Қызды шеше емес, неге көше тәрбиелейді?

photo 199053 Жаңалықтар

Қоғамдық көлікте келе жатырмыз. Кезекті аялдамада автобусқа егде жастағы ер адам мінді. Аяғын әрең басып, бос орын іздеп тұрғаны байқалады. Бірақ, қос құлағына ұялы телефонның сымын тығып, терезеге қарап отырған жастар міз бақпады.

photo_199053

Өкінішке қарай, мұндай көрініске күнде дерлік куә боламыз. Безбүйрек ұрпақтың қайдан шыққанына таң қаламыз. Үйдегі тәрбие ме, әлде түздегі әсер ме? Мүмкін жаһандану салдары шығар? Соның үрдісіне еріп, үлкенді сыйлайтын табиғи қалпымыздан жаңылдық па? Меніңше бәрі де бар. Тек соны саналы жастың ой елегінен оңтайлы өткізгенін қалар едік.

Сонау жылдары Мәскеуде болғанымызда метроның поезында отырғандардың ешкімге орын ұсынбайтынын көргенбіз. Бәрі бір-бір кітабын немесе газетін құшақтап, төңірегіне көз салмайтын. Сол кезде кеңес халқы әлемдегі ең көп оқитын адамдар екендігі жөнінде қауесет те тараған. Бірақ, одан не пайда, егер қарапайым тәрбиеден жұрдай болса?

Отбасының да әсері көп. Бірде автобусқа 10-11 жастағы немересін ерткен кейуана мінді. Оған орын ұсынылды. Ал, әлгі жүгермек «Маған ешкім орын бермей ме?» дейді жан-жағына қарап. «Отыр ғой бәрі, шыда енді» дейді әжесі. «Сен есейдің, енді үлкен кісілерге өзің орын беруің керек» деген сөзді күткенбіз әжесінен. «Жеті жастағы жетесіз ұл жетпісінде де жетіспейді» деген халық нақылы ойымызға оралды. Әлгі өзімшіл ұлдың қылығы әлі естен кетпейді.

Қала сыртына шығатын автобусқа естияр немересін мінгізіп жатқан тағы бір әже кондукторға жолақысын төлеп жатып, «ақшасын беріп отырмын, біреу келіп орнынан тұрғызып жібермесін» деп тапсырды. Демек, ана орынның ақысын төлеген санайды. Ал, ар өлшемін немен өтейді? Тәлімді тәрбиенің төлемі қайда?  

Алдымызда отырған екі қыздың бірі үлкен адамға орын бермек болып орнынан көтеріле берген-ді, қасындағы құрбысы етегінен тартып тұрғызбады. «Отыра берсейші» дейді құлағына сыбырлап. Арқалы ақын Қадір-Мырза Әлі «Қызды бүгінде шеше емес, көше тәрбиелейді. Ұлды бүгінде дана емес, дала тәрбиелейді» деген екен. Расында да, солай ма?

Бәрінен де ұл-қыз өсіріп, немере сүйіп отырған кейуаналарға көңіл қалады. Солардың өздері кезінде үлкеннің алдын кесіп өтпей, оларды сыйлап өскен жастар емес пе еді?  Әлде содан жамандық көрді ме? «Біреуге ор қазба, өзің түсерсің» дегендей, сен бүгін немереңе үлкенге орын бермеуді санасына сіңірсең, ертең саған да біреудің немересі орын ұсынбайды.

Елбасы ел жастарының келешегі туралы толғанғанда, олардың терең біліммен қатар, тәлімді тәрбие алуын да айтқан. Сонда ғана қазақы қағидамызды кір шалмай, ұлттық үрдісіміз ұрпаққа үлгі болады. Асылы, осыны кейінгі толқынға табалдырықтан сыртқа аттамай тұрып үйреткеніміз абзал. Тәрбиенің талбесіктен басталатынын ұмытпалық, ағайын.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Салтанат

    Үлкендерден ұят кетсе, балалардан не тәрбие талап етеміз? Автор өте жақсы тақырыпты көтерген екен. Осыдан жастар үлгі алса игі.