«Әр нәрсенің болады шекарасы»

n imam Қоғам

Бүгінгі жас буынның ата-бабадан мұра болып келе жатқан Ислам дініне деген ынталары ерекше екендігі байқалады. Осы орайда таза діннің мөлдір бұлағынан сусындатып, жастарға ерекше ықпал ете алатын басты тұлғалардың бірі ­– дін қызметкері екендігі белгілі.

Биыл облыстық ішкі саясат басқармасы жылдық жоспарды қалыптастыру бағытында жылдың ішінде «сөзі дуалы, жастарға, халыққа айтары бар тұлғалардан кімді көргіңіз келеді?» деген сауалнама ұйымдастырған кезде, облыс тұрғындарының таңдауы Нұрлан Байжігітұлына түскен болатын.

Бауырмалдық – басты қасиет

Соңғы кезде әлеуметтік желілер арқылы жастарға кеңінен танылып үлгерген имам осы аптада атыраулық жұртшылықпен жүздесті.

Бұған дейін республиканың бірнеше өңірін аралап келе жатқан дінтанушымен кездесуге жиналған халықтың қарасы көп болды.

Кездесуде алғаш болып сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлнұр Сүйеуова рухани кештен үлкен әсер алып тарқасуға тілектестік білдірді.         

Сөз тізгінін алған имам жылы шырай танытып, зор қошеметпен қабылдап жатқан дүйім жұртқа ерекше алғысын білдіріп, жастардың тәрбиесінен бастап, имандылық, үлкенге құрмет, кішіге қызмет, ел бірлігі, ата-баба дәстүрі, Ислам дінінің құндылықтары туралы әсерлі әңгіме, өмірінде кездескен әртүрлі жағдайларды мысал ете отырып, ұлағатты насихатын айтты.

Әсіресе татулық, бауырмалдық туралы насихаты бүгінгі қоғамдағы ең өзекті тақырып екендігін халықтың ұйып тыңдаған ықыласынан аңғаруға болады.

– Қазақ елі – тамырын тереңге жайған мұсылман елі. Біздің халқымыз Жаратқанды шынайы жақсы көрген, бауырмашыл елміз. Алайда, бүгінде кей жағдайда бауырмашылдығымыз сәл ақсап тұратындығын жасыра алмаймыз. Пайғамбарымыз Мұхаммед өзінің хадисінде: «Ең жақсы мұсылман тілімен және қолымен ешкімге зияны тимеген адам» деген. Адам баласының тілінен, қолынан жаманшылық көрсе бұл қай мұсылмандықтың көрінісі… Тіпті Пайғамбарымыздың үстіне жаңа сойылған түйенің ішек-қарнын төгіп жіберсе де ештеңе демей үстін сүртіп, кете берген екен. Біздің аталарымыз сол қасиетті бойына сіңіріп, «таспен атқанды – аспен ат» деген. «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген елміз. Біз дос болсақ соңына дейін дос болып, қас болсақ соңына дейін қастасып өтіп жатамыз. Мінекей, біздің қателігіміз осында. Әр нәрсенің шекарасы болуы қажет. Адам баласының көпшілігінде әйтеуір бір реніш бар. Уақ-түйекке бола реніш білдіріп жатады. Көп адам бір-біріне жасаған жақсылығын міндет қылып жүреді. Алла тағала Құран Кәрімде: «…мұсылмандықтарыңды маған міндет қылмаңдар…», – деген. Алла тағала біздің жақсылығымызға мұқтаж емес, оның барлығы өзіміз үшін. Сондықтан, қай нәрсенің де байыбына барып, ойланып әрекет етуіміз қажет, – деді дінтанушы.

Содан соң, отбасы құндылығы, мемлекеттілікті құрайтын факторлар туралы кеңірек сөз қозғап, алдыңғы өткен ізгі адамдардың ғибратты өмірінен мысалдар келтірді.

Білім – мұсылманның қаруы

Нұрлан Байжігітұлының дін мен дәстүрді ұштастырып, желідегі жұртшылықтың жүрегіне жол тауып, сан түрлі сауалдарына жауап беріп жүрген сөздері бүгінде халықтың көкейінде жатталып, елдің аузында жүр. Кездесу барысында TikTok-қа тіркелуіне әлеуметтік желідегі қазіргі балалар мен жасөспірімдердің іс-әрекеті, тәрбиесі себеп болғандығын айтады.

n2

– Қазіргі заманда TikTok жастардың отыратын кеңістігіне айналып үлгерді. Ол жерде аналарының бетіне торт басып, мазақтап жатқан балалар, қаннен қаперсіз ұйықтап жатқан адамды оятып алып «танкінің кілті қайда?» деп адамдардың зәре-құтын қашырып жүрген жастарды көріп жүрміз. Ал, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед, оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын, ұйықтап жатқан адамды қорқытуға тыйым салған еді ғой, – деді Нұрлан имам.

Кездесуде көрермендер тарапынан сұрақтардың да легі көп болды. Олардың қатарында садақа беру, тағдырға сену, жастар арасындағы суицид туралы тақырыптар бар еді.

– Пайғамбарымыздан Алланы разы қылу үшін не істеу керектігін сұраған кезде, ол: «Аллаға құлшылық қыл, қарны ашты тамақтандыр» деген екен. Қазақ халқы осы өсиетке сай нан арқылы садақа беріп отырған. Сондықтан қарны аш жоқ-жітіктердің, жетім мен жесірлердің көңілін көтеру үшін садақа ретінде берілсе оның ешқандай сөкеттігі жоқ, – деген дінтанушы мұсылман адамның тағдырға сенуі керектігін, өйткені өмірдегі жақсылық пен жамандық Алладан екендігін де тілге тиек етіп өтті.

Тыңдармандарды толғандырған сұрақтың бірі қазіргі кездегі дін мен дүниелік білімнің ара-жігі туралы болды. Сұрақ қоюшының сөзінше, бұл мәселеге кеңірек түсіндірме бермесе тарылтып жүрген адамның қарасы көп екен.

– Әлбетте, мұсылман адам дінін де, дүниесін де қатар алып жүруі қажет. Ислам діні басыбайлы дін ұстанып, дүниеден безуге шақырмайды. Мәселен,    АҚШ-тағы ғылымы дамыған Колумбия округінің өзінде 8200 мешіт бар екен. Ол жердегі мешітке кірсеңіз ішіндегі жамағатының көпшілігі оқыған-тоқыған адамдар көрінеді. Оларға қанша жерден Ислам дінін жаман жағынан көрсеткісі келсе де соқыр ілесе бермей, өздері ізденеді. Ал, Еуропа мен Америкада ең көп қойылған  есім Мұхаммед екен. Демек, олар оқып, зерттеп қана көз жеткізеді.

Айтақшыға ілесе бермеу қажет. Сахаба Омардың өзі де мұсылмандарды дүниелік жұмыстарын істеуге шақырып, намаз уақыты кірмей мешітте отырмауға шақырған кезі болған. Қазіргі таңда қоғамда шешімін таппай келе жатқан орамал мәселесінде де орамал таққан балалардың ата-аналары балаларын «оқытпаймыз» деп жатқан жоқ қой, орамал тағып оқуға ынта білдіріп жатыр. Өйткені, Алланың Өзі Құранда «Оқы! Сені жаратқан Раббыңның атымен!», делінген. Сондықтан бір адамның қателігіне бола дінге, ұлтқа күйе жағылмауы қажет, – деді Нұрлан Байжігітұлы.

Белгілі дінтанушының Атырау облысындағы сапары Индер, Махамбет аудандарында жалғасты.

Алмас ҚАБДОЛОВ,

Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз