БАЛАНЫҢ ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫСЫ ҚАЛАЙ ӨТЕДІ?
Тақырып бойынша атқарылып жатқан іс-шараларды баяндаған облыстық білім беру басқармасының басшысы Берікқали Сәрсенғалиевтың айтуынша, биыл барлық балалардың 75 пайызын тынығу және денсаулығын нығайту лагерьлерімен, 19,2 пайыз баланы еңбекпен қамту жоспарланған.
Барлық аудандар бойынша балалардың жазғы демалысына 41 млн. теңге қаражат бөлінгенмен, осының ішінен кей аудандардың бөліп отырған қаржысы тым мардымсыз. Айталық, Қызылқоға ауданында бұл мақсатқа бар-жоғы 80 мың теңге ғана қарастырылыпты. Дегенмен, облыстың ұтып отырғаны – бізде салыстырмалы түрде басқа өңірлерге қарағанда, бюджеттен бұл мақсатқа ақша аз бөлінгенмен, демеушілердің көмегімен біраз жұмыс жүзеге асады екен.
Сондай-ақ, Берікқали Жоланұлы оқушыларды каникул күндері демалдыру үшін бірқатар өңірлерде бағасы қалтаға қонымды демалыс лагерьлері барын жеткізді. Мәселен, Тараз қаласындағы «Тау самалы» лагерінде 35 мың теңгеге тынығуға болады. Осылайша, Махамбет ауданының отыз баласы Орал қаласына жол тартқалы отыр.
Комиссия отырысында ұсыныс білдірген облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әсия Қыстаубаева жеткіншектердің демалысын ұйымдастыруға әлеуметтік тапсырыс негізінде қоғамдық ұйымдарды да тартуға болатынын жеткізді. Бұған дейін «Мирас» қоғамдық бірлестігі «Теңізшевройл» компаниясынан грант ұтып алып, ішкі туризмді дамыту бағытында балалар демалысын ұйымдастырған болатын. Яғни, бұл тұрғыда тәжірибеміз бар, тек соны пайдалана білу керек. Осымен қатар, бір кездері облыс көлемінде жұмыс жасап, кейін жеке қолға өткен, қазіргі күні пайдаланылмай тұрған бұрынғы пионер лагерьлерін де мүмкіндігінше кері қайтару жолдарын қарастыру жайлы ұсыныстар айтылды.
— Балаларды ел тарихымен таныстыру мақсатында Астана, Алматы қалаларына экскурсиялар ұйымдастырған жөн. Өткенде Вашингтон қаласында болғанымда сондағы Ақүйдің жанынан көптеген балаларды кездестірдім. Сөйтсем, каникул күндері оқушыларды елдің бас қаласына топ-тобымен апарып, таныстырып қайтады екен. Осындай шараны қолға алып, ынталандыру мақсатында оқу үздіктерін, белсенді оқушыларды неге апармасқа?!-деді Шыңғыс Мұқан.
Келесі кезекте облыстық ішкі істер департаментінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі бөлімше бастығы Жеңісбек Абдолов жасөспірімдердің қараусыз және қадағалаусыз қалуының алдын алу бағытында ұйымдастырылған рейдтік іс-шаралар жөнінде, ОІІД әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Мырзалы Өтеғалиев балалардың жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша атқарылып отырған жұмыстар жөнінде баяндады. Белгілі болғандай, қазіргі таңда облыс бойынша 246 қолайсыз отбасы есепте тұр. Ата-аналардың немесе заңды өкілдердің баланың тәрбиесі жөніндегі міндеттерін дұрыс орындамағаны бойынша биыл 76 құқық бұзушылық тіркелген. Ал, жыл басынан бері балалардың қатысуымен 37 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, өкінішке орай, үш бала көз жұмған. Соның ішінде, баланы көліктің қағып кету оқиғасы Исатай және Қызылқоға аудандарында орын алыпты. Бұл жерде басты себеп – ата-аналардың түрлі жағдайлармен, әсіресе, бастауыш сынып оқушыларын мектепке өздері жетектеп апара алмағанынан туындаған.
Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның кезекті басқосуында Индер, Қызылқоға, Жылыой аудандарындағы комиссиялардың жұмыстары бойынша сауалдар берілді. Соның ішінде, Индер ауданында 2013 жылы 4 бірдей суицид оқиғасы орын алып, оның екеуі қайғылы жағдаймен аяқталған. Бұл жөніндегі дерек бойынша облыс әкімінің орынбасары мектептердегі психолог жұмысын қатаң сынға алды. Баланың қандай жағдайда жүргенін бір қарағаннан жазбай тануы тиіс мамандар қайда қарап отыр? Салғырттық неден туындады? Облыс әкімінің орынбасары Ш.Мұқан болған жайдан қорытынды шығарып, проблеманы жіті назарда ұстауды тапсырды.
Құралай ҚУАТОВА.