Жарнама
Қоғам

Ұлттық қор балаларға бағдарламасы қалай жалғасады?

    Ақпан басталысымен Қазақстан азаматтары болып есептелетін 18 жасқа дейінгі барлық балаларға Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан алғашқы қаржы аударылды. Бағдарламаға 6 919 131 бала қатысушы ретінде тіркелді. Олардың барлығына 100 АҚШ доллары 52 центі мөлшеріндегі бірдей сома аударылды.  Бұл тек алғашқы аударым, жыл сайын Ұлттық қордың өсуі мен инвестициялық кіріс есебінен сома ұлғайып отырады.

 Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингке келген «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Қозыбақ Құлбарақов  есептелген қаражат Ұлттық қор активтерінің құрамында одан әрі инвестициялануын жалғастыратынын айтты. Ол бағдарламаға қатысушы балаларға 18 жасқа толғанға дейін қосымша инвестициялық кіріс әкелетінін атап өткен жөн. Сонымен қатар, осы жылы 18 жасқа толатын 304 815 балаға аталған сома олардың БЖЗҚ-да ашылған жинақтау шоттарына түсіпті. Олар өздерінің жинақтарын кәмелетке толғаннан кейін тұрғын үйге немесе білім алуға бірден пайдалануға құқылы.

   Ұлттық қордың инвестициялық кірісі 1,39 миллиард АҚШ долларын құраған. Бұл Ұлттық қордың 18 жылдағы орташа жылдық кірісі. Ал, 18 жылдағы орташа жылдық кірістілігі 2,6% (АҚШ долларымен) болыпты. Аталған қордың инвестициялық кірісінің 50% – бұл 2024 жылы есептелетін талаптар сомасы — 695,5 миллион АҚШ долларды құраған. 

  Білуімізше, БЖЗҚ-ның «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорынан алған мәліметтерге сәйкес, өткен жылдың соңындағы жағдай бойынша 18 жасқа дейінгі Қазақстан азаматтарының тізімі қалыптастырылды. Оның құрамына 6 919 131 бала кірді,  ішінде 2024 жылы 18 жасқа толатын 304 815 қатысушы да бар.

   ­- «Ұлттық қор – балаларға» жобасының негізгі мақсаты – өскелең ұрпақты қолдау және оларға ұлттық жинақ есебінен тұрғын үй жағдайларын жақсарту немесе білім алуға мүмкіндік беру.

  Бағдарлама аясында балаларға бағдарламаға қатысқан әрбір жылы үшін жыл сайын есепті жылдан кейінгі жылдың басында Ұлттық қордан инвестициялық кірісті қоса алғанда, қаражат олар 18 жасқа толғанға дейін есептелетін болады.

Нысаналы жинақ төлемдерін пайдалану жөніндегі егжей-тегжейлі шарттар БЖЗҚ-дан нысаналы жинақ төлемдерін тұрғын үй жағдайларын жақсарту және білім алу ақысын төлеу мақсатында пайдаланудың тиісті қағидаларында реттелген.

Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының қатысушылары ретінде 01.01.2006 ж. бастап 31.12.2023 ж. туған Қазақстан Республикасының азаматтары болып есептелетін балалар тіркелді. Келесі жылдары туған балалар да автоматты түрде бағдарламаның қатысушысы болады. 

          БЖЗҚ жыл сайын «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқоры негізінде кәмелетке толмаған азаматтардың тізімін қалыптастырады. Егер бала осы дерекқорға қосылса, ол автоматты түрде «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасының қатысушысы болады. 

          Егер бала қандай да бір себептермен қатысушылардың тізіміне енгізілмесе және олардың жалпы саны есептеу кезінде ескерілмесе, бірақ осындай қатысушы болуға құқығы болса, онда өтініш берген жылдан кейінгі жылы өткізіп алған кезең үшін есептеледі, — дейді Қозыбақ Әбуұлы.

             Баланың бағдарламаға қатысу дерегі және оған есептелген ақпаратты кәмелетке толмаған баланың ата анасы немесе басқа заңды өкілдері арнайы құрылған kids.enpf.kz сайтынан баланың ЖСН бойынша тексере алады. Онда бағдарламаның шарттарымен танысуға, нұсқаулықтар, қызықтырған сұрақтарға жауап алуға болады. Сондай ақ әрбір балаға жасалған есептеулер туралы мәліметті ата-аналар egov.kz порталындағы Жеке кабинетінен тексере алады. 

        Брифинг барысында бағдарлама жұмысының бірінші күні,яғни ақпанның бірі күні бұл бөлімге 2 миллион 700-ден астам адам кіргенін, ал ЖСН бойынша шамамен 5,5 млн сұраныс өңделгенін білдік.   

Айта кетелік, 1 ақпанда Атырау облысы бойынша 277 236 балаға 27 867 763 АҚШ доллары көлемінде төлем аударылыпты. Ал, биыл 18 жасқа толатын 11 117 атыраулық өз несібесін алып үлгеретін көрінеді. Олардың шоттарында 1 117 480 доллар қаражат бар.

Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button