АВИАЦИЯҒА АДАЛ АДАМ
Гурьев қаласының Ы.Алтынсарин атындағы №11 орта мектебінің жас бозбаласы, 15 жасар Самат та Пионерлер (қазіргі «Жас ұлан») үйі жанынан ашылған аталмыш мектептің үйрету сабақтарына қатысып жүрген. 1968 жылы «Жас ұшқыш» куәлігімен бірге орта мектепті де ойдағыдай аяқтап, тамыз айында Гурьев біріккен авиаотрядына жұмысқа орналасқанда арманына ақжолтай жол ашылғандай еді. Әскер қатарына барып келгеннен кейін де басқа ешқайда бұрылмай, сол авиаотрядқа қайтадан слесарлық жұмысқа орналасты.
Қолына алған ісін тап-тұйнақтай етіп орындайтын, еңбекке ыждағатты, тепсе темір үзетіндей қылшылдаған жас жігіттің болашағына сенім артқан авиаотряд командирі, 1-класты ұшқыш Сабыр Сәрсенбіұлы Жарылғасов бір күні Саматқа: «Қарағым, сен әлі жассың, оқы! Болашағың алда, оқып ал!» деп кеңес береді. Өзі құрмет тұтатын ағасының осы сөзін көкейіне мықтап түйген ол Ленинград қаласындағы авиация техникалық училищесіне оқуға түсті.
Міне, училищеден кейінгі қырық жыл бойғы ғұмыры авиация саласымен біте қайнасқан Самат Сембайұлы Көшқалиев биылғы шілдеде пайғамбар жасына жетіп, «Құрметті авиатор» төсбелгісімен марапатталды. Ол мұндай айрықша құрметке қызығы мен шыжығы мол сандаған белестерден өтіп барып қол жеткізді. Әуелгіде жауапкершілігі көп тасымалдау қызметінде диспетчер, ауысым басшысы, әуе жолы қатынастары агенттігінің басшысы қызметтерін абыроймен атқарады.
Қазақстанның Тәуелсіздік алған жылдары Атырау әуежайының командирі В.Д.Николаевтың бірінші орынбасары, кейін сол кездердегі облыс әкімі Р.Шырдабаевтың ұсынысымен Атырау әуежайы басшысы болды. «Эйр Қазақстан» Ұлттық әуе компаниясының Атырау қаласындағы өкілдігінің басшысы міндетін де мінсіз атқарды. Осындай жоғары лауазымды қызметтерді атқара жүріп, адамгершілік абзал қасиеттерінен еш таймады. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін қарапайымдылығымен көпке жаға білді. «АТМА» қазақ-түрік акционерлік қоғамы алғаш құрылған жылдары оның бас үйлестірушісі болып та кәсіпорынның қалыптасуына, өсіп-өркендеуіне өзіндік зор үлесін қосты.
2008 жылы «Қазавиа құтқару» акционерлік қоғамының Батыс аймақтық филиалы құрылып, Самат Сембайұлы оның директоры, директордың орынбасары қызметтерін атқарды. Бүгінде ол – зейнеткерлік жасқа жетсе де жетекші менеджер ретінде өзінің тәлімі мен өнегесін көрсетіп, жастарға бағыт-бағдар беріп отырған тәлімгер.
Ел-жер көрген, түрлі ұлт өкілдерімен де етене қызмет атқара жүріп, олардың тілі мен ділін, дәстүрін жете білген адамның таным-түйсігі де мол келеді. Самат Сембайұлы осы авиация саласында қызмет атқарған талай ұлт өкілдеріне ақылшы, қамқоршы дос та бола білді. Бір орында отырып іс атқаратын емес, жүріп, көзбен көріп бақылайтын жұмыстардың басы-қасында жүргендіктін бе, Самат ағаның көргені мен түйгені көп екендігі әр сөзінен аңғарылып тұратыны қапысыз.
Ол қоғамдық істердің де бел ортасында жүрді, 1999 жылы Атырау облыстық мәслихатының депутаттығына сайланды. Қапсағай денелі, еңселі азаматты жұртшылық қашанда бір игілікті істің бастауында көретін. Атап айтқанда, ол 2003 жылы Рембаза, Жұмыскер, Ракуша елді мекендеріне «көгілдір отын» жүргізуге тікелей себепші болды.
Өмірлік жары Гүлнафиса екеуі өмірге төрт ұл әкеліп, оларға тағылымды тәрбие бере білді. Бүгінде екеуі – қызығына тойдырмас немере сүйген ардақты ата мен әже. Сүйікті мамандығының адал иесі бола білген Сәкең кәсіп таңдауды ұлдарының өз еріктеріне салды. Нәтижесінде ұлдары өзінің жолын қуып авиаторлықты таңдамаса да, бірі – инженер, бірі заңгер болып ата-ана үмітін ақтап отыр. Іштей алаңдап күткен асулардың биік шыңында жүр.
Кейінгі жас ұрпаққа ұлағатын бере білетін Самат Сембайұлының аты аталғанда оны білетіндердің қай-қайсысының да ойына алдымен оралатыны әділдік туын жоғары ұстап, тура сөйлейтіні болар десем, қателеспеспін. Барша жақсылықтың негізі осы ақиқат қайнарынан шымырлап басталатындай. Сонау 1982 жылы алғаш авиация саласына келіп еңбек ете бастағанымнан-ақ асыл ағамен танысып, араласа бастағаннан бергі уақыттар аралығында көңілге түйгендерім бұған толықтай дәлел бола алады.
Бауыржан МОЛДАЛИЕВ,
«Қазаэронавигация» РМК
Атырау филиалының директоры.