Мәңгілік парасаттың киелі ғимараты

мәңгілік парасат Жаңалықтар

Кітапхана – рухани, мәдени, тарихи, ғылыми құндылықтар ордасы. Бұл туралы заңғар жазушы Ә.Кекілбай: «Кітапхана – мәңгілік парасаттың ең киелі ғимараты» деп тектен-тек айтпаса керек. Бүгінгі жаһандану заманында кітапхана ісі мәдениет саласы ретінде ақпараттық, білім беру және мәдени-ағарту қызметінің негізі болып табылады.

%d0%bc%d3%99%d2%a3%d0%b3%d1%96%d0%bb%d1%96%d0%ba-%d0%bf%d0%b0%d1%80%d0%b0%d1%81%d0%b0%d1%82

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ғылыми кітапханасы сонау 1950 жылдың тамыз айынан бастау алады. Бұл туралы кітапхана директоры, филология магистрі Ақмарал Қалиярбекқызы Дәуітқұлова былай дейді: «Сол жылы институт кітапхана қорын қажетті әдебиетпен, оқу құралдарымен қамтамасыз ету үшін 27 507 сом ақша жұмсаған. 1954 жылдың 24 наурызынан бастап кітапхана меңгерушілігін Чернышева Надежда Ивановна атқарды. Заманның қиыншылығына қарамастанштаттағы жеті адам, қосымша екі лаборант жұмыс істеген. Жаңадан құрылған Гурьев педагогикалық институтында екі факультет, атап айтқанда, филология және физикаматематика факультеті бар еді. 1958 жылы Ақтөбе педагогикалық институтының жабылуына байланысты осы оқу орны кітапханасының ғылыми кітап қоры Гурьевке аударылды. 1968 жылдың 24  мамырынан бастап кітапхана жетекшілігін Н.Салықова,  1969 жылдың 6 тамызынан В.Анишина, 1973 жылдан 23 жыл үзбестен М.Үмбетова, 1996 жылдың 19 қаңтарынан бастап Н.Қорқытова абыроймен атқарды. Сол кездегі аз ғана қаражатты місе тұтып еңбек еткен аға кітапханашылардың есімдерін мақтанышпен айтуға болады».

Бүгінгі таңда университеттің ғылыми кітапханасы жетекші ірі құрылымдық бөлім ретінде оқу-тәрбие, ғылыми-зерттеу үрдістерін қажетті ақпаратпен қамтамасыз ететін білім мен ақпарат орталығы болып саналады. Ғылыми кітапхананың  оқырман немесе факультет, кафедра жетекшілерінің сұранысына орай кітапхана қорын сапалы молайту, қордағы кітаптарды оқырмандарға жүйелі жеткізе білу сияқты ежелден қалыптасқан дәстүрлі жұмыс түрлері бар. Бір ғана мысал, өткен жылы кітапхана директоры А.Дәуітқұлова университетте журналистика мамандығы бойынша білім алушылар үшін осы саладағы кітаптар мен оқулықтар жетіспейтіндігін анықтады. Сөйтіп, сұраныс беру арқылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті баспасы арқылы 1 миллион 119 мың теңгеге жиырмаға тарта әдебиет түрлерін алдырды.

Осы ұжымда еңбек ететін болғандықтан, менің күнде ертеңгілік кітапханаға бас сұғуым әдетке айналған. Оның өзіндік себебі де бар, ең алдымен, пошта арқылы жеткізілетін газет-журналдарды алу болса, екінші жағынан, келесі күнге дәріске әзірлену үшін қажетті әдебиеттерге сұраныс беру. Сондай-ақ, осы жұдырықтай жұмылған ұжыммен бірлесе отырып, әртүрлі іс-шараларды жүзеге асыру үшін ой-жоспар талқылау.  Уақыт талабына сай университет қабырғасында болып жатқан көпшілік-мәдени жұмыстарына араласа отырып, кітапхана ұжымы студенттер арасында оқушылар конференциясын, кітап көрмелерін, түрлі тақырыптық кештер, пікірталастар мен оқытушы-профессор еңбектерімен жарық көрген түрлі кітаптардың тұсаукесерлерін жасауды тұрақты дәстүрге енгізген. Тек биыл ғана факультеттермен бірлескен жиырмадан аса ірі шаралар ұйымдастырылды.

Кітапхана қабырғасында жүзеге асырылып жатқан көпшілік іс-шаралар бір сарында ғана емес, үнемі өсіп, өзгеріп, жетіліп отыруы заңды құбылыс. Оған дәлел – биылғы жаңа оқу жылы басталысымен-ақ өткізілген шаралардың әр алуандылығы. Солардың ішінде «Құрмет» орденінің иегері, профессор Ж.Бақидың 80 жасқа толу мерейтойының жоғары дәрежеде өтуіне осы кітапхана ұжымы бір кісідей атсалысты. Әсіресе, профессор Ж.Бақи мен академик Х.Табылдиевтың өмірі мен педагогикалық-ғылыми қызметіне арналған библиографиялық көрсеткіштердің тұңғыш жарық көруі елеулі жетістік еді. Жуырда өткен Қазақстандағы «Тіл» мерекесіне арналған Ж.Нәжімеденов атындағы әдеби-шығармашылық бірлестік мүшелері жинағының жарық көруі  де А.Дәуітқұлова басқарған ұжымның еңбегі десек те болады. Бұл күні жанына кітапты серік еткен студенттер елге, ата-анаға, бейбітшілік, достық, махаббат, табиғатқа арнал-ған жүрекжарды жыр шумақтарын оқыды. Университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры Г.Жарасова және филология ғылымдарының докторы, профессор Қ.Жүсіп жинақтың тұсауын кесіп, жастарға ақ батасын берді.

Халқымыздың мәңгілік құндылығына айналған ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған  шаралар аясында да атқарылар жұмыстың ауқымы кең. «Мәңгілік ел», «Мәңгілік мақтан, дауылпаз дастан – Қазақстан!» атты көрме тұрақты жұмыс істеп тұр.

Кітапхана – дүниеде ештеңе теңестірілмейтін білім бұлағының кәусар көзі. Бұл орайда университет кітапханасындағы көне кітаптар көрмесінің орны ерекше. ХІХ ғасырда жарық көрген салмағы бес келіні құрайтын, көне славян тілінде басылған «Византия империясының тарихы» кітабы оқырмандардың қызығушылығын тудырады. Сондай-ақ, мұқабасы қой терісінен жасалған А.Байтұрсыновтың 1914 жылы Орынборда басылған «Қазақ әліпбиі» деген ең құнды кітабы да бар. 1879 жылғы үш томдық «Деяния Петра Великого», 1833 жылғы «Сказания князя Курбского», т.б. саны 700-ге тарта көне кітаптар көз тартады. Сонымен қатар, 1952 жылы азғантай басылыммен жарық көрген орыс-қазақ-қытай сөздігі – тілші мамандарға таптырмас кітап.

Кітапханашы болу әркімнің уысына түсе бермейді, кітаптың құдіреттілігін терең түсіне білетін жан ғана осы рухани ортада еңбек ете алады. Отыз жылдан астам табан аудармастан кітапханада оқырмандарға қызмет көрсетіп жүрген О.Самарина, К.Озғанбаева, С.Берденова, Р.Ерғожиева, Б.Рысқалиева сынды өз мамандығының майталмандарын ерекше атап өтуге болады. Таяуда ғана қырық жылдан аса кітапханада, оның 16 жылын директор болып қызмет атқарған Нұрсұлу Қорқытованы еңбек демалысына шығарып салған сәтте әріптестері қимастықпен көз жастарын тия алмағаны жасырын емес. Сонау 18 жасынан кітапхана есігін имене ашқан Күләш Жалғабайқызы болса қатардағы кітапханашылықтан аға кітапханашы, одан әрі әдіскер деген қызметке дейін өсу жолынан өтті. Оның қай кітап қай сөреде, қай бөлімде тұрғанын еш қателеспестен айтып беретініне таң қалуға болмайды. Осындай кітапханашылар тізбегін жалғастыра беруге де болар еді, бірақ олардың ешқайсысын бір-бірінен бөліп қарауға болмас дегім келеді.

Қылышбай СҮНДЕТҰЛЫ,

тарих ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз