Жарнама
Қоғам

«Ауылға барам, бәрі де туыс ол жақта…»

Құрманғазы ауданы әкімдігінің қолдауымен, аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен Қазақстан Журналистер және Жазушылар Одақтарының мүшесі, Махамбет ауданының Құрметті азаматы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, журналист, ақын Нұрым Ерғалиевтің «Күрең күз» атты шығармашылық кеші болып өтті.

Ол 1987-2001 жылдар аралығында Құрманғазы аудандық «Серпер» газетінде кәсіби журналистік шеберлігін шыңдап, оқырмандарға олжа салған ойы ұшқыр, қаламы жүйрік қаламгер ретінде аудан жұртшылығына танымал тұлға. ҚазМУ-нің түлегі газеттің барлық жанрларын еркін меңгеріп, жергілікті баспасөздің бұқаралығын арттыруға сүбелі үлес қосты. Жүрегінен жарып шыққан өлеңдері де елді елең еткізер жаңалығымен, ой түйінін ұстатар шығармашылық ізденісімен есте қалды. Арада біраз уақыт өтіп кетсе де, құрманғазылықтар ақын ұлдарын ұмытпапты. Әсіресе, заманы бір, кезінде сыйлас, сырлас болған аға буын өкілдерінің шығармашылық кештің шырайын кіргізіп,  қаздай тізіліп алдыңғы қатарда отырулары, естеліктерімен бөлісуі-ақынның мерейін өсірді.

222

Алдымен сөз алған аудан әкімі Абат Жанғалиев ақынға құрмет көрсетіп, құттықтау хатын табыстады.  Лед экраннан ақынның әр жылдардағы өмір соқпақтарын бейнелейтін суреттер тізбегі көрсетіліп, ақын шығармашылығына шолу жасалды. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, бірнеше тарихи-танымдық кітаптардың авторы, жазушы Өмірзақ аға Қажымғалиев те өнерде ізіне ерген інісіне ақ жол тілеп, батасын беріп, Нұрым ақынның ақындығынан бөлек, шынайы азаматтық болмысына тоқталды.

– Нұрымжан екеумізді көп нәрсе байланыстырады,-деді толқи сөйлеген әріптесі, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Таңатар Дәрелов. Ол редакцияда жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары лауазымды қызметін абыроймен атқарып, бедел биігінен көріне білді. Қандай тақырыпты болмасын терең талдап, қопарып жазады. Кез-келген журналистің жүрегі дауаламайтын сын жанрына да еркін қалам тербеді. Талай «шыбық тимес шыңқ етер» сын  садағына ілінген лауазымды ағаларымыз тулап-тулап басылды. Өйткені сын бұлтартпас дәлелдермен жазылған шын сын болды. «Жақсы кісіге қайдан да орын табылады» дегендей Нұрым ініміз ақ жарқын, көпшіл азамат, жүрген жерін жайнатып жібереді. Ағаларына еркелегені де шынайы, өзінің табиғатына жарасып тұрады. Сөйткен Нұрымжан ғой бұл біздің,-деп «Нұрым келді…» деген өлеңін тебірене оқып, ағалық ыстық ықыласын білдірді.

333

Бұрынғы әріптес ағалары  Медет Сәрсекеев, Асқар Ғұмаровтар сөз алып, газет аптасына үш рет шығып тұрған кездегі қарбалас сәттер, ұйымшыл ұжым жайлы өткен күн естеліктерімен бөлісті.  Алдыңғы буын ағалар эстафетасын жалғастырушы,  аудандық «Серпер» газетінің бас редакторы Айнагүл Шакупова да  ақын ағасына ілтипатын білдірді.

Ақынның өлеңдерін жатқа оқыған мектеп оқушылары шығармашылық кешке қатысушыларға ерекше көңіл күй сыйлады. Ақынның шашбауын көтеріп жүрген сыныптас досы, кәсіпкер Талғат Қыдырсихов ақынға ат мінгізді. Нұрым ақынмен бұрыннан шығармашылық байланыста болғандықтан оның өлеңдеріне талдау жасау менің пешенеме бұйырды. Жалпы мен Нұрымның өлеңдерін қадағалап оқып жүремін. Оның өлеңдерін оқығанда көз алдыма су төгілмес жорға елестейді. Өлеңдеріндегі өңкей бір бұлақтай сылдырап аққан сырлы сөздер мен ұтымды ұйқастар бірден жан баурап алады.  Нұрым – ой мен сезімнің ақыны. Өлеңдеріне де асқан жауапкершілікпен қарап, сәбиіндей мәпелейді.

– «Мен жазбаймын өлеңді, Шықсын деп даңқым, жақсы атым, Жасымнан сүйген өнерді, халқыма сыйлау мақсатым»,-деп ертеректе жазған өлеңім бар еді, қазіргі ұстанымым да сондай, еш өзгерген жоқ. Сіздердің алдарыңызда талантым тасып бара жатқандықтан келіп тұрған жоқпын. Алпыс жасымда «ковид» деген тажалмен тайталасып, ажал аузынан қалдым. Енді өрмектің жүзін аударған шағымда «не бітірдім, не тындырдым?» деп жан-жағыма қарап, өз-өзіме іштей есеп беріп, мені ақын деп алақандарына салып әлдилеген, еркелігімді көтерген жерлестеріммен жүздесіп, нарлығымды емес, барлығымды білдірейін, бурыл басымды алдарыңа иіп, туған жерге тағзым еткелі келдім,-деді Нұрым Тельманұлы ерекше ой құшағында ішкі сезім толқынысын жасыра алмай. 

Осындай жан-жадыратар шығармашылық кештен кейін ақын өзінің атакүлдігі – шалғайдағы Сүйіндік ауылына аттанып кетті. Жолбасшысы, сыныптас серігі Талғат Есбосынұлының жол талғамайтын жайлы көлігі  шектей созылған құмдауыт жолдардың апшысын қуырып, бауырын жаза түсті. Магнитоладағы әсем әуен де ақыннның көңіл күйімен үндескендей: «Ауылға барам, бәрі де туыс ел жақта..»

Ақын Нұрым Ерғалиевтің «Ер кезегі» деп аталатын жыр жинағында осы аттас бір өлеңі бар. Бір ғана шумағын оқып көрелік:

Дей алмаймын өзімді шермендемін,

Оза шауып қайтейін елден бұрын.

Беймезгіл жарқылдаған найзағайдай

Сөзімді айтам, кезегім келген күні!..

Ендеше, өз кезегін күтіп, кемеліне келген Нұрым ақыннан топан судай тасқындаған отты жырлар күтейік, қадірлі оқырман!    

Есмұхан ЖАНИЗИН, ақын

Қошалақ ауылы

***

Елге сапар

Шипасын іздеп сағыныш деген дертімнің,

Ауылға барып,аунап-қунадым, серпілдім.

Шабытым шалқып, кеудемде жүйткіп нұрлы ағын

Шабыс тілеген жарау аттайын желпіндім.

Ауып қалмай арқамда жүгім теңдеген,

Жүріп келемін ойлы да, қырлы жерменен.

Кезім де болды, кеудені ашып желдеген

Жабырқап жаным, мейірімге де шөлдеген.

Жолымда тұрды кедергілер де көлденең,

Ағысқа қарсы сонда да құлаш сермеп ем.

Бұла күніммен, еркелігіммен қоштасып

Есімді жиып, есейіп бардым елге мен.

Тебірендім таңдайда тұнып тәтті өлең,

Осы болар естен кетпейтін сәт деген.

Жас ұландар жырымды жатқа оқыды

Ағаларым алдымнан шықты ақберен.

Тәубе деймін, басыма сірә бақ қонған,

Сыр аңдадым балауса, балғын шақтардан.

Сезіндім сонда көңілді көріп көл-көсір

Кездейсоқ жандай тойлы ауылға тап болған.

Құс жолындай сайраған сенде сан ізім,

Туған жер менің айналып табар қазығым.

Жауаптымын, еселеп әлі артады

Ел алдындағы қарызым менен парызым!..

Нұрым Ерғалиев

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button