЫЗМЕТІНІҢ АЯСЫН КЕҢЕЙТІП ОТЫР. ӨЗ БАСЫНАН ӨТКІЗГЕН ҚИЫНДЫҚТАРДАН СОҢ НИНА ИНСУЛЬТ АЛҒАН ЖАНДАРҒА КӨМЕКТЕСУ МАҚСАТЫНДА «Я САМ. Я САМА» ЖОБАСЫН ОЙЛАП ТАПҚАН.

«ЖАРҚЫРА» – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚ ЖОЛЫ

Ол аурудың өткір кезеңінен кейін адам бойындағы жоғалған дағдыларды қалпына келтірумен белсенді айналысады. Нина шығармашылық адамы, білімі бойынша да суретші болғандықтан арт-терапия әдістерін кеңінен қолданады. Ісі нәтижелі болып, күн сайын ол жағдайының жақсара бастағанын байқайды. Біраз уақыттан кейін Нина облыстық оңалту орталығына оңалту курсына жіберіледі. Онда ол осы аурумен ауырған және қозғалтқыш функцияларын жоғалтудан бөлек, психологиялық қиындықтардан (депрессиялық және алаңдаушылық) зардап шеккен адамдармен кездеседі. Осы кезде оған бұл адамдарға «өзім де көмектесе аламын» деген ой келеді.

Кейін бұл тақырыпты терең зерттеп, Ресейдегі ең жақсы мамандардан тәлім алғаннан кейін Нина оңалту бағдарламасын ойлап тауып, оған тек арт-терапия ғана емес, сонымен қатар эрготерапияны да енгізеді. Эрготерапия – жоғалған функцияларды қалпына келтіруге, науқасты өзіне үйреншікті өмірге бейімдеуге, басқа адамдармен қарым-қатынас жасауға, бос уақытты ұтымды ұйымдастыруға көмектесетін медицинаның ерекше саласы. Ал, арт-терапия – бұл ұсақ және ірі моториканы дамытумен қатар психоэмоционалдық жағдайды жақсартатын, өмірге деген қызығушылықты қайтаратын психологиялық терапияның бір түрі. Сондай-ақ, оның адамның әлеуетті ресурстарын ашуға көмегі де зор.

ДЕРТ «ЖАСАРЫП» БАРАДЫ

Статистикаға сүйенсек, елімізде жыл сайын 40 мыңнан астам адам инсультпен бетпе-бет келеді екен. Ал, науқастардың 60 пайызы терең мүгедектікке шалдықса, бұл тұрмыстық дағдыларды жоғалтуға және еңбек әлеуетінен айыруға әкеледі.

– Қазір инсульт алған адамдардың саны жыл сайын көбеюде. Дерт «жасарып» барады. Мұндай жағдайға 70 жастағы қарт та, бала да шалдығуы мүмкін. Ал, медициналық оңалту әрдайым кеселден құлантаза айығуға көмектесе бермейді. Өйткені, инсульт дегенің физикалық функцияларын шектеу немесе жоғалту ғана емес, сонымен қатар ақыл-ой белсенділігінің нашарлауы болып табылады. Демек, ақпаратты игеру мен есте сақтаудағы қиындықтар, күнделікті дағдыларды толық немесе ішінара жоғалту, депрессиялық күйлер және тағы басқалар. Біздің орталықта ұйымдастырылған оңалту арт және эрготерапия арқылы қалпына келтіруге бағытталған. Медициналық және физикалық оңалтуды жүзеге асыратын басқа оңалту орталықтарымен тығыз жұмыс жасай отырып, біз мүгедектігі бар адамдар үшін толық кешенді оңалтуды құра аламыз, – деді Н.Петрова.

Биыл Нина инсульт алған және 2 немесе 3 мүгедектік тобы бар адамдарды арт және эрготерапия көмегімен оңалтуға бағытталған «Я сам. Я сама» жобасымен жеңімпаз атанып, жобаны іске асыруға және тәжірибе алмасу үшін тағылымдамадан өтуге қаржы ұтып алды. Ол Орталық Азияның Еуразия қоры және «Теңізшевройл» компаниясының қаржылық қолдауымен әлеуметтік бағдарламалар мен инновациялар қоры жүзеге асыратын «Жарқыра» бағдарламасы аясында әлеуметтік кәсіпкерлерге арналған конкурсқа қатысқан.

– Бірнеше жыл бұрын маған «Жарқыра» әлеуметтік кәсіпкерлерді қолдау бағдарламасы туралы айтқан болатын. Сол кездегі мақсатым бағдарламаға қатысушы болып, оқудан өту болды. Қазір бизнес-акселератордан өткеннен кейін, мен жұмсалған бір минутқа да өкінбеймін. Бағдарлама қажетті теориялық базаны және нақты тәжірибелік ұсыныстар мен білімге көмектескен мықты жаттықтырушылар мен кеңесшілердің басын біріктіреді. Оқу мен алған дағдыларымның арқасында мен конкурста жеңіп, грант ұттым. Грант қаражатына құрал-жабдықтар сатып алдым. Бағдарламада оның әр бөлігі ойластырылған, бұл маған бизнес-жоспар құруға ғана емес, сонымен қатар күнделікті операциялық жұмысты жүргізуге де көмектесті, – дейді «Жарқыра» бағдарламасының жеңімпазы.

БІРЕГЕЙ ЖОБАНЫҢ ЕРЕКШЕЛІГІ

Арт және эрготерапия курсының бағдарламасы 3 айға есептелген. Бейнелеу өнері бағыты бойынша арт-терапия, бисермен тоқу, кесте тігу, ағашпен жұмыс, флоротерапия, компьютерлік дағдылар және цифрлық гаджеттермен жұмыс істеу дағдылары бойынша сабақтар аптасына 3 рет 1,5-2 сағаттан өтеді. Жыл ішінде инсульт алған 100-ден астам адам және жаңа дағдыларды үйренгісі келетін зейнеткерлер де оңалтудан өте алады. Атырау облысында әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту идеясына сене отырып, 2016 жылы «Теңізшевройл» компаниясы алғаш рет «Жарқыра» бағдарламасын қаржыландырды және мұны 7 жыл бойы жалғастырып келеді.

– «Жарқыра» – бұл адамдарға өз кәсібін ашуға ғана емес, сондай-ақ халықтың әлеуметтік осал топтарына көмек көрсетуге мүмкіндік беретін бірегей жоба. Мен оның адамдардың ойынан шыға білгеніне және жыл сайын әлеуметтік кәсіпкерлердің саны артып келе жатқанына қуанамын. Биыл үкіметтік емес ұйымдар ұсынған 14 жобаны жүзеге асыруға 2,3 млн. АҚШ доллары бөлінді. Бүкіл кезең ішінде әлеуметтік инвестициялар бағдарламасы аясында 94 жоба жүзеге асырылды, – дейді «Теңізшевройл» компаниясының үкіметпен және жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас менеджердің орынбасары Хэймиш Полс.

«Жарқыра» – жергілікті қоғамдастықтардың әлеуметтік-экономикалық проблемалардың инновациялық шешімдерін іздестірудегі мүмкіндіктерін кеңейтуге жәрдемдесуге бағытталған кешенді бағдарлама. Оның аясында 2016 жылдан 2022 жылға дейін әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша жеті конкурс өтіп, байқау жеңімпаздары 51 жоба бойынша өз кәсіпорнын ашуға немесе дамытуға жалпы сомасы 107,3 млн. теңге көлеміндегі қаржылай қолдауға ие болған. Олар сондай-ақ, ТМД елдерінің үздік әлеуметтік кәсіпорындарына барып, тәжірибе алмаса алады. Негізгі қызметтен басқа байқаудың финалистері бірігіп, бірлескен іс-шаралар мен қайырымдылық жобаларын да өткізуде.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз