БАЛАЛАРҒА БАҚЫТ СЫЙЛА!
Олар бұған дейін облыстық санаторий типтес №4 мектеп-интернаттың, Химиктер поселкесіндегі мамандандырылған №3 мектеп-интернаттың, балалар саулығын қалпына келтіру орталығы және облыстық балалар ауруханасында болып, бүлдіршіндер үшін қайырымдылық шыршаларын өткізген болатын.
1999 жылдан бері ембілік мұнайшылар мен Сабыр Қазыбаев атындағы №1 балалар үйі тәрбиеленушілері арасында тұрақты байланыс орнатылған. Компания Жаңа жыл қарсаңында балалар үйіне тағы да мол сыйлықтарымен келді.
Балалар асыға күткен Аяз ата мен Ақша қар Жаңажылдық мерекені думанға бөледі. Олар Аяз Атаға өздерінің ән-тақпақтарын айтып, жұмбақтар шешті, Мұнан соң ортаға жыл иесі Мешін келіп, тәрбиеленушілермен бірге қуанышты ортаны жалғастырды.
Жаңажылдық шырша мерекесінде балалар үйінде тәрбиеленуші балаларды «Ембімұнайгаз» АҚ әлеуметтік саясат департаментінің директоры Қуандық Қалидуллин құттықтады.
— Жаңа жыл – әр бүлдіршіннің асыға күтетін үлкен мерекесі. Осыған байланысты біз жылдағы дәстүрге сай сіздерге тәтті сыйлықтарымызбен, сүйікті ертегілердегі кейіпкерлеріңмен бірге келіп, қуантып жатырмыз. Біз өздеріңізбен байланысымызды үзбей, болашақта да жалғастыра береміз. Жаңа жыл сіздерге зор денсаулық, шаттық пен қуаныштар сыйлағай! Сабақтарыңды жақсы оқып, еліміздің саналы азаматтары болуларыңа тілектеспін,- деді департамент директоры.
Балалар үйінің директоры Сәния Мусеева жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың жаңажылдық шыршасын өткізуге ұйытқы болған мұнайшылардың бұл қайырымдылығына алғысын білдірді. Ал, тәрбиеленуші балалар болса, өз қолдарымен жасалған қолөнер туындылары мен жақсы тілектері жазылған құттықтауларын демеушілеріне табыстады.
Сәния Төлегенқызының айтуынша, кәсіпорын демеушілігімен балалар үйінде тәрбиеленушілер үшін жазғы каникул күндері Железноводскіде, «Қазақстан геологы» емдеу пансионатында демалуына қосымша қаржы бөліп, олардың жайлы демалуына жағдай жасаған көрінеді.
«Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады» демекші, тағдырдан теперіш көрген осынау бейкүнә бүлдіршіндердің көңілдері бір көтеріліп, бір сәт төрт құбыласы тең құрбыларындай шатты сезінуіне мүмкіндік жасаған қайырымды мұнайшы ағаларына риза болысты.
Кеше ембілік мұнайшылар Махамбет атындағы драма театрында жетім, мүгедек және аз қамтылған отбасыларының бес жүз баласына қайырымдылық шыршасын өткізуге мұрындық болды. Кең де жарық залдағы әдемі ойыншықтармен, жаңажылдық әшекейлермен әсем безендірілген шырша жанында сәнді киінген тәрбиеленушілерге мерекелік сыйды Махамбет атындағы драма театрының әртістері жасады. Олар «Қызыл телпек» ертегісі негізінде дайындалған қызықты қойылымын көрсетіп, мәз-мейрам қылды.
Арнайы дайындалған жаңажылдық бағдарламаны тамашалап, түрлі ертегілер кейіпкерлерімен жүздесіп, фотосуретке түскен бүлдіршіндер мерекеден алған әсерлерін достарына жеткізуге асықты.
Өнер ордасына мерекелік салтанатқа жиналған балаларды акционерлік қоғамның бас директорының орынбасары Рысты Тасмағамбетова Жаңа жылмен құттықтады.
Жалпы, «Ембімұнайгаз» АҚ ұжымы Мешін жылы қарсаңындағы үш күндік қайырымдылық шыршасына қатысқан 1300 балаға ұмытылмастай қуаныш пен сыйлық жасады.
Бақытжан ЖҰМАТ.