Жарнама
Қоғам

Баға өзгермесе – тапшылық жойылмайды

Бағаны өзгертпейінше тапшылық бәрібір жойылмайды. Жанар-жағар майды сыртқа шығармаудың бір жолы – бағаларды теңестіру. Баға төмен болып тұра берсе онда көрші елдер таси береді. Олар өздері тұтыну үшін ғана емес, апарып сатуға да алып кетіп жатыр. Иә, бізді мемлекет отыз жыл бойы арзан өнімдерге үйретіп тастады. Түркіменстан сияқты жабық ел болсақ мұндай саясат бізге жарасар еді. Ешкімге ештеңе бермейді, алмайды, өз-өзімен өмір сүреді. Ал біз әлем елдерімен тығыз байланыстағы мемлекетпіз, алыс-беріс деңгейі жоғары. Сондықтан қаласақ та, қаламасақ та біз әлемдік нарыққа бейімделуіміз қажет болады. 

Мәселен, бізде жарық арзан. Сол сияқты жанар-жағармай да қолжетімді. Қаншама уақыт бойы бағаны қолдан реттеп, ұстап тұрды. Енді әрі қарай ұстай алмайды. Көтерейін десе халық ренжиді, көтермейін десе әрі қарай арзан күйінде қалдыра беру мүмкін емес. Мұнай өндіруші компанияларға «сен мұнайыңды нарықтық бағамен емес, ішкі бағамен сат» деп талап қоя алмаймыз. Қазір кәсіпорындар ішкі нарыққа мұнайын жіберсе де пайда таппайды. Сосын келіп инвестиция да құйылмайды.

Елде мұнай өнімдері өндірісін арттыру үшін тағы бір мұнай өңдеу зауытын салу керек деушілер бар. Алайда, мен бұл пікірге қосылмаймын. Біз қазір бір емес, бірнеше МӨЗ салсақ та, нарықтағы ахуалды оң қырына қарай ауната алмаймыз.

Біз жылына 90 млн. тонна «қара алтын» өндірсек, соның 70-71 млн-ы сыртқа кетеді, қалған 19-ы іште қалады. Өңделген кезде 19-дың 13 млн. тоннасы мұнай өнімдері болып шығады.  Бізде мемлекет компанияларға квота беріп, «50 пайызын ғана сыртқа жібере аласың, қалған 50 пайызын ішкі нарыққа жібересің» деп талап қойды. Ішкі нарыққа мұнай жіберу – компаниялардың қалауы емес. Оларға ерік берсеңіз, шығарған мұнайын түгелімен дерлік экспорттауға даяр. Мемлекет талап қойғандықтан, мұнай өңдеу зауыттарынан бекеттерге бензин арзан бағада келіп жатыр. Ортадағы пайда көп емес.

Үш үлкен кен орнымыз  бар – Қарашаған, Қарашығанақ және Теңіз. Олардың келісімшарттары бөлек болғандықтан 100 пайызын сыртқа сатып жатыр. Басқа компанияларда ондай мүмкіндік жоқ.

Мұнай өнімдерінің саны артып, ішкі тұтыну көлемін толық жауып тұру үшін кәсіпорындар көбірек мұнай беруі тиіс. Оны тағы мемлекет квотаны ұлғайту арқылы шешеді. Бұрын шығарған өніміңнің 50 пайызын ішкі нарыққа жібер десе, енді 60-70 пайызын сұрауы тиіс. Ал, ол кәсіпорын мұнайды сыртқы нарыққа 80 доллардан сата алар еді. Ішкі нарыққа амалсыз 25 доллардан сатуға мәжбүр. Содан келіп осындай шағын кәсіпорындардың қызметкерлері арасында жалақы дауы туындай бастады. Ал, кәсіпорында мұндай мүмкіндік жоқ. Алпауыт компаниялар ақша тұрғысынан қиындық болмауы мүмкін. Мұнай бағасы түсіп кеткен кезде де олар пайда көреді.

Абзал НАРЫМБЕТОВ,

мұнай-газ саласының сарапшысы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button