БҰЛ ЖҮЙЕ – АЛЫС АУЫЛДАР ҮШІН!
Аймақтағы тұрғындардың облыс орталығындағы партия филиалына барып, мәселесін айтуға мүмкіндігі бола бермейтіні рас. Ендеше, бұл жоба тұрғындардың жағдайын жақсартуға біршама себеп болып отыр.
Жүйенің алғашқы пайдаланушысы болып байланысқа шыққан Айбек Қуанышбаев қолға алынған бұл жобаның шалғайдағы ауыл тұрғындары үшін маңыздылығын айтып, жаңа жүйенің жұмысына сәттілік тіледі.
Брифингке қатысқан «Қазпошта» АҚ Атырау облыстық филиалының басшысы Ержан Омаровтың айтуынша, бүгін республикамызда партияның ақысыз заңгерлік кеңесі ғана емес, нақты мәселелер бойынша көмек беретін 241 қоғамдық қабылдауы жұмыс жасауда. Өз кезегінде пошта бөлімшелері арқылы ғаламторға кіру мүмкіндігі бар елімізде 50 нүктенің ашылуы азаматтар арыз-шағымының жедел қаралуына ықпал етеді. Сөйтіп, тұрғындар үшін мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын арттыру жолында нақты қадамдар жасалып отыр.
Еліміз бойынша қазақстандық поштаның 3200-ден аса бөлімшесі, 14 облыстық және республикалық төрт филиалы бар. Сондай-ақ, пошта қызметі жөніндегі толық мәліметті «www.kazpost.kz» сайтынан алуға болады.
Ал, біздің аймақта бұл жүйеге Құрманғазы ауданынан басқа, Индер ауданының Есбол ауылдық пошта бөлімшесі және Жылыой ауданының Шоқпартоғай ауылдық пошта – байланыс бөлімшесі қосылды. Алдағы уақытта қолға алынған жүйенің тиімділігі жоғары болса, мүлдем интернет желісі орнатылмаған басқа да аудандардың пошта бөлімшелерінде де осындай нүкте ашу көзделіп отыр.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.