ҚЫСТА ӨРТЕНГЕН ҮЙ

енді жанұя мүшелерінің

жағдайы не болмақ?

Қыстың ортасында Атырау қаласындағы бір отбасы қиын жағдайға душар болып, үйсіз қалды. Сарыөзек елді мекеніндегі шаруа қожалығында жұмыс жасайтын Н.Орловтың үйін өрт шарпып, соның салдарынан жанұя мүшелері далада қалды. Қыстың суық мезгілінде баспанасыз қалған олардың ендігі жағдайы не болмақ? Біз осы мәселеге қатысты лауазым иелерін сөзге тартып, қандай шара алынып жатқанын сұрадық.

 

Нұрлы ХАБИЕВА, Атырау қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы:

– Атырау қаласы әкімінің тапсырмасымен жедел комиссия құрылып, жұмыс жасады. Нәтижесінде 53 жастағы Николай Орлов пен 41 жастағы Елена Приданованың азаматтық некеде екені белгілі болды. Олардың бір, екі және төрт жастағы үш баласы бар. Бұған дейін отбасы мүшелерінің ешбір құжаты, тіпті жеке басын куәландыратын куәліктері де болмаған. Алты-жеті жылдан бері шаруа қожалықтарында жалданып, жұмыс жасап келеді. Комиссия шешімімен Е.Приданова балаларымен бірге облыс орталығындағы әйелдерге арналған дағдарыс орталығына орналастырылды.

Ал, Н.Орлов тұрақты мекені жоқ адамдарды бейімдеу орталығына жіберілді. Әлеуметтік сала қызметкерлері олардың құжаттарын қайта жасақтауға жұмыстануда. Жеке басын куәландыратын құжатын алған соң Н.Орлов жұмыссыздар есебіне тіркеуге алынады. Одан кейін балаларына тиісті атаулы әлеуметтік көмек пен бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты басқа да мемлекеттік жәрдемақылар тағайындалады. Бұл мәселе он күннің ішінде шешіледі.

 

Марта НҰРҒАЛИЕВА, Атырау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі тұрғын үйлерді бөлу секторының басшысы:

Тұрақты мекен-жай анықтамасы бойынша Е.Приданова Балықшы поселкесінде, ал, Н.Орлов Авангард ықшамауданында тіркеуде тұр. Қазіргі уақытта азаматтық некедегі азаматтардың нақты тұрғын үйлері бар-жоғын анықтаудамыз. Егер, шынымен де пәтерлері жоқ болса, Е.Приданова толық емес отбасы ретінде тұрғын үй кезегіне тұруға құқылы. Ол үшін жеке басын куәландыратын құжаттары жасақталған соң пәтер кезегіне тұруға арыздануы тиіс.

 

Айбаршын ИМАНҒАЛИЕВА, Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмек көрсету бөлімшесінің меңгерушісі:

Бейсенбі күні кешкі уақытта Е.Приданова үш баласымен аталмыш бөлімшеге орналастырылды. Өзі де, балалары да қалыпты жағдайда. Олар қазіргі уақытта медициналық тексеруден өткізілуде. Әзірге денсаулықтарынан ешқандай  кінәрат байқалған жоқ. Тегін жатар орын мен үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етілуде. Еленаның балаларымен тәрбиешілер, психологтар тығыз жұмыс жасауда. Олар құжаттары реттеліп, мәселесі шешілгенше дағдарыс орталығын үш ай паналай алады. Оған дейін жағдайлары шешілмесе, уақытша тұрақтау мерзімін тағы ұзартуға болады.

 

P.S: Қаһарлы қыста мұндай жағдайға тап болған отбасына дер кезінде қол ұшы созылды. Алдағы уақытта олардың өміріне алаңдаған қайырымды жандар табылып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. 

Дайындаған: Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз