«ҚАЗАҚТЫҢ ҰЯТЫ – ҚЫЗЫНДА»

Бүгінде жақсы араласпаса да, бұрыннан таныс-білісі бар адам қаншама. Егер сондай қимасыңыз өзіңізді құрметтеп, той дастарханына шақырып жатса, әрине, барасыз. Біз де сондай адамның мерейлі жасына арналған тойына бардық. 


Шаңырақ шаттығын 
не бұзады?

Бір-екі сағат отырыстан кейін қызыңқырап қалған қонақтар ортаға шығып билей бастады. Олардың арасында елуді еңсеріп, алпысқа иек артқан бес-алты әйел кәдімгідей ерсілеу көрінді. Сөйтсек, олар той иесінің мас боп қалған қайын жұрты – жеңгесі, балдыздары мен қайынбикелері екен. Өздері де, беттері де піскен алмадай қызарып алған олар өз аяқтарына өздері шалынып, құлап-тұрып биден қалмай жүр. Ара-арасында мерейгерге: «Сені адам етіп отырған біздің қыз!» деп дауыстап, саусақтарын шошайтып қояды. Той иесінің әйелі төркіндерінің мына қылығынан ұялып, олардың жандарына барды. Бар ойы ақылға шақырып, тыныштандырмақ. Бірақ, мас туыстары басылудың орнына одан бетер өшігіп кетті.

– Сен баяғыдан байыңнан қорқасың. Біз сендей қорқақ емеспіз. Ішкіміз келсе – ішеміз, қыдырғымыз келсе – қыдырамыз. Ал, сен… – деп, бақырып жүр. Не керек, тойдың шырқы кетті. Басылатын олар жоқ. Бұл аздай, өздері біресе ана үстелге, біресе мына үстелге барып отырады. Жай отырмай, арақ-шарапты төңкереді кеп. «Шақыруын жерге тастамай, барып көріндік қой. Бізге өкпесі болмас…» деген ойдағы  той қонақтарының жартысы рұқсат сұрап, кетіп жатты. 

Жасыратыны жоқ, «ерлермен бірдейміз» деп жүргенде нәзікжандылардың біразы бұзылып бітті. Қайда барсаң да сыра мен арақ-шарап ішіп отырған әйел. Ертеректе балалар көшедегі мас адамнан, не болмаса үйлеріне арагідік ішіп келетін әкелерінен қорқушы еді. Мына жаңа заманда олар мас аналары мен әжелерінен қорқатынды шығарды. Өздерінің осындай күйлерін олар: «Балаларым өсті, енді қызық көрейін!» деген желеумен жаба-төстейді. Олар, өкінішке орай, «маскүнемдік» деп аталатын айықпас дертке шалдығып бара жатқандарын сезбейді. Ішпесе тұра алмайтын күйге жеткен күннің өзінде де олар «Мен ауру емеспін, не деп емделемін?!» деп қарсы дау айтады. Ал, осындай әйелдердің аналық құқынан айрылуға дейін барып отырғандары қанша! Оның дәлелі – жанарлары жәудіреген үкімет үйіндегі сәбилер.

«Менің қызым, я ұлым болсын!» дейтіндей сүп-сүйкімді ұл мен қыз өз шаңырақтарынан тыс, Сәбилер үйі мен мектеп-интернатта тәрбиеленуде. Мектеп жасындағы Аня мен Маша, Сара мен Айша – бәрі өз ошағы, өз анасы болғанын қалайды. Бірінің анасы маскүнемдіктен емделуде жатса, екіншісінікі мас күйінде кісі өлтірген. Үшіншісінікі «жоғалып» кеткен, бәрі сол арақтың кесірі.

Жетінші сыныпта оқитын Даша мен Мәдина «Осы арақты кім ойлап тапты екен? Өскенде біз арақты татып алмаймыз!» – дейді. Сөйтсек, бұл екі қыздың аналары да ішімдікке салынып кетіпті. Өздерінен кейінгі іні-сіңлілеріне бас-көз болып жүрген олар аналарын қатты сағынса да, онымен кездесуге достарынан ұялады екен. Арақ сасып, теңселіп әрең тұратын анасымақтарына қыздар: «Біз жақсымыз, жүре берші енді…» – деп жалынады. 

 

«Алып қоялық» айықпас дерт болды

Иә, «ата жау», «жымысқы жау» деп жататын арақтың адам өміріне тигізетін зияны ұшан-теңіз. Оны көп мөлшерде пайдаланып, соңына түскендердің бәрі де құрдымға кетеді. Бірінші – отбасынан ажырайды, екінші – жұмыстан қуылады, үшінші – ағайын-туыс араласпайды… Ал, осы арақ-шарапқа салынып кеткен адамдардың барып емделетін бірден-бір жері – наркологиялық диспансер. Мұнда олар өздерінің еркімен, болмаса еркінен тыс келеді. Біз аталған емдеу орны бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Гүлнар Қанаевамен әңгімелесіп отырмыз.

– Ерлерге қарағанда әйелдердің ағзасы не нәрсеге де, айталық, ет пен май жинауға да бейім келеді, – дейді Гүлнар Өтебайқызы бізбен арадағы сұхбатта. – Сондықтан да арақ-шарапқа тез бой алдыру оларға жат емес. Қазір біздің мекемеде осындай 600 әйел есепте тұрады. Олардың жас шамалары әртүрлі: тоқсан сегіз пайызы – 30 жастан асқан жас келіншектер мен орта жастағы  әйелдер болса, екі пайызы – 18 бен 28 жас аралығындағы жастар. Өкінішке орай, олардың ішінде әлі отбасын құрып үлгермегендер де баршылық. Бұған қоса нашақор есебінде 23 әйел адам тұрады. Ішіп кеткендер мен нашаға тәуелділердің азғантай бөлігі ғана емделуге өз еріктерімен келеді. Қалғандарын отбасы, ері, бала-шағасы, ата-аналары мен ата-енелері, бауырлары, полицейлер, «жедел жәрдем» дәрігерлері жеткізеді.

Ақжелеңділердің үлкен еңбегінің арқасында осы әйелдердің тек бес пайызы ғана «сұрап алған» дертінен айығып, қатарға қосылатын көрінеді. Ал, өзгелері қайта-қайта түсіп, өзін де, өзгелерді де шаршатады. Арақ пен нашаға әуестенген ерлерден гөрі әйелдерді емдеп жазу қиын болғандықтан, дәрігерлер олардың бұл қызығушылығын мүлде құптамайды. «Аздап қана алып қоялықтың» соңы айықпас дертке жетелейді…» дейді олар. 

  

«Анасын көріп…»

Аталарымыздың «Аяғын көріп, асын іш, анасын көріп, қызын ал!» деген сөзін бәріміз жақсы білеміз. Жолдастарымыздың ұлы үйленгелі жүргенін естіп, анасына телефон шалдым. «Дайындық қалай, шаруаларың үйлесіп жатыр ма?» дегенімше, ол: «Қой, бала үйленбейтін болды. Бәрі отменяется!» – дегені. Шошып кеттім. Не болуы мүмкін? Айтуынша, болашақ келіннің анасы «аты шыққан маскүнем» біреу. Бес баласы өз күндерін өздері көріп жүргенге ұқсайды. Әкелері ертеректе өмірден өтіп кетіпті. Осыны естіген мен:

– Ұлың не дейді? Үйленбеуге келісті ме? – дедім.

– Өзінше қарсы болып көрген. Мен медициналық тұрғыдан түсіндіріп, дәлелдеген болдым. Қанша жерден қыздың өзі жақсы болғанымен, күндердің күнінде анасы сияқты араққа салынып кетуі ғажап емес қой. Тұқымқуалаушылық деген бар емес пе?! – деді құрбымыз. Осылайша тұрмысқа шығып, бағы ашылмақ қыздың анасының кесірінен күйеуге «өтпей қалған» жайы бар. Бұл бұл ма, тіпті сәбилерді асырап алайын дегенде де болашақ ата-аналардың оның арғы тегін, әке-шешесін сұрауы орынды саналатын көрінеді. Өйткені, қай тұрғыдан алғанда да текке тартпау әсте мүмкін емес. Бұдан «әйелдер мүлде арақ-шарап ішпеуі керек» деген ұғым тумайды, әрине. Сыйлы дастархандарда орнымен ішіп, ақыл-есін шашпайтын әйелдер де баршылық. Біздің айтып отырғанымыз – өзін, үй-күйі мен бала-шағасын ұмытып, естен тана ішу, ақырында маскүнем болып кету. Әйелдер, міне, осыдан сақтануы керек.

Үлкендеріміз «Қазақтың ұяты – қызында» дейді. Қыз деген – желкілдеп өсіп келе жатқан гүл, сұлу бойжеткен, қадірлі қалыңдық, сылқым келіншек, есті әйел, ақылды ана, қамқор ене, дана әже. Олай болса, қай жаста болсақ та, ар-ұяттан аттамайық, әйелдер. Өйткені, ел бізге қарайды…

Лиза СЕЙТІМОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз