ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ОТБАСЫ: ПРОБЛЕМАЛАРЫ МЕН ДАМУ БОЛАШАҒЫ

4-Құрманғазы ауданында өткен «Қоғамның қазіргі дамуы кезіндегі Қазақстан отбасы: проблемалары мен даму болашағы» атты облыстық конференцияда отбасының өзекті мәселелері талқыланды.
Конференцияны Атырау облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия ұйымдастырды. Алдымен, аудан әкімшілігінің кіші мәжіліс залында ауданымыздың іскер әйелдерімен кездесу өтті. Кездесуді облыстық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі бас инспекторы Зәмзәгүл Жалмурзина жүргізіп, бүгінгі күні қазақ отбасыларында орын алып отырған мәселелерге тоқталып, түсініктер берді. Шараға қатысушылар тарапынан облыстық «Аналар үндестігі» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Гүлсім Биташева, облыстан келген еңбек ардагері Жанат Асабаева өз пікірлерін ортаға салды.

Аталмыш конференцияның Абай атындағы орта мектепте болған «Отбасы – тәртіптің ең тамаша мектебі» атты тәжірибе алмасу бөлімін Атырау облысы Білім беру басқармасы бастығының орынбасары Зылиха Дүйсекенова ашты.
Индер ауданы әкімінің орынбасары Әлифолла Балахметов отбасы мәселелеріне тоқтала келе:
– Ауданымызда да бұл бағытта барлық жердегі сияқты ата-аналар комитетінің жұмыс жасауы, оның аудандағы кеңесінің қызметі, әкелер және қамқоршылар кеңестерін құру жұмыстары жүргізілуде. Әрине, бұл ол кеңестердің жұмысын құрумен шектелетін нәрсе емес. Ол – жақсы істерді, үлгілі отбасыларын көрсете білу, жақсы отбасынан шыққан балалардың жеткен жетістіктерін насихаттау. Алға қарай да бұл бағыттағы бірқатар жұмыстар жалғасын табады, – деді.
М.Әуезов атындағы орта мектептің оқушылары «Алимент әке бола ма?» қойылымын қатысушылар назарына ұсынды. Мұндағы ажырасқалы жатқан әке-шешенің өзара келіспеушілігі сабағын жақсы оқып жүрген баланың тағдырына кері әсер етіп, қайғылы жағдайға ұшыратқаны кім-кімге де ой салғандай. Жылаған әке мен ананың өкініші басқаларға мұндай жолға түспеуді ескерткендей. Жүргізуші М.Жандыбаева мультимедия арқылы ажырасуға байланысты мәліметтер беріп өтіп, сөз кезегін облыстық ата-аналар комитетінің төрайымы Ұлмекен Сапароваға ұсынды.
– Қазіргі кездегі ажырасудың басты себебі – жастардың отбасылық өмірге өте жеңіл көзқараспен қарауында. Жалпы сезім, махаббат жайлы түсініктерінің таяздығы. Екі жастың ажырасу себептерінің тағы бірі – отау құрғаннан кейін қиындықтармен бетпе-бет келген кезде бұл проблеманы шеше алмауы. Әсіресе, бүгінгі жастарымыз ерте жастан жыныстық қатынасқа бару арқылы амалсыздан жанұя құрады. Сонымен қатар, жас шаңырақтың қалыптасып кетуіне ата-аналарының орынсыз араласуы да теріс әсерін тигізуде.
Қазақы тәрбиемізге байланысты бұрын көптеген ата-аналар үйіне баласымен қайтып келген қызына ақылын айтып, өздеріне, әулетке сөз келтірмей, кері қайтаруға тырысатын. Бүгінде ата-аналар «Сен жалғыз қалған адам емессің. Балаңды өсіруге көмектесеміз, жағдайыңды жасаймыз» деп керітартпалық жасайды. Енді, әрине, ажырасқаннан кейін ата-аналық міндет заңды тұрғыдан жойылмайды. Балаға әкесінің алимент төлеуі, тәрбиеге араласуы бәрі заңдастырылған. Дейтұрғанмен, әкенің ықпалы, ананың мейірімі жалғызбасты отбасыларында жетіспей, бұл ұрпақ тәрбиесіне кері әсерін тигізетіні анық. Ажырасқан отбасы балаларының өзімшіл, қыңыр мінезді болып шығуы жиі кездеседі. Статистикаға жүгінсек, қылмыс жасайтындардың көбі – осындай жасөспірімдер. Сондықтан да, мектеп, ата-ана, қоғам бірігіп, жалпы болашақта жастарды осы жанұялық өмірге баулитын, тәрбиелейтін, оған байланысты сабақтар өткізетін жоспарларымыз бар, – деген Ұ.Сапарова конференцияға аудандардан келгендер отбасы тәрбиесіне байланысты өз ұсыныстарын айтар деген сенімін білдірді.
Атыраулық ардагер ұстаз Нұржиян Абдолова сөзін М.Әуезов орта мектебінің қойылымына ризашылығын жеткізумен бастап:
– Әрбір ата-ана өзінің іс-әрекеті арқылы балаға қандай зиян келтіріп жатқанын есте ұстауы тиіс. Мүмкін, оның болашағына балта шауып жатқан болар. Ол бала ертең өскенде әкесіне еліктеуі мүмкін. Тәрбиенің өзі – үлкендердің істегенін қайталау. «Солай бол, былай істе» дегенге бала бағынбайды. Ата-ананың тәрбиесі қандай, бір-бірімен қарым-қатынасы қалай – соның бәрін жүрегімен қабылдайды. Аудандарда бұрынғы өзіміздің қазақы салттар берік сақталған. Бір той болса, оған әулеттің келіндері түгелдей қатысып, атқарысады. Қалада бәрін кафеде өткізеді. Қала келіндері ондайға араласпай, «кешегі тойға мына көйлекті кидім, енді қайсысын киеммен» әуре. Ауылдық жерде тәрбие жақсы. Қала балаларының жүрегі қатайып бара жатыр. Бәрі бірдей мейірімсіз емес, әрине. Араларыңдағы ең үлкен аналарың мен екенмін. Әрбіреуіңе айтарым – өз шаңырақтарыңды сақтаңдар. Қыздарым, келіндерім, шамаларың келгенше отбасыларыңды бұзылудан қорғаңдар. Мүмкін, азаматтың да кемшілігі болар, оған кешіріммен қараңдар. Себебі, қазақтың әйелдері әуелден шаңырағын тік ұстап, түтінін түзу ұшырған, – деп ене мен келін сыйластығына тоқталып, өз ақылын айтты.
Құрманғазы аудандық «Серпер» газетінің бас редакторы, Қазақстан Журналистер және Жазушылар Одақтарының мүшесі Таңатар Дәрелұлы отбасы және демографиялық саясат жайында өз ойын ортаға салды.
Жүргізуші М.Жандыбаева тарапынан қойылған ерте неке құрудың зияны жайлы сұраққа жауап берген аудандық перзентхана бөлімінің меңгерушісі Ғалия Дәржанова:
– Жасөспірімдер жүктілігі кезінде көп қиындықтарға кезігеді. Біріншіден, қан қысымы көтеріліп, қан кету қаупі туындайды. Түсік тастауы да ықтимал. Жалпы, денсаулығына, өміріне зардабы мол. Жылма-жыл осындай жайттарға жолығамыз. Сондықтан, мұндай жағдайларға жол бермес үшін мектепте осыны қозғап, қыз балаларға түсіндіріп айту керек деп санаймын. Заң жүзінде де ерте жүктілікке тыйым салынып, оған себеп болған ер адамдар жауапқа тартылады. 16-18 жасқа дейін жыныстық қатынасқа баруға болмайды. Егер де қыз бала өз еркімен оған барған жағдайда да жігіттер заңмен жауапкершілікке тартылады, – деді.
Дәрігердің сөзінен кейін «Ерте жүкті болу – қасірет» атты бейнефильм көрсетілді. Осы сұрақтың төңірегінде өз пікірін білдірген ардагер ұстаз Нұрзада Мүфтахова:
– Қыз баланың абыройы – елдің абыройы. Ерте жүкті болу баянсыз деп ойлаймын. Ата-бабаларымыз «Қызға қырық үйден, ұлға отыз үйден тыйым» деген. Сол себепті қыз баланың ерте абыройынан айырылып, жүкті болуы қоғам алдында, ел алдында болашаққа балта шабу деп түсінемін. Ана ретінде еш уақытта қолдамаймын. Бұрын қыз тәрбиесіне бүкіл ауыл-аймақ, сол жердегі ел жауапты еді. Бұл – қыздың болашағына деген қамқорлық. Қазір қолайсыз жағдайлар көбейіп кеткеніне өте қатты қынжыламын, – деп аналарды қыз бала тәрбиесіне зор жауапкершілікпен қарауға шақырды. Қатысушылар осы жерде Киров халық театрының «Айна ғұмыр» (Р.Отарбаев) қойылымын тамашалауға мүмкіндік алды.
Түстен кейін аудандық С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінде өткен конференцияның екінші бөлімін аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Айжамал Арыстанова ашты.
– Облыс әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның жоспарына сәйкес, бүгінгі конференцияны өткізіп отырмыз. «Отан – отбасынан басталады» дегендей, біз қазақстандық отбасының, оның ішіндегі Атыраудағы жағдайды, соңғы құндылықтарды талқылау үшін әдейі конференцияны Ганюшкинде ұйымдастырдық. Себебі, талқыланатын мәселелер өте ауқымды. Түске дейін тәжірибелік бөлімі өтті. Қазіргі конференцияға үш аудан әкімінің орынбасарлары және барлық аудандардың отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияларының хатшылары, сондай-ақ, аудан басшылығы, мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдардың жетекшілері қатысуда, – деген облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан алғашқы сөзді аудан әкімінің орынбасары А.Мусаға берді.
– Келешекте 50 млн. халқы бар ірі елге айналуды мақсат еткен Қазақстан мемлекетінің саясатында 57 мың тұрғыны бар Құрманғазы ауданының да қосар үлесі қомақты. Аудан халқының 30 пайызын жастар құрайды. Өткен жылы 567 неке тіркелген болса, ажырасу 82-ден келіп отыр. Өмірге келген баланың саны – 1211. Мемлекет саясатының бір бағыты – жастардың дер кезінде неке құруына мүдделілік танытуы. Әрбір азамат ел тағдырының шешуші факторы екенін есте ұстасын. Саналы демографиялық көзқарасты қалыптастыру үшін салиқалы көзқарас керек екені белгілі. Бұл салада біздің өңірімізде де отбасы мен некені нығайтуға бағытталған тәжірибе бар деп айтуға тұрады. Құрманғазы ауданындағы отбасы-демографиялық жұмысын қолдауға арналған аудан әкімдігінде әйелдер ісі және отбасы-демографиялық комиссиясы бар. Комиссияның 12 мүшесі бар және сонымен қатар, 19 селолық округте бөлімшелері орын тепкен. Оның құрамына қоғамдық ұйымдар, аудандық білім беру және ішкі саясат, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдері, кітапхана, аудандық мешіт кіреді, – деген Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары А.Муса атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып шықты.
Бұдан кейін облыстық дін істері департаментінің бастығы Еркінбек Шоқай сөз алды:
– Отбасын бұзатын, құлдырататын қандай мәселе болса да жол бермеуіміз қажет. Ата мен баланың, ана мен қыздың арасын бұзатын жағдайлардың алдын алып, оларды біздің қоғамға жасалған шабуыл ретінде қабылдауға тиіспіз. Қазақстан Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Қайырбекұлы Лама Шариф: «Дінді дұрыс түсінсең – қасиетің, теріс түсінсең – қасіретің» деп айтқан. Дін – мораль. Оны барлық кітаптар мен ғалымдар мойындайды. Тек «Дін – апиын» деп қабылдап мойындамаған, 70 жыл бойы тыйым салып келген атеистік идеология. Алайда, дін мораль болуы үшін басты қажет нәрсе, Қайрат Қайырбекұлы айтқандай, оны қоғамда дұрыс түсіну. Яғни, сол кезде ғана ол біздің азаматтарымыздың қасиетіне айналады. Өмірлік ұстанымы болады. Ал, егер дұрыс түсініп, ұстанбайтын болса, бұрмаланған күйінде қабылдаса, ол, біріншіден, сол азаматтың қасіреті, екіншіден – жалпы қоғамның қасіреті.
– Отбасылық жағдайда діннің орны ерекше. Бұрын Кеңес үкіметі кезінде отбасының бұзылуын ішімдікпен байланыстырды. Ішкен адам арақтың уыты бойында тұрғанда ғана адасады. Ал, дінді теріс қолданса, 24 сағат өз ақылынан жұрдай етеді. Сонысымен қауіпті. Бұл қатер жайлы адамдарға бір рет айтсаң елемейді. Екі-үш, төрт рет айтсаң ғана санасына жетеді. Жастар үйленеді де, алты айдан кейін әйеліне «талақ» деп қолын бір сілтейді. Осымен бітті. Ол менің әйелім емес деген сөз. Міне, біздің қоғамның қазіргі көкейтесті мәселесі – осы діни жағдай. Сондықтан, отбасылық қарым-қатынаста дінге өте сақ болу қажет екенін есте сақтаңыздар. Сақ болу үшін сауатты болған дұрыс. Сауатты болу үшін Еркінбек Шоқай сияқты қариларды жиі-жиі шақырып тыңдау керек. Еркінбек Шоқай, сонымен қатар, өзімен бірге оқыған үш-төрт теологты алып келді. Облыс әкімінің жоспары бойынша биыл бес теолог алдырғымыз келіп отыр. Есеп бойынша енді екі-үш жылда Атырау облысы бойынша діни жағдай тұрақтайды деп ойлаймын. Өкінішке орай, жаңағыдай заң бұзып түрмеге түсіп, қару көтерген, оққа ұшып жатқан жағдайларды бұрын теледидардан көрсек, енді көзбен көріп куә болудамыз. Бір адамды тәрбиелеу үшін 20 жыл уақыт қажет екенін білесіздер. Адам әуелі балабақшада, сосын мектепте, кейін жоғары оқу орнында қалыптасады. Одан кейін өмір тәрбиелейді. Бірақ, оның жартысы теріс берілуі де ықтимал. Ал, теріс берілген тәрбиені түзеу қиын. Жылына Қазақстанда 200 мың қыз түсік жасатады екен. Ең қасіреттісі, бұл кәмелетке толмаған қыздар арасында көбеюде. Бұған жол бермеу үшін ата-ана мен мектеп бірлесе қимылдағаны жөн, – деді облыс әкімінің орынбасары Ш.Мұқан.
«Жерұйық» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Н.Азаматов жастар арасында ажырасу, некесіз бала көбейгенін айтып, ата-ананың сүзгі ретінде қызмет атқаруы арқылы оның алдын алуға шақырды.
Облыс әкімінің орынбасары Ш.Мұқан Алғыс хаттармен аудан әкімінің орынбасары А.Мусаны, Ганюшкин мектеп-интернатының директоры О.Құмарғалиеваны, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің меңгерушісі М.Дощанованы, ардагер журналист Р.Иманғалиевты, «Серпер» газетінің бас редакторы Т.Дәреловті, аудандық мәслихат депутаты Р.Ғабдушеваны, аудандық қаржы бөлімінің меңгерушісі З.Карсакованы, облыстық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұ.Сапарованы, аудандық білім беру бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Б.Хасенованы, еңбек ардагері С.Нұрғожинаны, зейнеткер ұстаз С.Алпысованы, Абай орта мектебінің ұстаздары М.Жандыбаеваны, А.Қашуованы ұлығылады.
Келесі кезекте сахна төріне «Үлгілі отбасылар» – ардагер журналист Рахмет Иманғалиев жұбайы Күлсекен апаймен, «Серпер» газетінің бас редакторы Т.Дәрелұлы зайыбы Зоя Қоңқашқызымен, кәсіпкер Болат Жүгінісов жұбайы Алма Сағындыққызымен, Нұрғалиевтер отбасы шақырылып, арнайы қойылған орындарға жайғасты. Т.Дәрелұлы осы шараға арнайы шығарылған өлеңін толқи оқыса, Нұрғалиевтар отбасы күй тартты. Р.Иманғалиев ақ батасын берді.
– 15-ші мамыр күні облыс әкімдігінің Ақордада Президент әкімшілігінде рәміздерге байланысты есебі тыңдалды. Ол есепте біраз дүниелер айтылды. Тексеріп қарағанда, осы Атырау облысындағы үш прокуратураның маңдайшасында өзіміздің көк байрағымыз бен Елтаңбамыз жоқ болып шықты. Прокуратура – заңдылықты қорғайтын мекеме. Мемлекеттік хатшы М.Тәжин «егер құқық қорғау органы осындай болса, басқа мектеп, мекемелерге не айтуға болады?» деп ренішін білдірді. Сондықтан, осы шараны пайдалана отырып айтарым, егер мемлекеттік Ту өңі-түсі тозған болса, жыртылып тұрса, басшыларына ауыстыру қажеттігін хабарлаңыздар, көздеріңіздің қырын салып жүріңіздер. Сіздерді соған шақырамын.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жылдар бойғы жүргізілген саясатының ең негізгісі – ол отбасы құндылықтарын дамыту және әлеуметтік жағдайды, халықтың өмір сапасын жақсарту. Егер өмір салты дұрысталса, ол отбасына жақсылық жетеді. Сол себепті, әр отбасы Қазақстан қоғамының кішкентай бір кірпіші сияқты дұрыс қаланғанын қалаймыз. Байлық, бақуаттылық отбасының бұзылмауына кепілдік бере ала ма? Оның бере алмайтынын күні бүгін Батыс елдерінің тәжірибесі көрсетіп отыр. Отбасына – бір-бір үй, жан басына – бір-бір көлік, бірақ, бала туу азайып кеткен. Ажырасу көбейген. Міне, түптеп келгенде, отбасылық қиындықтарды әлеуметтік жағдайға бұра саламыз. Материалдық құндылықты сақтайтын, әрі қарай дамытатын нәрсе – тәрбие. Ізденгенге тәрбие беру әдістері аз емес.
Өткен сәуір айында Атырауда «Дін және әйел» атты форум ұйымдастырылды. «Дін және жастар» атты акцияға келгендер сегіз мың адамдық ғимаратты толтырды. Бұл шарамызға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Әбдіхалықова Гүлшара, Дін істері агенттігінің төрағасы Қайрат Лама Шариф… – Парламент депутаттары, ұзын саны Қазақстанның түкпір-түкпірінен 50 адам қатысты.
Тағы бір үлкен шара 29 мамырда орталық ойынжайда өткізіледі. Оған Қазақстанның жеті облысынан өнерпаздар қатысады, яғни, мың адамдық оркестр өнер көрсетеді. 1957 жылы Атырауда 500 адамдық оркестр күй тартқан екен. Соны әлі күнге дейін айтып жүр. Міне, идеология қайда жатыр!
4 маусымда Қазақстан Республикасы Патриоттар форумын Атырауда ұйымдастыру жоспарланған. Бұған 300 адам қатысады деп жоспарланып отыр.
Әлемде үш мыңға тарта ұлт бар, ол 194 елге біріктірілген. Демек, ұлттың бәрі бірдей өзінің мемлекеттілігін құру дәрежесіне жете алмаған. Біздің бақытымызға Қазақстан Тәуелсіз ел атанды. Руға, дінге бөлініп шашырап жатсақ, елдігімізді жоғалтамыз. Әлемдегі жер көлемі жағынан тоғызыншы орын алатын елге көз алартатындар жеткілікті. Осыны ұмытпайық. Басты нәрсе – ұйымшылдық пен бірлігімізді сақтау. Ұлттың өмір жасының ұзақ болуы – оның сауаттылығында. Сауаттылық отбасында қалыптасады, – деп облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан конференция жұмысын түйіндеді.

Қанат ҒҰМАРОВ,
Құрманғазы ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз