Жабырқау көңілдерге – жан жылуы

Жуырда аймақтық коммуникация қызметінің баспасөз орталығында облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшылығының жергілікті баспасөз өкілдерімен баспасөз мәслихаты өтті.

Күнелтіс көзі – қызметте!

 Ең алдымен аталған басқарманың негізгі жұмысы мен міндеттеріне тоқталған Балдай Өтеғалиқызы өздері атқарып отырған қызметтің халықты жұмыспен қамту, аз қамтылған азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету, мүгедектердің барлық тобына әлеуметтік көмектер беру екенін жіктеп түсіндірді. Қазір облыстағы жұмыссыздар саны 15 700  адам екен. Былтыр жұмыспен қамту органдарына 16 мыңға жуық адам хабарласса, оның 12 мыңнан астамы жұмысқа орналасқан. Ал, «Жұмыспен қамту – 2020 жол картасы» бағдарламасымен жыл сайын 2 мыңнан астам адам қамтылады. Облыстағы сервистік қызмет көрсететін мекемелерде жалақысыз демалысқа жіберу, жұмыс уақытын 8 сағаттан 4 сағатқа көшіру, жұмысшылар санын қысқарту жағдайлары орын алуда.   

Жұмыс орындарын сақтап қалу, барынша жұмыстан қысқартпау мақсатында облыс әкімдігі 2 531 жұмыс берушімен және кәсіподақтармен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Осындай игі қадамның арқасында 115 мыңдай  адамның жұмыс орнын сақтап қалуына мүмкіндік туды. Биылдың өзінде жұмыссыз жүрген жандарды жұмысқа орналастыру ниетінде елуден астам жұмыс берушілермен 5 мыңдай адамды жұмысқа орналастыру жөнінде ниет-хаттамаларға қол қойылды. Ол мекемелер арасында «Синопек» қазақстандық филиалы және оның мердігерлік мекемелері, «Теңізшевройл» ЖШС мердігерлік мекемесі – «Сичим», «НКОК» компаниясының мердігері «Іскер» және басқалары бар.

Көмек кімге тиесілі?

 Бүгінде облысымызда 19 428 мүгедек жан бар. Олар облыс халқының үш пайызын құрайды. Мүмкіндігі шектеулі жандар өздеріне қажетті құрал-жабдықпен, емдеу-сауықтыру орындарына бару үшін арнайы жолдамалармен қамтылған. Биыл осы бағытқа бюджеттен 391,2 млн. теңге қаражат бөлінген. Жылма-жыл 1 500-ден астам мүгедек жанға емдеу-сауықтыру орындарына жолдамалар беріліп тұрады.

 Облысымызда кедейлік деңгейінде отырған 2 мыңдай адам бар. Олар атаулы әлеуметтік көмекпен қамтылған. Ал, өткен жылы аз қамтылған 811 отбасына тұрғын үй көмегі төленді. Сондай-ақ, «АтырауЭнергоСату», «ҚазТрансГазАймақ», «АтырауСуАрнасы», «АтырауЖылуОрталығы», «Атыраугазинвест» сияқты ірі монополист мекемелер аз қамтылған отбасыларына жыл сайын 40 пайыз мөлшерінде жеңілдіктер көрсетіп келеді.

Ардагерлерге – 100 мың теңге

Әрбір соғыс ардагеріне, Ауғанстандағы ұрыс-қимылдарға қатысушыларға, қаза тапқандардың жесірлеріне коммуналдық қызметтердің құнына өтемақы үшін ай сайын 15  мың теңге әлеуметтік көмек төленуде. Қазір облыс бойынша 59 соғыс ардагері бар. Оларға Ұлы Жеңіс мерекесіне орай, сонымен бірге Чернобыль апатының зардабын жоюға 30 жыл толуына байланысты осы санатты азаматтарға 100 мың теңгеден әлеуметтік көмек көрсетіледі.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Толығырақ газеттен оқи аласыз.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз