Жарнама
Қоғам

БАЙЫПТЫ БАҒДАР

 

Стратегиялық құжатты насихаттау мақсатында құрылған топ Атырау қаласындағы «Медикер» ЖШС-нің ұжымымен кездесіп, ел дамуында бас құжаттың рөлін талқылады.

Жиынды ашып, жүргізген аталмыш серіктестік директоры Еркін Сабыров кемелді келешекке жету үшін қазақстандықтардың саулығы басты назарда болу керектігін айтып, бұл ретте серіктестік тарапынан іске асып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Оның айтуынша, Атырау қаласындағы 15 мүмкіндігі шектеулі балаға тегін медициналық қолдау көрсетілген. Сондай-ақ, ағымдағы жылдың шілде айынан бастап тамыз айының соңына дейін барлық емделушілерге 10 пайыз жеңілдік ұсынылуда. Бір айта кетерлігі, Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Ұлы Отан соғысы ардагерлері де назардан тыс қалмай, олар тегін емделіп, тексерістен өтуге мүмкіндік алуда. Сондай-ақ, оларды қажетті дәрі-дәрмекпен қамтуда 10 мың теңге көлемінде сертификат табыс етілген.

Ал, Жолдаудағы білім саласына қатысты міндеттерді орындауда өңірде атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Бұл жөнінде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ғалым-хатшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Баянсұлу Тыныбаева баяндама жасады. Ол өз сөзінде ғылым салаларын дамытпай, жаңа инновациялық-индустриялық бағдарламаны дамыту мүмкін еместігін айтып, жастардың ғылыми жобаларға араласу қажеттігін жеткізді.

«Оқимын, зерттеймін, ғылымға терең бойлаймын деген жасқа қай жерде де мүмкіндік бар. Тек әркім алдына мақсат қойып, соған жету жолында өзін қамшылап отыруы қажет» деді Б.Тыныбаева.

Одан әрі Атырау қалалық мәслихатының депутаты Светлана Страмоусова Елбасының денсаулық саласына қатысты алға қойған міндеттеріне тоқталып, оның өңірдегі орындалысы жөнінде мағлұмат берді. Қазақстанның болашағы дені сау ұрпақтың қолында екенін жеткізіп, ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеу қажеттігін баса айтса, Атырау қаласындағы жұмыспен қамту орталығының басшысы Гүлнәр Құспанова шағын және орта кәсіпке бет бұрып, ел экономикасын дамытуға үлес қосуға шақырды. Осы орайда «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының мүмкіндіктеріне тоқталды.

Мұндай кездесу «Қазақтелеком» АҚ-ның Атырау облыстық филиалында жалғасып, Жолдау жүктеген міндеттер сараланды.

Атырау қаласы бойынша бұған дейін барлығы 172 кездесу өткен. Атырау қалалық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Елдана Асылханова «бұл жұмыстар жыл аяғына дейін жалғасып, түсіндіру жұмыстарымен қатар, оның орындалысы бақылауда болады» деді.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button