ҚАУІПСІЗДІК САЛАСЫНЫҢ САРДАРЫ
Осы жерде тоқтала кеткен жөн, аталған телефон байланысы, оның жүйесі, құрал-саймандары, жабдықтары және онымен сөйлесу мемлекеттік құпия болып табылатындықтан, жұмысқа қабылданатын қызметкерлер жан-жақты тексеруден өтеді. Желінің маңыздылығы сол, сонау Ұлы Отан соғысы жылдары аталған құпия телефон жүйесінің мінсіз жұмыс істегендігінің нәтижесінде әскери операциялар ойдағыдай жүзеге асырылып, міндеттер мүлтіксіз орындалып отырған. Бұл жайттар сол отты жылдары туралы түсірілген «Победа» кинофильмінде терең көрсетілген. Сол жеңісте аталған құпия байланыстың да мол үлесі барын атап өткен жөн.
Тағы бір ерекше атап өтер жайт, жоғары жиіліктегі телефон станциясындағы барлық аппаратуралар құпия сертификаттаудан өткендіктен, онымен жұмыс істейтін қызметкерлер арнайы оқулар мен қойылған түрлі қатал талаптар сынынан іріктелген жағдайда ғана қызметке қабылдана алады. Солардың бірі болған Бақтығали ағамыз осы салада отыз бес жыл еңбек етіп, 1995 жылы зейнеткерлікке шықты. Ол өзіне бекітілген құпия жабдықтардың мүлтіксіз қызмет істеуін сауатты бақылаумен қатар, жас техник мамандарға үлгі бола білді. Құпия телефон желісі жүйесін жаңартуда өнертапқыштық ұсыныстар беріп, оны жүзеге асыруда өзіне тән ұйымдастырушылық қабілетін әріптестерінің арасында көрсете білді.
«Бәкеңнің құпия телефон ісінің ұқыпты қызметкері болғанына ешкім таласа алмайды, ол өзін баяғыда-ақ мойындатқан», — деген пікірді тікелей бастығы болған полковник А.Диденко және басқарма бастығы марқұм генерал Б.Саппаевтың айтқаны әлі есімде.
Теңдесі жоқ алып Теңіз мұнай кен орнындағы құпия мәліметтер аталған телефон арқылы хабарланатын болғандықтан, шет елдердің арнайы барлау органдары осы байланысты бұзып, мәліметтер алуға шындап құмартқан еді. Алайда, мемлекеттік құпиялардың құндылығын жақсы ұғынған, оларды сақтаудың маңыздылығын терең түсінген бұл желінің қызметкерлері олардың әрекеттерінің жүзеге асуына мүмкіндік берген жоқ, мұнда да Бәкеңнің қосқан үлесі бар деп білемін.
Сайып келгенде, Бәкең кісілігінің түп тамыры қарапайым жанұяда туып-өсіп, еңбек адамдарының ортасынан шығып, ұлттық қауіпсіздік департаментінің құпия байланыс саласының кәсіби маманы лауазымына дейін қызмет баспалдақтарының бәрінен сатылап көтерілгендігінде жатыр. Әскери тәртіп – Бәкеңнің бір мінезі. Оның бойынан құпия қызмет сіңірген тәртіп пен орнықтылық қарапайым өмір салтында да үлкен орын алды. Өмір жолындағы кейбір қиындықтар оның көңіліне еш кіреуке түсіріп көрген жоқ. Сол ақжарқын ажары, бетінің әрі, көзінің нұры таймаған, жүзінде шаттық шалқыған бақытты ақсақал. Бәкеңнің бүгінде тәнті қылатын бір қасиеті – үлкенмен де, кішімен де тез ұғысатын, бас қосқан жерде өмірінің қызықты сәттерін жарасымды әзіл-қалжыңмен қатар жас буын ұрпаққа өнеге тұтарлық мақал-мәтелдермен айтып ортамызды толтырып отыратындығы.
Бүгінде сексеннің сеңгірінен көрініп отырған Бәкең «Адалдыққа, шындыққа, тазалыққа қарсы атылған оқ ешқашан да діттеген жеріне тимейді» деп отырады. Адалдықтың ақ туы ешқашан да таймайтынына кіршіксіз сенетін ағамыздың ақ пейіліне біздің де қосылғымыз келеді, қай жерде де әділеттіліктің зұлымдықты жеңгенін, адамшылықтың биікте қалғанын қалаймыз.
Кезінде «Коммунистік еңбек екпіндісі», «Еңбек ардагері» атақтарын абыроймен иеленген Бәкең бүгінде «Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері», бірнеше төс белгілер мен грамоталардың иегері. Елге сыйлы ақылшы аға қазіргі күні Бәтес бәйбішесімен ұрпақ өсіріп, бүтін отбасының бәйтерегі болып отыр.
Мүтәлі ТӘЙТЕНОВ,
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагері.