Бұл — рухани конституция!
Латын әліпбиіне көшу жолында қандай мәселелер туындауы мүмкін? Жалпы, графиканы ауыстырудың мәні неде? Атырауға «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында арнайы сапармен келген ақпараттық түсіндіру тобы осы сұрақтарға жауап іздеді. Құрамында Әміржан Қосанов, Ерлан Сайыров, Оксана Лоскутова, Қанат Әуесбай сынды қоғамға белгілі өкілдер бар топ «Атырау-Ақпарат» баспасөз-клубында жергілікті журналистермен кездесіп, еліміздің үлкен өркениеттік қадам алдында тұрғанын айтты.
Ерлан САЙЫРОВ, саясаттанушы:
Өркениет жолындағы реформа
– Жақында ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлыққа қол қойды. Десе де, бұл «әліпбидің түпкілікті үлгісі қабылданды, енді еш нәрсе өзгермейді» дегенді білдірмейді. Латын әліпбиіне көшудің әдістемесі мен тәсілдері анықталып, белгілі бір өтпелі кезеңнен кейін қазақ тіліне, үндестік заңына лайық әліпби жасалатын болады.
Жарлық дегеніміз, ең алдымен саяси шешім. Жарлықтың екінші пункті бар. Онда мемлекеттік комиссия құрылу мәселесі айтылады. Демек, осы комиссияда апостроф, басқа да мәселелер анықталатын болады. Ең алдымен, мынаны түсінуіміз керек. Латын әліпбиі дегеніміз бұл – рухани Конституция. Рухани Конституциямызды қоғамның белгілі бір өкілдері қабылдамайтын болса, бұл – үлкен мәселе. Сондықтан, біздің алдымызда қоғамның барлық мүшесінің көңілінен шығатын әліпби үлгісін жасап шығару міндеті тұр.
Әміржан ҚОСАНОВ, саясаткер, публицист:
Ұлт мүддесінде бірлік керек
– Біз тәуелсіздік, жердің тұтастығы, тіл, ұлттық мүдде төңірегінде, геосаяси картадағы Қазақстанның лайықты орны деген мәселелерде барлығымыз бірге болуымыз керек.
Біріншіден, рухани жаңғыруды қоғамдағы бүкіл процестерден бөлек қарастыруға болмайды. Яғни, еліміздегі экономикалық, әлеуметтік реформа, жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері де бұл процеспен бірге жүре беруі керек.
Бұған дейін графиканы ауыстыру, әсіресе, жасы үлкен буынға қиын болады деп ойлаушы едім. Бірақ, түрлі кездесулер кезінде ойымның қате екендігін түсіндім. Зиялы қауым өкілдерімен, жазушылармен, журналистермен жиі кездесеміз. Бір қызығы, жасы жетпістен асып, сексенді алқымдаған аға-апаларымыз да бұл мәселені қолдап отыр. Меніңше, қоғамда қазір айтарлықтай пікірталас болып жатқан жоқ. Бұрын біз «латынға көшу керек пе, жоқ па?» деген әңгімені айтатынбыз. Енді, «латынның қай үлгісін таңдаймыз?» деген мәселе талқыланып жатыр. Мұның өзі – прогресс.
Бір айта кетерлігі, қазіргі таңда, әсіресе, әлеуметтік желілерде соңғы ұсынылған графика үлгісіне белгілі бір дәрежеде қарсылық бар. Бұл мәселелерді арнайы комиссия шешуі керек. Бір ескерерлігі, елімізде болып жатқан осынау тарихи реформаға қарсы мүдделі күштер елдің ішінде де, сыртында да бар. Демек, біздің бір нұсқаны сынауымыз жалпы идеяны тәрк етпеуі керек.
Қанат ӘУЕСБАЙ, журналист:
Мәселенің ара-жігін ажырату маңызды
– Шын мәнінде, латынға байланысты қоғамда қарсылық байқалып отырған жоқ. Қазір мәселенің барлығы апостроф, диграф тақырыбына келгенде туындап жатыр. Осы жағдайды бақылап отырған сырт көз «қазақтардың өздері латынға қарсы болып жатыр екен» деген пікірді әдейі тудыруы мүмкін.
Ақиқатында, әлемде апострофпен жазылатын сөздер көп. Яғни, апострофтың жаһандық тәжірибеде мысалдары бар. Десе де, апостроф немесе диграф қазақ тілінің табиғатына, әліпбиіне келе ме, жоқ па, бұл – екінші мәселе. Сондықтан да, түрлі қитұрқы ақпараттық толқынға еріп кете бермей, мәселенің ара-жігін ажыратуға мән бергеніміз дұрыс.
Айта кету керек, қазақ тілін білгеннен кейін, латын қарпінде жазылған мәтінді оқудың да аса бір айтарлықтай қиындығы жоқ. Уақыттың еншісіндегі мәселеде сабырлылық, төзім мен түсіністік керек. Ең бастысы, біз кішігірім құрбандықтарға бару арқылы, ұлт болашағын жасап алуға тиіспіз.
«Атырау-Ақпарат» ЖШС директоры Баязи Әбдешов жүргізген кездесуде түрлі пікірлер айтылып, сарапшылар журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Осындай жүздесулер Атырау қаласындағы Құрманғазы мәдениет үйінде, Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясында зиялы қауым өкілдерімен, жастармен ұйымдастырылды.