Ғылымның тұңғиығынан маржан терген…

photo 2018 12 21 10 40 25 Қоғам

Қазақ ғылымының қарыштап дамуына сүбелі үлес қосқан ғалым Ақылбек Ахметов – республикамыздың жоғары оқу орындарында 45 жылдан аса жұмыс жасаған ұлағатты ұстаз. Атырау мен Маңғыстау облыстарының оқу-ағарту ісіне еңбегі сіңген ғалым, профессор, физика-математика ғылымдарының кандидаты, педагогика ғылымдарының докторы.

фото ахметова

Ол Гурьев облысының Теңіз ауданында Ұлы Отан соғысынан кейінгі қиын кезеңде дүниеге келген. 1957 жылы ауылдан 20 шақырым жердегі Сафоновка селосынан жетім және толық емес жанұялардан шыққан балалар үшін мектеп-интернат ашылғанда, соның бесінші сыныбына ауысқан Ақылбек мемлекеттің қамсыздандыруына көшеді. Осында өткізген үш жылын әлі күнге ұмытпай, әркез ұстаз-тәрбиешілерін сүйіспеншілікпен еске алады.

9-11 сыныптарды ауылынан оншақты шақырым жердегі Ленин атындағы орта мектептен бітірген ол физика пәніне көбірек ден қойып, аудандық олимпиадалардан жүлделі орын алды. Бұған сол кезде осы пәннен сабақ берген Ғалым Сағындықов ағайдың әсері мол болды. Осылайша, мектеп бітірген жас ойланбастан өзі қалаған салаға қадам басып, Қазақ мемлекеттік университетінің физика факультетіне құжаттарын тапсырды. Аталмыш университеттің екінші курсынан бастап ғылыми жұмыстармен шұғылдануға ден қойған талапты студент Совет Исатаев және Марат Құсайынов ұстаздарының жетекшілігімен молекулалық және жылу физикасы бойынша зерттеу жұмыстарына тартылды. Алайда, осы салаға деген құлшынысы оны ядролық, кванттық физикаларға жетеледі. Сөйтіп, 3 курстың екінші жартысында студенттерді болашақ мамандықтарына бөлгенде ол заманауи фундаменталдық физиканың ең алдыңғы шебі болып табылатын ядролық физика кафедрасын таңдады.

Дипломдық жұмысын сәтті қорғаған білікті студент ғылыми кеңестің шешімен аспирантураға ұсынылды. Алайда, ауылға келгенінде тетелес бауыры Бақтығалидың өмірден өткенін естіп, анасының жанында болуға шешім қабылдады. Кішкене ауылдағы бұрын өзі оқып кеткен сегіз жылдық мектепке физика пәнінің мұғалімі болып орналасты. Өз жұмысы ұнағанымен, ғылыми өсуіне мүмкіндіктің жоғын ескерген ол Гурьев педагогикалық институтының физика кафедрасына оқытушылық қызметке ауысты. Оған бірден жоғары оқу орындарында оқуға ауыр саналатын екі курс – университетте сүйіп таңдаған пәндері кванттық механика мен ядролық  физикадан дәріс оқу тапсырылды. Университет қабырғасында екі тілде дәріс алғанының пайдасы тиіп, екі тілде сабақ берді.

Кейін, 1974 жылы КазМУ-ге «Теориялық және математикалық физика» мамандығы бойынша күндізгі бөлімге аспирантураға қабылданады да, Москвадағы ФИАН ССРО ғылыми-зерттеу орталығына, «Атом ядросы физикасы және космостық сәулелер» бағытына ауысады. Аспирантурада таңдаған ғылыми бағыты өте ауыр болғандықтан кандидаттық диссертациясын дайындауға, өңдеуге және қорғауға он төрт жылдай өмірін сарп етті. Бірақ, ол бұған өкінген жоқ. Зерттеулерінен алған нәтижелері аса оңды болды. Москва, Самарқанд, Ташкент, Киев қалаларында жасаған баяндамалары өте жоғары бағаланды. Мақалалары Лондон, Аделаида, Москва, Киев, Ереван сияқты ірі ғылым орталықтарында жарияланды. 1989 ж. Жапонияның Токио қаласындағы «Васеда» университетінде Қазақстандағы космостық сәулелерді зерттеу жұмыстары деңгейі мен нәтижелері жайында баяндама жасады.

1993 жылы Ақтау қаласында Атырау педогогикалық институтының филиалы ашылып, оның директорлығына Білім министрінің бұйрығымен доцент Ақылбек Қабиұлы тағайындалды. Қиын кезеңде, ешқандай базасы жоқ, жаңа оқу орнын аяғынан тік тұрғызу оңайға соққан жоқ. Сол кездегі облыс басшылығының, тілеулес азаматтардың көмегі арқасында проблемалар оңынан шешілді. Кейіннен  бұл филиал Қазақ политехникалық институтының филиалымен бірігіп, Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университеті құрылды, А.Ахметов осы оқу орнының бірінші проректоры болып тағайындалады. Ал 2002-2010 жылдар аралығында осы университеттің «Физика және информатика» кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарып, кафедра екі жыл қатарынан «Университеттің үздік кафедрасы» атағын жеңіп алды. Қазіргі таңда ол Қазақ теңіз университетінің ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыс жөніндегі проректоры қызметін атқарады.

Білікті ғалым, тәжірибелі ұстаз Ақылбек Ахметов ғылыми ізденістерін жалғастырып, педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесіне диссертация қорғады. Бұл еңбек педагогика ғылымында тың, жаңа бағыттың – студент жастарды экономиканың нарықтық жағдайына бейімдеудің негізін қалады. Ақылбек Қабиұлы бұл жолы да көп еңбектенді. Баспадан осы ғылыми тақырыбына арналған үш монография шығарды. Қазақстанның ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, Нью-Йорк ғылым академиясының шынайы академигі, ҚР ақпараттану академиясының академигі атақтарына ие болды.

Ақылбек Қабиұлы ҚР білім беру ісінің үздігі, «Әл-Фараби» атындағы Қазақстанның ұлттық жаратылыстану ғылыми академиясының алтын медалімен, Еуропалық жаратылыстану академиясының Виркхофф медалімен марапатталған. ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтің Алғыс хатын алғаны да – еселі еңбектің жемісі. Бұдан басқа түрлі марапат, атақ-дәрежелері де қызметін адал атқарғандығының шын өтеуі.

Кейінгі буын сала мамандарына, студент жастарға арналған бірнеше монография, оқулықтардың және 100-ден аса ғылыми-әдістемелік мақалардың авторы.

Ал, жастайынан кітап оқуға, әдебиетке құмар болған, қазақ жазушылармен қатар орыс және шетел классиктерінің шығармаларын іздеп оқыған Ақылбек Қабиұлының қаламынан енді мемуарлық дүние күтеміз. Сондай еңбек жарық көрер болса, жарыса оқитындардың аз болмасы анық.

Амантай Жамалидденов,

ҚР Журналистер Одағының мүшесі.

Ақтау қаласы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз