МЕЙІРІМ МЕН ІЗГІЛІКТІҢ ҰЯСЫ

Атырау облыстық балалар денсаулығын қалпына келтіру орталығы 2000-жылдың қазан айында, сол кездегі облыс әкімі Иманғали Тасмағамбетовтың бастамасымен құрылған еді. Міне, оған да бүгінде 15  жыл толып отыр. Осынау атаулы датаға орай жақында мұнда салтанатты шара ұйымдастырылды. Онда алғашқы сөз кезегін алған ұжым басшысы Нұрлан Құрақов есепті мерзімде орталықтың атқарған жұмыстары, қазіргі тыныс-тіршілігі жайлы баяндады.

 

Балаларды  өмірге бейімдейтін  орталық

Директордың мәлімдеуінше, мекеменің басты бағыты – мүмкіндігі шектеулі балаларды психологиялық-педагогикалық түзету және медициналық оңалту. Орталыққа облыстық, қалалық және аудандық медициналық-педагогикалық комиссиялардың жолдамасымен жіберілген 18 жасқа дейінгі балалар қабылданады. Бекітілген кестеге сәйкес логопед, педагог-дефектолог, педагог-психолог, музыкалық  ритмика, компьютер мамандары сабақ өткізіп, тәрбие жұмыстарын жүргізеді. Одан бөлек, әрбір баланың диагнозы мен қабілет-қарымына қарай жеке дамыту бағдарламасы енгізілген. Оқу үдерісінде түрлі танымдық ойындар, тақырыптық ертеңгіліктер, арттерапия, т.б. бағдарламалық дәрістер  балалардың жас және даму ерекшеліктері ескеріле отырып өткізіледі. 

Бір өкініштісі, жылдан-жылға осы орталықтың көмегіне жүгінетін балалардың саны көбеймесе, азаймай отыр. Мәселен, 2013 жылы мұнда 805,  2014 жылы 847 және 2015 жылы  906 бала  қабылданған. Осыған байланысты ғимаратқа қосымша құрылыс салу, педагог-дефектолог және басқа да мамандармен толықтыру қажеттілігі туындаған. Ағымдағы жылдың басты бір жаңалығы сол, орталық базасында балалар үшін жазғы ойын-спорт алаңдары жасақталып, монтессори кабинеті іске қосылған.

Үлгілі маман – ұжым  мақтанышы

Басқа салалардағы сияқты, бұл мекемеде де кәсібінің қыр-сырын жетік меңгерген, ұжым мақтанышына айналған жандар баршылық. Осындай озаттардың сапында бірінші санатты дефектолог, әдіскер Мәрия Бердімұратова, жоғары дәрежелі педагог, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері Базарбай Ищанов, бөлім меңгерушісі Нұрша Қамешова, директордың оқу-тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары Райхан Бұхарова, аға тәрбиеші  Күләш Тілемісова, техникалық қызметкерлер Шолпан Сүйінішқалиева, Гүлнәр Наурызбаева, Айжан Табылдиева, Айгүл Досмағамбетова,  есімдерін атай кеткен ләзім.

Бір сөзбен түйіндегенде, баланың тұлға боп қалыптасуы –  көп еңбектенуді қажет ететін ауқымы кең, күрделі жұмыс. Ахмет Байтұрсыновша айтқанда: «Дұрыс тәрбиенің асылы – баланың тәні мен жанына қажет деп танылған істерді істеу. Оны бала табиғатының тілеуімен, әуенімен істеу – тәрбиенің ең дұрысы да  сол болмақ». Шынымен де орталықтың атқарып отырған жұмысын осы қағидаға лайық деп бағаласақ, артық болмас еді. Мұны орталықтың 15 жылдық мерейтойына орай құттықтауларын жолдап, жылы лебіздерімен бөліскен облыстық білім басқармасының басшысы Нұрсәуле Сайлауова, ата-аналардың алғысын жеткізген облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай  Балмағамбетов пен Надежда Григорьевна және басқа салтанатты шараға шақырылған меймандардың сөздерінен айқын аңғардық. Ал, өнерпаздар әсем ән мен күмбір күйден шашу шашты. 

«Жас келсе, іске!»

Мереке құрметіне «Жас келсе, іске!» атты жас мамандар сайысы жалғасын тапты.  Оған Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің түлектері Айдана Үмбетова, Ару Хасенқызы, Гүлдана Исағалиева, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетін педагог-тәрбиеші мамандығы бойынша бітірген Сайрагүл Зайдолла және М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін тәмамдаған Гүлнұр Қисымова сынды жастар қатысты.

Әділ қазылар алқасының шешімімен сайыс жеңімпаздары да анықталып, оларға естелік сыйлықтар мен  түрлі дәрежелі дипломдар табысталды.

Аз ғана уақыт осында болғанымызда, біз бұл мекемені ізгілік пен мейірімнің ұясындай сезінгенімізді де жасыра алмадық.  

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз